Марат Быстров: «Маған Фрэнк Лэмпардтың ойыны ұнайтын еді»

14.10.2020, 04:11
Марат «Ахматқа» ауысқаннан бері үнемі ұлттық құрамаға шақырту алып жүр.
Марат Быстров: «Маған Фрэнк Лэмпардтың ойыны ұнайтын еді»

Қазақстан ұлттық құрамасы мен ресейлік «Ахмат» клубының қорғаушысы Марат Быстров «Астанадан» кетуі туралы, сондай-ақ РПЛ командаларының басқа ұсыныстары туралы айтып берді.

28 жастағы футболшы ұлттық құрамадағы алғашқы ресми матчын Ұлттар лигасының бірінші турында Литваға қарсы өткізді. Қостанай облысының тумасы мансабын Ресейде бастаған, содан кейін "Тобыл" мен "Ордабасы" командаларында ойнады. Сондай-ақ, ойыншы өткен қыста "Астана" клубының орналасқан жерінде жаттықты, бірақ тек бақылау матчтарында ойнады.

- Марат, "Ахматқа" ауысу туралы нұсқа қалай пайда болды? Сізге кім бірінші қоңырау шалды?

- Бірінші бас бапкер Андрей Талалаев қоңырау соқты. Бұрын атап өткенімдей, мен онымен жұмыс істеп көргенмін. Ол қоңырау шалып, осындай нұсқа бар екенін айтты. Мен ұзақ ойланған жоқпын және келісімімді бердім. Содан кейін - клуб жетекшісі Бақтияр Байсейітовпен әңгімелестім. "Ордабасы" клубы маған кедергі жасамады.


- Бұған дейін БАҚ Сізді "Химки" немесе "Тамбовқа" ауысады деп айтқан еді.

- Мен "Тамбовпен" келіссөздер жүргіздім, бірақ Қазақстанда қалу туралы шешім қабылдадым. "Химки" туралы айтатын болсақ, Андрей Талалаев ол кезде сол клубта бас бапкер болып жұмыс істеді. Алайда, содан кейін команда премьер-лигадан шығып қалғандықтан, мен Ресейге кетпеу туралы шешім қабылдадым. Қазір мен "Ахмат" үшін ойнайтыныма қуаныштымын. Мен командадағы өз орнымды тауып, клубтың алға қойған міндеттерін орындау үшін көмектескім келеді.

- Сіздің кететіндігіңізді білгенде "Ордабасы" клубы Сізге ренжіді ме?

- Егер жазда шетелден ұсыныс түссе, мені еркін агент ретінде босатамын деген келісім болды. "Ахматтан" ұсыныс түскен кезде, Бақтияр Даниярұлы сөзінде тұрып, мені жіберді.

- Демек, өткен қыста "Астанамен" келісімшартыңызды бұздыңыз ба?

- Иә. Мен бірінші оқу-жаттығу жиынына қатыстым, жаттықтырушы маған сенетінін айтты. Ал екінші жаттығу жиынына барған кезде іс жүзінде бақылау матчтарында ойнаған жоқпын. Мен алаңға шыққым келді. Маған жалға кетуге де рұқсат бермеді. Нәтижесінде келісімді бұзу туралы шешім қабылдадым.

- Сізді қандай клубтар жалға алғысы келді?

- "Тобыл" және "Ордабасы".

- Сіз "Астана" сапында оқу-жаттығу жиыны кезінде ойнадыңыз. Сіз өзіңізді Қазақстан чемпионының негізгі құрамына ілінен аламын деп сезіндіңіз бе?

- Ойнай алатын ба едім, ойнай алмайтын ба едім, бұл туралы айта алмаймын, бірақ мен командада мүмкіндік алғым келді. Мен өз мүмкіндігімді пайдалануға тырыстым, ол үшін бәрін жасар едім. Екінші оқу-жаттығу жиынының нәтижелері бойынша командадан кету керек деп шештім.

- "Астанада" Сізді қандай позицияда ойнатты?

- Оң жақ қорғаушы ретінде ойнадым.

- Жақында әйгілі ресейлік жаттықтырушы Вадим Евсеев Грозный - футбол үшін тамаша қала, бірақ ойын-сауық үшін емес деді. Онда тұру Сізге ыңғайлы ма?

- Қала тыныш және жайлы. Тәртіптің бар екенін байқауға болады. Бұл шынымен де футбол үшін өте қолайлы жер. Барлық ой тек футбол және жаттығу туралы.

- Сіздің отбасыңыз әлі Магнитогорск маңында. Отбасыңызды үйге алып келуді жоспарлап отырсыз ба?

- Ия, менің отбасым - жұбайым және балам ата-аналарының қасында тұрады. Егер бәрі ойдағыдай болса, жаңа жылдан кейін, яғни оқу-жаттығу жиынынан кейін оларды Грозныйға апарамын.

- Өткен күні бұқаралық ақпарат құралдарында карантинге байланысты сіздің командаласыңыз Вилькер Анхель тоғыз ай бойы отбасымен кездеспеген, ал жақында ол жеті айлық қызын алғаш рет қолына алды деген жаңалықтар пайда болды. Ал Сіз қанша уақыттан бері отбасыңызды көрмедіңіз?

- Бес ай болып қалды. Соңғы рет Қазақстанда көрдім. Отбасың жақын жерде болса, жаның тыныш болады. Пәтерде немесе базада жалғыз қалған кезде бұл өте қиын. Күні бойы сіздің ойыңыз тек футбол туралы болады, бірақ кейде сізге алаңдауға тура келеді. Егер отбасың жаныңда болса, онда сіздің көздеріңіз жайнап, өзіңізді күшті сезінесіз. Бұл мүлдем басқаша.


- "Ахматта" әр елдің ойыншылары бар. Латын Америка, Африка, Балқан елдері, Еуропа және ТМД елдерінен келген легионерлер бар. Киім ауыстыру бөлмесінде көбінесе қай тілде сөйлеседі?

- Орысша секілді. Жергілікті жігіттер өз тілінде сөйлеседі. Мысалы, Антон Швец Испанияда ойнаған және осы тілде жақсы сөйлейді. Оңтүстік Американдықтармен испан тілінде сөйлесе алады. Көптеген адамдар ағылшын тілінде сөйлейді.

- Ал командада ойнайтын "Ахматтың" тәрбиеленушілері Сізді қалай күтіп алды?

- Жақсы адамдар. Барлығы өз көмегін ұсынуға дайын. Күнделікті өмірді айтайық. Келген кезде менде бос уақыт болмады. Мен барлық уақытты базада - қонақ үйде өткіздім. Содан кейін ғана мен қаланы жиі-жиі аралай бастадым

- "Ахматтың" жаттықтырушылар құрамы Сізді әрдайым әртүрлі позицияларда - қорғаныстың екі қапталында, орта шепте және шабуыл шебіне жақын жерде сынап көреді. Қай жерде ойнаған ыңғайлы?

- Менің ойымша, қорғаныста, өйткені мен бұған дейін қорғаныстың қапталында ойнадым. Онда мен өзіме сенімді боламын, менен не талап етілетінін білемін. Жалпы мен бас бапкер айтқан жерде ойнауға дайынмын. Мен ешқашан жаңа нәрсені білуді тоқтатпаймын. Серіктестерімнің бірі жарақат алған немесе дисквалификацияланған кезде, бізді олардың орнына қояды. Егер оң қапталдағы жартылай қорғаушы позицияны қойса ойнай беремін, қорғанысқа қойса да еш қиындықсыз ойнаймын. Ең бастысы - ойын практикасы.

- Олар сізді шабуылға жақындатқанда, гол немесе нәтижелі пас беру Сізге психологиялық тұрғыдан әсер ете ме?

- Бұл кез-келген адамға жағымды әсер етеді. Гол болсын, пас болсын - бұл адамға сенімділік береді.

- Бапкер ойыннан кейін Сізбен сөйлеседі ме, немен жұмыс істеу керек дейді?

- Әрине. Барлығының ойынын талдайды, қалай ойнау керектігін ұсынады. Біз Андрей Викторовичтен көптеген пайдалы ақпарат аламыз. Бізге қателіктер жібермеу үшін оларды көрсетеді. Кез келген адам қателесуі мүмкін. Оларды қайталамау маңызды.

- Қазақстанда Сіз резервтік стадиондарда, сапасы нашар алаңдарда ойнадыңыз. Қазір Сіз заманауи ареналарда ойнайсыз. Бұл факт сізге қандай да бір сенімділік береді ме?

- Шынымды айтсам, айырмашылық аспан мен жердей. Мәселен, "Локомотивке" қарсы сырт алаңдағы ойынды алайық. Матч алдындағы жаттығуға барғанымда мен таңғажайып көріністі, керемет алаңды көрдім. Инфрақұрылым, менің ойымша, футболға әдемілік сыйлайды. Сурет мүлдем өзгеше, жанкүйерлер үшін де бұл өте ыңғайлы.


- Қазақстанда жасанды алаңда үнемі ойнау Сізге қиындық тудырды ма?

- Негізінде, жоқ, өйткені мен Ресейдің екінші лигасында және жасанды алаңдар өте көп ФНЛ-де ойнадым. Мен Қазақстанға келгенімде бұған дайын болдым. Әрине, табиғи алаңда ойнау жағымды әсер етеді, бірақ менің ойымша, мұнда тұрған ештеңе жоқ.

- Сіз Қазақстан Премьер-лигасын бақылайтын шығарсыз. Сіздің ойыңызша биыл кім чемпион атанады?

- Барлық жағдай "Қайрат" чемпион болады дегенге келіп тұр. "Астанамен" өткен матч та көп нәрсені көрсетті. Елордалық команданың биылғы жылы тұрақты жұмыс істеуге мүмкіндік бермейтін мәселелері бар. Мен ҚПЛ туралы жаңалықтарды әлеуметтік желілерден біліп отырамын - Instagram, ВКонтакте. Мені Қазақстандық футболға қатысты барлық нәрсе қызықтырады.

- Олардың сіз туралы әлеуметтік желілерде жазатынына назар аударасыз ба?

- Көремін, бірақ мен оған мән бермеуге тырысамын. Туыстарым да оқиды. Оның ішінде бауырларым мен әйелім де бар.

- Сіз ҚПЛ-дің бір турында болатын бес ойынның қаншауын көре аласыз?

- Негізінен "Ордабасының" ойындарын көремін. Сонымен қатар, мен барлық матчтардың шолуларын қараймын. Еуропалық футбол? Сирек көремін. Жасы ұлғайған сайын, мұны көру үшін уақыт та азая береді.

- Әлемдік футболда кімнен үлгі аласыз? Дани Алвестен бе?

- Жоқ, мен үлгі тұтатын адам менің позициямда ойнамайды. Маған Фрэнк Лэмпардтың ойыны әрқашан ұнайтын. Мен ол үшін уайымдап, ойынын бақылап отырдым. Мен "Челсидің" жанкүйерімін. Бұрындары "ақсүйектерді" қолдап, команданың барлық ойындарын тамашалайтынмын. Қартайған сайын мен оған аз уақыт бөле бастадым.

- Сіз "Ордабасы" ойыншыларымен байланыс жасайсыз ба?

- Ия, мен бәрімен жақсы араласамын. Олардың ішінде Тоқтар Жаңғылышбай, Дамир Даутов, Игорь Трофимец және басқалары бар. Мен команданың жағдайын біліп отырамын. Не дегенмен "Ордабасы" мен үшін бөтен команда емес.

- Инстаграм парақшаңыз bmv_96 деген атпен белгілі. BMW маркасы Сізге ұнай ма?

- Жоқ, бұл жай ғана сәйкестік (күлді). Біреу бастапқыда білмеді және менен осы туралы сұрады. Ол жай ғана менің парақшамның аты ғана деп жауап бердім.

- Неліктен 96-шы нөмір? "Ахматта" да осы нөмірмен өнер көрсетесіз.

- Бұл менің әйелімнің дүниеге келген жылы. "Тамбовта" мен 96-шы нөмірмен ойнадым, және менің мансабымда белгілі бір серпіліс болды. Ол мен үшін бақыт әкеледі деп ойладым. "Тобылда" 92-ші нөмірмен, ал "Ордабасыда" 19-шы нөмірмен ойнадым. "Ахматта" мен 19-шы нөмірді алғым келді, бірақ ол бос емес еді. Мен ата-анамның туған жылын - 67-ні таңдау туралы ойладым, бірақ ол да бос болған жоқ. Нәтижесінде 96-шы нөмірді таңдадым. "Ахматтың" формасы да ерекше көрінеді, жасыл түсті. Барлығы бұл форманы мақтайды, өте стильді көрінеді.

- Отбасыңыз бен достарыңыз сізден өз атыңыз жазылған жаңа команданың формасын алып келуіңізді сұрады ма?

- Иә, он шақты форма жинау керек. Адамдар кезекте тұр. Бірінші сұрағандарға жіберіп қойғанмын.


Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×