Маусымның үздік қақпашысы анықталды

16.11.2021, 21:47
Қазақстан құрамасының қақпашысы Құралбек Ордабаев атындағы сыйлыққа ие болды.
Маусымның үздік қақпашысы анықталды

Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасы маусымды қорытындылауын жалғастыруда. 2021 жылғы маусымның үздік қақпашысын анықтау мақсатында лига OLIMPBET- Қазақстан Чемпионатында ойнаған клубтардың басшылары, бас бапкерлері және капитандары арасында арнайы сауалнама өткізді. 

Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдан бастап маусымның үздік қақпашысының жүлдесіне атақты отандық қақпашы, футбол ардагері Құралбек Ордабаевтың есімі берілді. 

Сауалнама қорытындысы бойынша маусымның үздік қақпашысына берілетін жүлде қарағандылық «Шахтердің» және Қазақстан ұлттық құрамасының қақпашысы Игорь Шацкийге бұйырды. 


«Шахтердің» капитаны чемпионатта 14 ойын өткізіп, оның бесеуінде өз қақпасын голдан аман сақтап калды. Сонымен қатар Игорь УЕФА Конференция лигасында 6 матч өткізді, аталмыш жарыс аясында ол екі рет ерлік жасап, «Колос» пен «Стяуа» командаларына қарсы ойындардан кейінгі пенальти сериясында өз шеберлегін паш етті. Оған қоса Игорьдің Қазақстан кубогінде өткізген бес ойыны бар. Аталмыш жетістіктер Шацкийге Қазақстан ұлттық құрамасы сапында алғашқы ресми кездесуін өткізуге тікелей септігін тигізді. Тәжірибелі қақпашы Финляндия мен Босния және Герцеговина құрамаларына қарсы ойындарында ұлттық құраманың қақпасын күзетті. 

Қазақстан Суперкубогімен қоса алғанда, Игорь өткен маусымда 29 кездесуде алаңға шығып, 33 гол жіберіп алды. Келесі екі аптада Шацкийді OLIMPBET-Қазақстан кубогінің жартылай финалындағы қарымта кездесу мен ықтимал финалдық ойын күтіп тұр. 


Үздік қақпашылар арасындағы екінші орын Александр Мокинге бұйырды. «Тобылдың» қақпашысы да осы маусымда Франция құрамасына қарсы ойында Килиан Мбаппенің пенальтиден жасаған соққысын қайтарып, есте қалды. Сондай-ақ тәжірибелі қақпашының «Хайдукке» қарсы УЕФА Конференция лигасының ойынында он бір метрлік соққыны қайтара алғанын жанкүйерлер мен мамандар ұмытқан жоқ. Жалпы, Александр 2021 жылғы маусымда Қазақстан Суперкубогін жеңіп алып, аталмыш жарыс аясында «Қайрат» пен «Астанаға» қарсы кездесулердегі пенальти сериясында басты қаһарман атанды. Бұдан бөлек ол OLIMPBET-Қазақстан чемпионатының алтын медалін жеңіп алып, турнирдің 26 ойынында 18 гол жіберіп алды.  Еурокубоктік және ұлттық құрама сапындағы ойындарды біріктергенде маусым қорытындысы бойынша Мокин 35 матчқа қатысып, 33 рет қақпасынан доп алып шығуға мәжбүр болыпты.


Маусымның ең мықты қақпашыларының үштігін «Қызыл-Жар СК» қақпашысы Мирослав Лобанцев түйіндеді. Ресейлік легионер екінші маусым қатарынан петропавлдық қоманда сапында өнер көрсетуде, сонымен қатар ол аталмыш ұжымның капитаны болып табылады. Лобанцев OLIMPBET-Қазақстан Чемпионаты аясында 25 ойын өткізді, сондай-ақ кубоктің бес кездесуінде өнер көрсетті. Қорытындылай келгенде, Мирослав 30 ойында өз қақпасына 28 гол жіберіп алды. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×