Жақын арада футзалдан «Ақтөбе» клубы Чемпиондар лигасының 1/16 финалында Грекияның астанасы Афина қаласында жергілікті «АЕК» командасымен кездеседі. Осыған орай команда басшысы Мәлік Мақсатұлы команданың қалай дайындалып жатқаны туралы айтып берді.
- Дайындық қазіргі таңда штаттық режимде өтіп жатыр. Ел біріншілігінің 3 айналымынан кейін ойыншыларға шамалы демалыс берген болатынбыз. Дегенмен қазіргі таңда жаңа жылдық мерекеден кейін жаттығулар күніне 2 мәрте болып жатыр.
- Қазіргі таңда барлық ойыншылар команда сапында ма? Жарақатына байланысты қай ойыншылар қатыспайды?
- Өкінішке орай жарақатына байланысты бара алмайтын ойыншымыз бар. Оның бірі Евгений Валенко. Евгенийдің аяғына жақында ғана Алматы қаласында күрделі ота жасалды. Қайта оралатын уақыты әзірге белгісіз.
- Чемпиондар лигасында команда алға қандай мақсаттар қояды?
- Біздің мақсатымыз - Чемпиондар лигасының келесі кезеңіне өту, орайы келсе ең мықты 8 команданың бірі болу. Сол үшінде қазіргі таңда бізде 2-3 ойыншы қаралымда жүр. Оның бірі бразилиялық ойыншы. Бас бапкер қай ойыншыны лайық деп санайды, сол команданы толықтырады деп ойлаймын.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін футзалдан грекияның «АЕК» командасы алдын-ала ойында әзірбайжандық «Араз» командасын ұтып шыққан болатын. Ал «Ақтөбе» командасы үздік он команданың бірі ретінде чемпиондар лигасының 1/16 финалына тікелей жолдама алғандардың қатарында.
Біздің серіктес: FONBET