«Мараканадан» «Аренаға» дейін

04.03.2011, 22:20
«Мараканадан» «Аренаға» дейін

немесе «бесінші мемлекетте» білім алып жатқан жас футболшының жазбалары Мұхтар Әуезов!… Осы бір ұлы есімді қадірлеп, қастерлемейтін қазақ жоқ. Халқымыздың рухани биік шыңына айналып, оның данышпан перзенті – Абайды әлемге танытқан кемеңгер тұлғаның әдеби мұралары әр шаңырақта, әр отбасында тұмардай сақталып келеді. Дүниеге келген ұрпағына телегей-теңіз ұлылықтың тамшыдай болса да шарапаты тисе деп ырым етіп ұлы адамның есімін бергендер қаншама!?.. Сондай ұландардың бірі – жас футболшы Мұхтар Қалымбетов. Ол 1913-14 жылдары Семейде тұңғыш құрылған «Ярыш» командасының ойыншысы болған Мұхтар Әуезов атасының жолын қуып, аяқдоп ойынының қыры мен сырын меңгеру үшін өзі сияқты бір топ қарадомалақпен бірге Бразилияда футбол әліппесін үйреніп жүр. – Менің атам бір жиында Мұхтар Әуезовпен табақтас болып, әңгімелерін тыңдап, даладай дархан ұлы адамның болмысына қатты риза болған екен. Содан «немерелерімнің біріне осы кісінің атын қойсам» деп армандап жүреді. Мұхтар есімі маған бұйырыпты, – деп жазады футболшы бала өз күнделігінде. Футболға қалай келгенін, Бразилияда жүріп көрген-білгенін көк дәптерге түртіп отыратын Мұхтар Абайұлы Қалымбетов ой-әсерлерін «Нұр Астана» газетінің оқырмандарымен бөлісуге ниет етіпті. Онысын біз де құп көрдік. Мен неге футболды таңдадым? 2003 жылы үшінші сыныпта оқып жүргенде әкем мені Шымкенттегі Фосфоршылар сарайына ертіп барды. Есік алдында доп қуып, ақ тер көк тер болып, ересек балалардың соңынан қалмай жүгіріп жүретін менің аяқ алысымнан бірдеңенің ұшқынын байқады ма екен, жетектеген бойда Тұрмахан Ахметұлы дейтін кісінің қолына табыс етті. Сөйтсем, ол ағай осы Фосфоршылар сарайындағы футбол клубында жаттықтырушы екен. Бірден арқамнан қағып, жылы қабылдады. Көшедегідей емес, шағын футбол алаңына шыққанда кәдімгідей арқаланып қаласың. Және бей-берекет жүгіре бермейсің, дене қыздырып, біраз терлеген соң, рет-ретімен түрлі жаттығулар жасаймыз. Менімен жасты балалар жеке іріктелген. Бұл – бір команда деген сөз. Бірте-бірте өзіміз құралпылас балалар командаларымен кездесіп, ауыларалық, аудандық, қалалық, облыстық жарыстарға қатыса бастадық. Аяқ алысымыз жаман болмаған сияқты. Әйтеуір, түрлі жарыстарда жүлделі орындар алып жүрдік. Бұл жағдай менің футболға деген құмарлығымды одан сайын арттыра түсті. Оның үстіне әкем мені жігерлендіріп, «сенен түбі жақсы футболшы шығады» деп мақтап отырады. Кейде кемшіліктерімді де айтады. Қалайда менің ынта-ықыласымды жандырып, қамшылап қоюдан жалықпайды. Фосфоршылар сарайында үш жыл футбол әліппесін үйреніп, Бішкек, Астана, Ташкент қалаларында болған ойындарға қатыстым. Балалар командалары арасындағы мұндай жарыстар біздерді айтарлықтай шынықтырды. Ойынға дайындалып жүріп, күш-қуатымызды толықтырдық, ал бәсеке кезінде намысымызды қайрап үйрендік. Бұл – жаттықтырушымыздың қоятын талабы. Дәл осындай талап мен 2006 жылы «Локомотив» клубына барғанда да алдымнан шықты. Фосфоршылар сарайындағы клуб жабылған соң әкем мені осында әкелген. Арсен дейтін жаттықтырушы ағай доп тебе алатын ыңғайымды байқап, бірден өз клубына тартты. Ол кісіден басқа Ғалымжан, Әмірбек ағайлар көп нәрсеге көзімізді ашып, футболдың жай доп тебу емес, үлкен өнер екендігін ұғындырды, ала допты ақылмен қуа білуге жаттықтырды. Мұнда да балалар арасында өткен жарыс-тардан еш қалғанымыз жоқ. Бара-бара ауладағы бала құмарлықтың аясы кеңи түсті. Өйткені, біздің әрқайсымыздың еліктейтін кумирлеріміз болды. Кейде бір-бірімізді солардың атымен атайтынбыз. Қазақстанның футбол клубтарын былай қойғанда, әлемдік деңгейдегі командалар, атышулы футбол құрамалары, футбол «жұлдыздары» туралы мәліметтер басымызда сайрап тұрады. Теледидардан әлемдік доп додаларын қалт жібермейміз. Және онымыз күні бойғы әңгімеге азық. Сөйтіп футболдың сиқырлы әлемі бізді өзіне мүлде баурап алды. Роналдо, Рональдино, Роберто Карлос, Месси сияқты «жұлдыздар» футболшы болғысы келген әр баланың санасына шырақ жаққандай десем артық айтқандық емес. Өйткені қай-қайсымыз да солар сияқты ала допты ұршықша үйіруді армандадық… Бразилияда оқуға талпыныс Ойламаған жерден арманым орындалды. Үш ұйықтасам түсіме кірмейтін жаңалық – Бразилияға оқуға баратын болдым. Оқу болғанда қандай, жас футболшылар даярлайтын мектеп. Осыдан екі жыл бұрын, 2009 жылы Алматыда 1994 жылы туған футболға қабілеті бар балаларды іріктеу ойындары өткен. Еліміздің әр түкпірінен 85 бала келді. Бәрі де Пеленің отанына баруға талпынды, бәрі де дәмелі болатын. Өкінішке қарай, бұл оқуға 26 баланы ғана алады екен. Сондықтан барымызды салып, шеберлігімізді көрсетуге тырыстық. Бұл – «Оле Бразил Клаб» аталатын футбол академиясы. Кейбіреулер сол кездің өзінде-ақ оқу орнын соншалықты күштілердің қатарында емес деп те жүрді. Бірақ үлкен футболшы болуды армандаған қазақ баласы үшін футболдың майын ішкен «қара маржандармен» қатар жүріп, доп тебуді үйрену бір мәртебе еді. Ақыры футболшы болуға лайықты деген балалар таңдалып алынды. Олардың дене әлеуеті, денсаулығы, икемділігі, доп тебу мәнерінің қалыптасуы сияқты бірқатар маңызды шарттар қатаң ескерілді. Бразилиялық мамандар мұндай мәселеге атүсті қарамайды екен. Ақыры бағы жанған 26 баланың есімдері аталды. Солардың қатарында мен де болдым. Шымкенттен алты бала келсек, соның үшеуі – мен, Қалқожа және Бақытжан комиссияның қорытындысы бойынша сыннан сүрінбей өттік. Өмірімде жүрегім жарыла қуанғаным сол шығар. Маған футбол әлемі шын мәнінде есігін айқара ашты. Алыс елге сапар 2009 жылы наурыздың бірі күні алыстағы Бразилияға аттануға жиналдық. Қаншама адам келіп шығарып салды. Ата-аналар, туған-туыстар, дос-жарандар… Сол жолы бұл мәселенің мемлекетаралық үлкен іс екенін түйсіндім. Екі ел басшыларының келісімі бойынша қазақ балалары Солтүстік Американың ең бай елдерінің бірінде, футболы өркендеген елде үш жыл тәлім алады. Керемет қой. Шығарып салғандар қатарында Бразилияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Федерико Мейер де болды. Сол жерде жиналыс ашылып, жиналған қауым бірінен соң бірі жол болсын айтты. Көп кешікпей алып лайнерге бет алдық. Артымызға қимай-қимай көз тастап барамыз. Ата-аналардың көпшілігінің көзіне жас іркілген. Бірінші рет жер түбіне шығып бара жатқан баласы үшін алаңдап, бір жағынан қуанып тұрған аналарымыздың жүзін әуежай әйнегі біртіндеп жасыра берді. Ұшақ іші өте кең екен. Қаз-қатар отырған жолаушылар таңырқай қарап қояды. Әбден жайғасып болған соң, бір кезде лайнер жұлқынып ала жөнелді. Жүрегіміз бірге қозғалғандай. Ұшақ терезесінен артта қалып бара жатқан әсем Астанаға соңғы рет көз тастадық. Басқаны білмеймін, біртүрлі көңілім бұзылғандай болып, әлдебір қимастық сезім жүрегімді сыздатқандай болды. Бразилияға жол тым алыс екен. Алдымен ұшағымыз Германияның Майндағы Франкфурт қаласы халықаралық әуежайына қонды. Осы жерде он сегіз сағаттай аялдадық. Әуежай – Еуропадағы ең ірілердің бірі. Ол жолаушылар тасымалдау жағынан Лондонның «Хитроу» әуежайы мен Париждің «Шарль де Голь» әуежайынан кейін үшінші орында тұрады. Үш бірдей ұшу алаңы бар. Олардың әрқайсысының ұшу-қону алаңының ұзындығы 4 шақырымнан. Бес бірдей күту залы бар. Аса ірі әуежайдың өзін күні бойы аралап, қызықтап тауыса алмайтын сияқтысың. Он сегіз сағат тез өте шықты. Әуе кемесіне қайыра жайғасып, Франкфурттан Бразилияға дейін 12 сағат ұштық. Сөйтіп, Бразилияның Сан-Пауло штатындағы Риберау-Претто (Riberao-Pretto) қаласының әуежайына келіп қондық. О, Бразилия! Біз үшін жұмбақ та, қызық ел. Сен бізді неңмен таңғалдырып, неңмен қуантасың, неңмен ренжітер екенсің?… Сол бір сәт, ұшақ сатысынан түсіп келе жатып айналаға көз салған кезде көкейімізде дәл осындай ойдың тұрғаны анық еді… (Жалғасы бар)

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×