МЕРГЕНІ ЖОҚ ЕЛМІЗ БЕ?

16.08.2014, 02:17
МЕРГЕНІ ЖОҚ ЕЛМІЗ БЕ?
2005 жылы әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде Киевте Украина – Қазақстан кездесуі өтті. Отандастарымыз 0:2 есебімен ұтылды. Артынша ғаламтордағы форумдардың біріне: «Мәссаған, қазақтардың шабуыл шебінде кім жүргенін білесіңдер ме? Кәдімгі өзіміздің Крохмаль! «Борисфенде» ойнаған Крохмаль ше? Сол! Бәсе, жүгірісі қатты таныс. Сонда ол қашан Қазақстан азаматтығын қабылдап үлгерген? Біздің ортаңқол команданың ортаңқол шабуылшысына азаматтық беріп, құрамасында ойнатып қойса, қазақтардың жағдайы тым нашар екен» деген жазба пайда болды. Украиналық жанкүйердің жазғаны өте дұрыс. Александр Крохмаль 2004 жылы Қазақстанға келіп, дереу азаматтық алып (!), «Ордабасы» құрамында ойнай бастады. Мұның алдында ол «Борисфен» сапында Украинаның І лигасында ойнады. Премьер-лигасында бірде-бір матч өткізген жоқ. 2003 жылы ол Ташкенттің «Пахтакорында» бір маусым өткізді, біздің елге сосын ғана ат басын бұрды. Яғни біз өз елінде ұлтандыққа жарамаған футболшыны сұлтан ғып, азаматтық беріп, құраманың төріне шығарып қойдық. Қазақстан құрамасы сапында Крохмаль бар-жоғы 3 матч өткізді, сосын 2008 жылға дейін елде жүрді де, ізін жасырды. Қазір қайда жүргенінен бейхабармыз. Мұның бәрін неге айтып отырмыз? Қазақстан құрамасының шабуыл шебіне осы Крохмаль сияқты келіп-кеткен футболшылар аз болған жоқ. Роман Узденов, Әрсен Тлехугов, Денис Малинин... Ең бастысы, тәуелсіздік алғаннан бері қазақ топырағы мерген футболшыға жарып көрген жоқ. Дәлелдермен сөйлейік. Қазақстан ұлттық құрамасы өз тарихында 154 матч өткізді. Осы уақыт аралығында ел намысын 223 футболшы қорғапты. Соның ішінде қарсыластар қақпасына 10 голдан асырып доп енгізгендер екеу-ақ: Руслан Балтиев (13 гол) және Виктор Зубарев (12 гол). Ал осы 23 жыл ішінде ұлттық біріншілікте 100 голдан асыра соққан мергендер бесеу ғана: Нұрбол Жұмасқалиев (153 гол), Олег Литвиненко (148), Мұрат Тілешев (142), Нұркен Мазбаев (142) және Андрей Мирошниченко (115). Бұл сапқа жақында Андрей Финонченко сөзсіз қосылады, өйткені оның қазіргі голдар саны – 99. Легионерлер арасында Ұлықбек Бақаев қана 117 гол сала алды. Ең өкінішті деректің және бірін келтірейік: 23 жыл ішінде Қазақстанда барлық турнирлерді қосқанда (ұлттық біріншілік, кубок, ұлттық құрама, Азия және Еуропа кубоктары, шетел чемпионаттары мен кубоктары) 100-ден асыра гол соққан бар-жоғы 14 футболшы бар: Литвиненко, Тілешев, Мазбаев, Жұмасқалиев, Мирошниченко, Финонченко, Зубарев, Низовцев, Р.Иманқұлов, Логинов, Нидергаус, Әубәкіров, Бөлешев және Шатских. Легионерлерден марқұм Нилтон Мендес қана. Сонда мерген футболшыларымыз қайда? Қазақ топырағы оларды қашан дүниеге әкеледі? Қазір әлемде тепкені голға айналатын санаулы ғана футболшы бар: Криштиану Роналду, Лионель Месси, Луис Суарес. Ал жыл сайын кем дегенде 20 гол соғатын футболшылар қатары көбірек – Уэйн Руни, Робин ван Перси, Клаас Ян Хунтелаар, Антонио Ди Натале, Златан Ибрагимович, Марио Манджукич, Роберт Левандовски, Эдинсон Кавани... Қазақстандық мергендердің жылдық көрсеткіші 20 допқа да жетпей жүргеніне кемі 4 жыл болды. Соңғы рет 2009 жылы бас мерген атанған Владимир Байрамов пен Мұрат Тілешев 20 голдан соқты. Одан бергі жылдары бас мерген атағына өз футболшыларымыздан ешкім іліге алған жоқ. Үш жыл қатарынан (2010, 2011 және 2012) Ұлықбек Бақаев мергендер көшін бастады. Қызығы, жыл сайын оның көрсеткіші де төмендеп отырды: 2010 жыл – 16 гол, 2011 жыл – 18 гол, 2012 жыл – 14 гол. Өткен маусымда «жаңа қазақ» Игорь Зенькович 15 гол соғып, бас мерген атанды. Демек, біздің мерген іздеуіміз өте заңды. Қазір қазақ футболында өз орны бар деген Таңат Нөсербаев 9 жыл ішінде – небары 47 гол (барлық турнирді қосқанда), Дәуренбек Тәжімбетов 11 жыл ішінде – 67 гол, Сергей Хижниченко 7 жыл ішінде – 44 гол, Бауыржан Жолшиев 7 жыл ішінде 31 гол соқты. Мұндай көрсеткішке жоғарыда біз атаған шетелдік қаһармандар ары кетсе 2 немесе 3 маусымда-ақ қол жеткізе алады. Криштиану Роналду мен Мессидің бір маусымда 60-тан асыра гол соққанын да ұмыта қойған жоқпыз. Жалпы, тәуелсіздік жылдарында тұрақты мергендік қасиетін танытқан 4 футболшы ғана бар: Литвиненко, Тілешев, Жұмасқалиев және Мазбаев. Бұл төрттік өздері ойнаған командалардың бәрінде нәтижелі ойын көрсетті. Өкінішке қарай, өз талантын аяламағандар да, өліара шақта онша танылмай қалғандар да аз болған жоқ. Олег Литвиненко өз талантына қатты сенетін еді. Ол 1994 жылы «Спорт газетіне сұхбат беріп, «мен – кәсіпқой футболшымын» деп кеудесін ұрып тұрып айтқандардың алғашқысы еді. Алайда осы мерген өз дарынын бағалай алмады. 25 жасында екі командамен бірдей келісімшарт жасағаны үшін бір жыл футболдан аластатылды. Одан кейін өз деңгейіне қайта көтеріліп, мергендігін мойындата бастағанда ішімдікке ұрынды. Кипрдың «Эрмис» командасына барып, ештеңе бітіре алмай келгені де сол себептен деседі. Оның футболға қайта оралуына, өзін қайта адам сезіне бастауына «Алматы» командасы көп еңбек сіңірген-ді. Литвиненко ұлттық құрамаға 2006 жылы оралып, әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде өте жақсы ойнады. Алайда одан әрі қайтадан төмендеді. Ақыры күмәнді жағдайда қазаға ұшырады. Егер Литвиненко өзін бағалай білгенде, оның нәтижелілігі өте жоғары болары сөзсіз еді. Виктор Зубарев те өзін ұстай алмады. Бойы ұзын болғанына қарамастан, денесін өте жақсы игере алатын. Оның созылып барып гол салатын үлгісіне жанкүйерлер тәнті еді. Есімізде, 1997 жылы әлем біріншілігінің іріктеу ойындары өткен кезде Жапония құрамасы осы Виктордан қатты қауіптенді. Жапон журналистері оның басқан ізін аңдып, ойын мәнерін қазақ әріптестерінен тәптіштей сұрап жатты. Құрама сапында тұңғыш покер жасаған (бір ойында 4 гол соққан) да осы Зубарев болатын. Кипр чемпионатында бір маусымда 15 гол соғып, қазақстандық футбол мектебінің бір қырын танытып келген де сол еді. Алайда Зубарев те азаматтық биікте қала алған жоқ. Оны Омбыдағы пәтерінен шектен тыс есірткі пайдаланып өліп кеткен жерінен көршілері тауып алды... Нұркен Мазбаев Қазақстанда, Азияда, Еуропада нәтижелі ойын көрсетті. Елімізде ол қай командада ойнаса да, шабуылдың дәмін келтіріп, гол соғудан жаңылмайтын. Азия клубтық турнирлерінде Мазбаев – 6 гол, «Тобыл» сапында Интертото кубогында 3 гол соқты. Бірақ ол ұлттық құрамада соншалық жарқырап көзге түсе алмады. Ирак құрамасына – Алматыда, Пәкстан құрамасына Лахорда соққан голдары ғана жылнамаларда тіркеулі тұр. Нұрбол Жұмасқалиев пен Мұрат Тілешевке артар кінә аз. Жұмасқалиев – осы күні барлық көрсеткіш бойынша алда тұрған мерген. Ол – ұлттық біріншіліктердің рекордшысы (153 гол), ұлттық құрама тарихындағы төртінші мерген (7 гол, Балтиев, Зубарев, Бяковтан кейін), еурокубоктардағы қазақстандық екінші мерген (7 гол, С.Сымақовтан кейін). Нұрболдың Қазақстан кубоктарындағы нәтижелілігі ғана тым төмен, бар-жоғы 3-ақ гол. Дегенмен бұл да оңай түсіндірілетін жайт: кубоктың алғашқы кезеңдерінде командалардың басым бөлігі алаңға қосалқы құрам ойыншыларын жібереді. Оның үстіне, «Тобыл» 2003 және 2007 жылдары ғана Қазақстан кубогының финалына жетті. Яғни Нұрбол әр жылы кубокта ары кетсе 2-3 ойынға ғана қатысып жүрді. Биыл ғана Нұрболдың көрсеткіші барлық жағынан төмендеді. Бұған мергеннің ұзақ уақыт жарақаттанғаны басты себеп. Мұрат Тілешев – қай жағынан алсаң да көңіл тоғайтатын мерген. Ол осы күні Қазақстан чемпионаттарындағы нәтижелілік жөнінен Литвиненкомен үзеңгі қағысып тұр, Қазақстан кубоктарында 23 гол соғып, Финонченкомен бірге рекордқа ие, еурокубоктарда соққан 6 голы және бар. Алайда Тілешевтің бір минусы – ұлттық құрамадағы жалғыз гол. Оны да 2006 жылы Тәжікстан құрамасының қақпасына жолдастық кездесуде енгізді. Бірақ Тілешевті құрамадағы сәтсіздігі үшін жазғырудың керегі жоқ. Ол құрама сапында бар-жоғы 8 матч қана өткізді. «Ертістің» құрамында маусымына 20 гол соғып жүрсе де, «Ақтөбемен» бірге Еуропаға сәтті жорықтар жасаса да, құрамаға бапкер болған жандар Тілешевке онша ықыластана қойған жоқ. Көлденең қойылған сұрақтардың бәріне: «Тілешевте артық салмақ көп», – деумен шектелді. Мұраттың денесі ірі, салмағы ауыр екені рас. Бірақ сол ерекшелігін ол өзі орайлы пайдалана біледі ғой. Өйте алмаған болса, ол осыған дейін 178 ресми мойындалған гол соқпас еді ғой... Не десек те, қазақ футболының ең мерген шабуылшыларының бірі құрамада серкеге айнала алған жоқ, мүмкіндік те берілмеді. Биыл туған «Таразына» қайта оралған Тілешев 9 гол (премьер-лигада – 7, кубокта – 2) гол соғып үлгерді. Жақында алған жарақатынан айығып оралса, ол қазақ футболының мергендер көшін бастап тұрған Литвиненконы басып озуы мүмкін. Қазір екеуінің ара-сын небары 4 гол бөліп тұр. Өкінішке қарай, қазір Тілешев пен Жұмасқалиевтің ізбасары көрінбейді. Қазақстан премьер-лигасындағы көшбасшы командалардың бәрінде негізгі шабуылшылар – легионерлер. «Ақтөбеде» – Антонов пен Зенькович (ол өзіміздің тума емес), «Қайратта» – Гоу, «Астанада» – Курдов пен Твумаси (соңғы турларда ғана Нөсербаев алғы шепке оралды), «Шахтерде» – Топчагич (Финонченко жартылай қорғаныста жүр). Былтырдан бері Д.Тәжімбетовтің («Ордабасы) нәтижесі күрт нашарлады. Өткен жылы Айбар Нұрыбеков («Атырау»), Қуаныш Бегалин («Ертіс»), Виталий Ли («Қайрат») сияқты жастар жақсы көрініп еді. Биыл осы үштіктен жалғыз Бегалин бір доп қана соқты. Алексей Щеткин «Жетісудан» – «Атырауға», одан «Таразға» ауысып, бір кездері жылт ете қалған мергендік ұшқынын отқа айналдыра алмай жүр. Биыл «шахтерлік» Тоқтар Жаңғылышбай тәуір голдар соға бастады. Бірақ бұл жігітке жарақат үйір. Сонда біз кімге сенеміз? Еуро-2016 додасының іріктеу кезеңі қыр астында тұр. Голдарымызды кім енгізеді? Шабуылшылар неге үнсіз? Әлде Қазақстан чемпионатында гол соғу Испания мен Англияда гол соғудан да қиын болғаны ма? aikyn.kz
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×