Менменшіл, ызақор және симулянт футболшы. Бұл Мессидің біз біле бермейтін көлеңкелі қырларының бір төбесі ғана

Аладоп.кз сайтының редакциясы әлемдегі ең үздік футболшы Лионель Мессидің әлсіз тұстарын әшкере қылмақшы.

Менменшіл, ызақор және симулянт футболшы. Бұл Мессидің біз біле бермейтін көлеңкелі қырларының бір төбесі ғана

Симуляция

Лионель негізінде аяқтан түртсе жасыл алаңда сүңги кететін ойыншылар қатарынан емес. Ол кей кездері тіпті қарсылас ойыншысы шалғыдай бұтқа оратылғанның өзінде де доптан ажырамай ойынды жалғастырып кете беретін. Алайда маңызды ойындарда Месси төрешіні алдаудан қашпайды. 

Мәселен, Копа Америка 2016 турнирінің Чилиге қарсы финалдық кездесуінде Месси қарсылас айып алаңында өтірік құлап, бірден пенальти күткендей кейіп танытты. Бірақта шабуылшының бұл ойы жүзеге аспады. Барлығын өз бақылауында ұстаған төреші аргентиналыққа сары қағаз көрсетті. Аталмыш финалдық ойында Лео бастаған “альбиселесте” ұжымы жеңіліс тапты. 

Месси бұдан кейін де өтірік құлауын доғармады. 2019 жылы "Барселонаның" "Боруссия" мен "Ливерпульге" қарсы матчтарында да футболшы талай рет симуляция жасағаны үшін ескерту алды.  Ютуб платформасында Леоның жалған әрекеттерінің топтамасы жетіп артылады. Сеңсеңіз де, сеңбесеңіз де - ерік сізде.

Кекшіл 

Мессиді ереже бұзбай тоқтату қорғаушы үшін көп сәттерде қиын. Бірақ бұл мәселеге бас ауыртпайтын Реалдың бір қорғаушысы бар еді. Ол португалдық - Пепе. Аргентиналыққа қарсы матчтарда ылғида дөрекі ойнайтын қорғаушы 2011/12 жылғы классикода өзінің лас, арам пиғылды әрекеттерінің бірін жүзеге асырды. Онда Пепе жасыл алаңда құлап, енді тұрайын деп жатқан Лионельдің қолын өкшесімен басып, оның жан-айқайын шығарады. Осы бір эпизодты есте қатты сақтап қалған аргентиналық Кеплер Феррейра Лимаға қарсы келесі кездесуге дейін кек сақтап қалады…

Король Кубогының кездесуінде Месси бірінші таймның аяқталар тұсында Пепемен допқа талас жүргізеді. Португалдықтың допқа бара-бара жақындай түскенін көрген шабуылшы ойланбастан қос аяғымен қорғаушының аяғына ұмтылады. Нәтижесінде португалдықтың аяғы сынуға сәл қалды. Пепені алаңнан дәрігерлердің көмегінсіз кете алмайтын күйге жеткізген Месси аталған матчта сары қағазбен шектелді. 

"Реал" жанкүйерлері

2011 жылғы эль-классиколардың бірінде "Барселонамен" "Бернабеуге" қонаққа келген Месси ысқырық шалынып, ойын басталысымен мадридтік команда жанкүйерлерінің гуіліне тап болды. Әншейінде сабырлы Лионель бір уақытта көзіне жын көрінгендей өзін бақылай алмайтын жағдайға жеткізді.

Айқай мен шуға құлақ етін үйрете алмаған футболшы алаңда допты ұстап қала алмайтынын біліп, снарядты аузы тыңбаған фанаттардың тобырына дәлдеді. Мессидің осы бір әрекетіне қапалы болған "Реал" аяқдопшылары бірден шабуылшының жағасына жармаса кетті. Ал ызақор аргентиналық өзінің дұрыс жасамағанына қарамастан, наразылығын білдіруді жалғастыра берді.

Лионельге бұл үшін дизлайк!

Аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығады

Камера объективтерінде Месси ұялшақ және қарапайым болып көрінгенімен, жасыл алаңда ол нағыз көкірегін керген футболшы болып табылады. 

Мысалы ол Рамосқа "сүмелек", ал "Атлетиконың" қосалқы ойыншысына "ақымақ" деп бетіне айтқан. Өзінікін дұрыс санайтын Лео боғауыз сөзінен бөлек, "Малага" футболшысының бетіне түкірген. Таудың бергі бетіндегі Лионель боқтаумен шектелсе, таудың арғы бетіндегі аргентиналық бұдан өткен жынды. Оған "Рома" футболшылары мен 2015 жылы Мессидің жолына тап болған жанкүйер куә. Жұдырығын ала жүгірген Леоның сол бір әрекеттеріне ішінде жатқан алай-дүлей жауапты сияқты деп топшылауға келген мамандарда жоқ емес. 

Өзімшіл

Футбол әлемінде единоличник атағына Роналду ие. Бірақ онымен үнемі бәсекеде жүретін Мессиде португалдықтан қалысар емес. 

Жалпы Мессидің мансабындағы бапкерлердің барлығы аргентиналықтың ыңғайына келетін тактика құрғаны таңқаларлық дүние емес. Леоның командадағы беделі кей сәттерде көп ойыншының ашылып өнер көрсетуіне кедергі келтірді. Бір ғана фигура арқылы құрылған команда қалған аяқдопшылардың көлеңкеден шыға алмай қалуына тікелей сеп болды.

Мессидің тек өзін ғана ойлауының бірден-бір дәлелі Гвардиола кезіндегі "Барселонада" анық байқалды. Орталық шабуылда тым жақсы ойқастап жүрген Ибрагимович Леоның қалауымен өз позициясынан ажырап қалды. Сөйтсе, аргентиналық Пеп бапкерге Златанның орнына өзін қоюды талап еткен екен.

Златан Ибрагимовичтің автобиографиясынан:

"Барлығы Мессидің қалауына дейін жақсы еді. Ол менің орнымды тартып алды. Қапталда ойнағысы келмейтінін Гвардиолаға айтқан екен. Ешкім менің ойыммен санаспады. Мен алаңдағы еркіндігімді жоғалтып алғандаймын".

Гвардиолада бұл оқиғаны растап отыр:

"Ол Ибраның позициясында ойнаймын деп тұрып алды. Қарсы болған жағдайда Месси кетемін деп қатаң талап қойды".

Орталық шабуылшы позициясына талас Давид Вильяның кезіндеде болды. Месси өз репертуарына сәйкес, бапкерден испаниялық футболшыны қапталға ойыстыру жайында ойын білдіреді. Бірақта бір беткей Вилья біраз уақытқа дейін өз дегенінде тұрды. Алайда бапкер мен Мессидің жендеттерінен қысым көрген талантты шабуылшы көп ұзамай командадан кетіп тыңды. 

Ұлттық құраманың крышасы

Месси Диего Армандо Марадона секілді Аргентина құрамасында әмірі жүрген футболшылардың бірі. "Альбиселестенің" қандай бапкері болмасын Лионельден ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін сұрап отырады. 

Мысалы 2018 жылы Ресейдегі мундиальға Мауро Икарди бармай қалды. Оған басты себеп, Икарди Мессидің жақын досы Макси Лопестің әйелін тартып алған. Қаншалықты сұрмерген болса да, Мауро Леоның қалауы бойынша ӘЧ құр қалды.

Осыған ұқсас жағдай алғаш рет 2014 жылғы мундиальда орын алды. Төрт жылда бір келетін дүбірлі додадан сол кезде талантты Карлос Тевес шет қалды. Карлостың Агуэроның құрамадағы орнын тартып алып қою қаупі бар екенін мысалға алған Месси бапкерге Тевестің керегі жоқтығын айтқан. Агуэро Леоның ең жақын досы екенін тілге тиек етсек, шабуылшының бұл ойға неліктен тоқталғандығын түсінеміз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×