Мараканадан «Аренаға» дейін-3 Сантосқа сапар

14.04.2011, 16:43
Мараканадан «Аренаға» дейін-3 Сантосқа сапар

Қалай дегенмен де, Пеленің туған қаласына жасаған сапарымыз естен кетпейді. Футболға құмартып өскен балалардың бойында сол сәтте ерекше бір сезім пайда болды. Бір түрлі арқаланып, серпілгендей, бір-бірімізге көргенімізді көпке дейін айтып жүрдік.

Сантос қаласы Сан-Паулудан 54 шақырым жерде. Автобуспен 2 сағатта жетіп бардық. Жол бойы жасыл желек, субтропикалық өсімдіктер. Автобус әйнегінен әдемі көрінеді. Мұхит жағалауындағы Гуайао және Гуайбе деп аталатын екі үлкен аралға орналасқан қаланың көшелерін кей тұста екі жағынан да су қоршаған. Бастаушымыздың айтуына қарағанда, Баия ос Сантос шығанағының кеме тоқтайтын бухталары қалаға сұғына еніп жатады. Көптеген ұсақ аралдар аралығында шағын кемелер қатынайды. Өте сұлу жер екен, туристер көп келетін көрінеді. Мұхит жағалауында жеті шақырымға дейін созылып жатқан пляж туристер мен қалалықтар дем алатын сүйікті орын. Пляждың сарала құмынан кейін бірден биік-биік көпқабатты үйлер басталып кетеді. Бізді біраз қызықты жерлерге апарды. Көп нәрсе мұхитпен байланыстырылған. Мұхит мұражайы, аса үлкен аквариум, балық аулау өнері мұражайы дейсің бе, толып жатыр. Бұл Сантос қаласының аса ірі теңіз порты болуына байланысты сияқты. Дәл осы қалада 1940 жылы әлемге әйгілі футболшы Пеле туған. Оның әкесі Жоао Рамос ду Насименту да футболшы болған екен. Пелені бала кезінде үй іші Дико деп атапты. Жас кезінде тұрмыстары ауыр болып, жеті жасар Дико аяқ киім тазалаушының жұмысын атқарған. Сантос стадионындағы Пеле мұражайында болғанда осы жайларға қанықтық. Мұражай қызметкерінің аузынан шыққан әр сөзі зердемізге құйылып жатыр. Мәселен, ұлы футболшыға Пеле деген ат қалай берілген? Бұл туралы мынадай қызықты оқиға бар екен. Кедей кварталдың балалары күнделікті кәдімгі шұлыққа жүн-жұрқа толтырып доп жасап ойнайды. Сондай күндердің бірінде Дико апельсинді басына қойып, қайтадан кеудесіне түсіріп жаттығып жүреді. Мұны көрген көрші түрік «Пе-ле, пе-ле» деп басын шайқапты. Бұл ақымақ дегенді білдірсе керек. Бірақ түріктің «пе-ле» сөзі қазақтың «пәлі», «пәле» деген сөздерінен шыққан сияқты көрініп мәз болдық. Пелені өзімізше қазақпен байланыстырғанымыз ғой. Пеле Бразилия құрамасының сапында 1958, 1962 және 1970 жылдары үш рет қатарынан әлем чемпионы атанған. «Сантос» клубында жүріп, 1961 жылы ол «Флуминсе» командасының ойыншыларын түгел алдап келіп гол соққан екен, ол «ғасыр голы» аталыпты. Бәрі қызық, бәрі таңғаларлық. Пеленің мұражайын аралап жүріп көп нәрсеге қанығасың. «Сантос» пен «Космос» командаларының құрамында барлығы 1282 ойын өткізіп, 1364 доп соққан футбол королінің көпшілік біле бермейтін қызықтары да көп. Мысалы 1964 жылы ол «Ботофаго» клубының қақпасына бір ойында сегіз гол соғыпты. Оны былай қойғанда, бір ойында отыз рет төрт голдан соққан, төрт рет бес голдан соққан. Осы кереметтігіне еріксіз таңдай қағасыз. Пеле күні бүгінге дейін ең талантты футболшы саналады. Рас, аргентиналық Мародонаны Пелеге теңейтіндер бар, бірақ Пеленің аты — Пеле! Оның ойынында осал жер жоқ сияқты, доп сиқырын бәрінен үздік меңгерген. Ол туралы фильм түсіріп жатқан режиссер Пелеге белгілі бір нүктелерді нұсқап допты тоғыздыққа соғуды сұраған екен. Сонда Пеле кез келген жерден режиссер көрсеткен тұсты дәл көздеп беріп отырған. Ғажап!… Сантоста болған күн есімізден мәңгі шықпайтын шығар… Біздің қазақтың да өз «Пелесі» шығар күн туар болашақта. Өз жатақханамызға қайтып оралғанда осындай тәтті қиялдың жетегінде жүрдік. Ел құрамасы сапында Біз Пелеге таңдай қаққанымызбен оның отандастары бізге таңдай қақты. Әу баста, «қазақтың балаларынан не шығар дейсің» деп мұрнын шүйіріп қарағандар амалсыз бізді мойындауға мәжбүр болды. Доп тебе алатынымызды бәріне көрсеттік. Бразилиялық балалар командаларының біразын тізе бүктірдік. Ең алғаш «Сертаузия» командасымен ойнап, 2:1 есебімен ұттық. Сөйтіп, бразилиялықтарды бірінші жеңген қазақтың футбол ұжымы ретінде тарихта қалдық. Бәрінен есімде ұзақ сақталатын салтанатты сәт — Сан – Пауло штатының чемпионы болған кезде алаңды айналып, Қазақстанның көк туын алып жүгіргеніміз. Өзімізді әлем чемпионы болғандай сезініп, сондай қуандық. Бразилияға бекер келмеппіз, біз де мықты екенбіз деген ой кәдімгідей еңсемізді көтеріп тастады. Осыдан кейін-ақ бапкерлердің көзқарасы өзгере бастады. Тіпті, олардың кейбіреулерінің аузынан «қайдағы бір қазақтар бірінші орын алды» деп күйінген әңгімені де естіп қалдық. Қанша дегенмен, олар да намыстанып қалған ғой. Елдің бәрін жеңетін жас футболшыларының сүрініп кеткені жандарына батқан сияқты. Чемпиондық марапаттау рәсімі «Ипанема» атты демалыс үйінде өтті. Сол жерде біздің қолымызға кубокты «Сан-Пауло аруы» атанған сұлу қыз табыстады. 2009 жылы күзде арамыздан үздік 6 баланы іріктеп алып, Қазақстан құрама командасының сапында өнер көрсетуге шақырды. Алтаудың бірі болғаныма қатты қуандым. Әсіресе, үй жақтан ата-анам, туған-туыстарым риза болып, жақсы тілектерін арнады. Олардың сенімін ақтағаныма өзімді бақытты сезіндім. Сөйтіп, Литва, Беларусия елдерінде ойнап қайттық. Бұл мен үшін үлкен мәртебе болды. Айтпақшы, «Оле Бразил Клаб» академиясында жақсы ойнағанымыз үшін Рио-де Жанейро қаласына үш күнге қыдыртуға апарды. Бұл туралы әңгіме бөлек. Сол турнир барысында мен және Берік Шаханов деген бала «Оле Бразил Клаб» футбол академиясымен келісімшартқа отырдық. Өйткені, ойындар барысында оқу орнының білікті мамандары әр баланың ойынын сырттай жіті бақылап жүрген екен. Ойынымыз ұнаған көрінеді, сонымен біз ойламаған жерден академияның құрама командасында ойнайтын болдық.. Футболдағы қадам осылай баспалдақтармен көтеріле беретін сияқты. Ең бастысы жалықпай еңбектену керек. Ізденіс, дене әлеуетін арттыру, тынбай тер төгудің нәтижесі ойлаған мақсатқа жеткізеді. Сан-Паулодағы халықаралық турнирде біз Бразилияның барлық шаттарының чемпиондарымен ойнадық. Олардан бөлек Аргентина, Парагвай, Канада, Колумбия командалары да келді. Бұл турнир де біз үшін үлкен тәжірибе болды. Өкінішке қарай, сол жолы жартылай финалда Боливиялық 17-18 жасар футболшыларынан ұтылып, жарыс жолынан шығып қалдық. Атақты Рио де Жанейро Жеңіс тойының дәмі ерекше… «Оле Бразил Клаб» академиясының президенті ақша бөліп, үш күндік демалысқа Рио де Жанейроға жібергені қандай керемет болды. Рио… туралы айтып тауыса алмайсың. Қала сонау 1565 жылы іргетасын қалапты. Португал тілінен аударғанда ол «Қаңтар өзені» деген сөз екен. Өйткен себебі, португалдықтар алғаш рет бұл жерге қаңтар айында Гуанабара бухтасы маңында түскен көрінеді. Содан осылай аталып кеткен. Ал жергілікті халық төрт ғасырылық тарихы бар қаланы ерекше жақсы көреді. Және «Cidade Maravilhosa» деп атайды. Қазақша мағынасы — «Кереметтер қаласы». Қала шын мәнінде сұлу, көз тартарлық екен. Ол тау шоқыларының аралығына джунгли ормандарымен көмкеріле орналасқан. Өте үлкен мегаполис әлемдегі ең әсем қалалардың бірі көрінеді. Тамашалаймын деген адамға не түрлі ғажайып орындары бар. Жол бастаушымыз автобуспен қаланы аралатып жүріп солардың бірқатары туралы айтып берді. Мысалы, қала ішіндегі Коркаваду тауының биіктігі 710 метр екен. Соның үстін Христостың ескерткіші орналастырылған. Одан кейін «Қант басы» тауы — 395 метр. «Тижука» тропикалық саябағындағы қалалық ұлттық қорықта өсімдіктің 900 түрі, сан-алуан жануарлар бар көрінеді. Пляж деген жетерлік. Толып жатқан мұражайлар қандай? Бізді ерекше қызықтырғаны дүние жүзіндегі ең үлкен стадион — Маракана стадионы болды. Сондағы мұражайды, Маракананың атақты алаңын тамашаладық. Бүкіл әлемге Маракана атауымен тарағанымен стадионның ресми аты Марио Филью екен. Білетіндер қазір Маракананы сиымдылығы жағынан екінші орында десті. Бірінші қайсы сонда? Сол жердегілер мардымды ештеңе айтпады. Бірақ біз кейін интернеттен іздестіріп отырып, ең үлкен стадионды таптық. Ол — Эквадор республикасындағы «Монументаль Исидро Ромеро Карбо» стадионы. Маракананың бірінші орыннан айрылып қалуы оны қайта жөндеуге байланысты болып шықты. ФИФА-ның талабы бойынша бұрын қарақұрым халық сиысып отыратын жерлерге орындықтар қойылып, стадионның төбесі жабылып, 2014 жылға қарай 82 мың адам сиярлық етіп жөндемекші. Бұрын оны 200 мың адамдық стадион деуші еді ғой. Дегенмен, Маракананың сәулеті ғажап, тартымды. Мұнда Бразилияның талай-талай футбол жұлдыздары ойнаған. Керемет спорт аренасын тамашалап жүргенде бастап барған ағайлардың бірі бізге: — Бұл стадионда Қазақстаннан кім ойнағанын білесіңдер ме? — деп сұрады. — Жоқ… — деп таңғалып жарыса жауап бердік — Білмесеңдер естеріңде болсын, «Қайрат» командасының шабуылшысы Сергей Квочкин осы Мараканада КСРО футбол клубтары құрамасының сапында 1962 жылы Бразилия олимпиадалық командасының қақпасына гол соққан. Сол жалғыз доп КСРО-ға жеңіс сыйлады. Міне, керемет! Біз білмейтін деректер көп екен-ау! Соның бірі мына Мараканаға байланысты…. Маракана… Маракана….. Біз алып стадиоға қызығып қарай бердік. Сол бір сәт өзіміздің «Астана-Арена» ойымызға түсті. Отыз мыңдық стадионымыздың қазіргі заманғы «супер» стадион екендігіне тағы бір көз жеткізгендей кеудемізді мақтаныш сезімі кернеді. Қарт «Мараканадан» біздің жас «Аренамыз» уақыт үрдісіне толық жауап беретін сымбатымен еш кем түспейді екен. Соны байқадық…

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×