Месси неліктен «Манчестер Ситиді» таңдады?

Ернар Ламқадыров
Бас редактор
03.09.2020, 23:16
Месси Гвардиоламен бірге кәрі құрлықтың ең басты жүлдесін жеңіп алтынына сенімді.
Месси неліктен «Манчестер Ситиді» таңдады?

Соңғы аптадағы басты жаңалықтың бірі Лионель Мессидің "Барселонадан" кетуі болды. Спорттық медиа аргентиналықты еуропалық ірі клубтармен байланыстыруда, бірақ Леоның "Манчестер Ситиге" ауысып, бұрынғы жаттықтырушысы Хосеп Гвардиоламен қосылуы әбден мүмкін сияқты. Осыған байланысты біз шетелдік баспасөздегі соңғы жаңалықтарды жинап көрген болатынбыз.

Месси тек бір команданы таңдап отыр

Алдыңғы аптада бірқатар спорттық басылымдар Месси өз болашағына қатысты шешім қабылдады деп жазды. 33 жастағы футболшы "Манчестер Ситиді" таңдап, тіпті Хосеп Гвардиоламен байланысқа шығып үлгерген екен. Журналист Франсеск Агилардың айтуынша, аргентиналық ойыншы бірнеше күн бұрын «Манчестер Ситидің» бас бапкерімен телефон арқылы сөйлесіпті.

«Хави Кампос Catalunia Radio-ға хабарлағандай, Месси бірнеше күн бұрын өзінің бұрынғы жаттықтырушысы Пеп Гвардиолаға қоңырау шалып, «Ситимен» келісім жасасуға мүмкіндік бар-жоғын сұрады», - деп жазды Mundo Deportivo журналисі Франсеск Агилар.


ESPN-нің хабарлауынша, "қалалықтар" Мессиге үш жылдық келісімшарт ұсынғысы келеді. Мансабын аяқтағаннан кейін Лионельге "City Football Group" холдингінің елшісі болуды ұсынуы мүмкін.

Сонымен қатар, The Telegraph хабарлауынша, мұндай ауысымды жүзеге асыру үшін «Ситиге» шамамен 500 миллион фунт стерлинг жұмсауға тура келеді. Бұл соманың шамамен 300 миллион фунты ойыншының жалақысына жұмсалады. Тағы 200 миллионды «Барселонаға» төлеуі керек. Дәл осындай цифрды италиялық журналист Танкреди Палмери келтіреді.

Бірақ беделді The Guardian басылымы "Сити" Мессиді тегін алуға тырысады деп мәлімдейді. Гвардиола аргентиналық футболшыны еркін агент ретінде ала аламыз деп үміттенеді.

Леоның Хосеп Гвардиоланың командасына ауысуы туралы «Барселонаның» бұрынғы футболшысы Ривалдо былайша түсініктеме берді:

"Ол 33 жаста, бірақ оның қасиеттері мен таланты әлі баяғыдай, және менің ойымша, ол әлі бірнеше жыл доғары деңгейде ойнай алады. Ол Англияға тез арада бейімделіп кетуі мүмкін. Гвардиола Мессидің қабілеттерін жақсы біледі және оны тез арада командаға қосып, одан жақсы нәтиже алуға шешім табады. Мен тіпті Гвардиоланың бүкіл ойынды Мессидің айналасында құрып жатқанын елестете аламын. Оның таланты кез-келген жерде және кез-келген уақытта матч тағдырын өзгерте алады және оның Премьер-Лигада жақсы өнер көрсете алатындығына сенімдімін. «Барселонаның» ең жақсы ойыншысы Лионель Мессидің клубтан кету үшін келісімшартты бұзу туралы ережені қолдануға тырысып жатқанын көргеніміз өте өкінішті, бірақ біз оқиғаның екі жағын да тыңдап, шын мәнінде не болып жатқанын түсінуге тырысуымыз керек", - деді Ривалдо.

Ия, Мессидің басты мақсаты - Чемпиондар лигасын жеңу екені айтпаса да белгілі. Соңғы рет бұл жүлдені 2015 жылы жеңіп алған болатын. Ал Гвардиола соңғы рет Чемпиондар лигасын "Барселонамен" бірге жеңіп алды. "Баварияда" жолы болмаған Пептің "Ситиде" де жолы болар емес. Егер осы трансфер орын алса, екеуінің де осы турнирде бағы жанып кетуі мүмкін.

Жақын күндері Лионель Месси болашағын қатысты нақты шешім қабылдауы керек. Соңғы ақпаратқа сүйенсек, Месси клубта тағы бір жыл ойнап, келесі жылы еркін агент ретінде кеткісі келеді. Месси клубта қалуды сұрап тұрған жанкүйерлердің де пікіріне жүгінетін шығар. Аргентиналықтың клубқа деген 20 жылдық сүйіспеншілігі пен адалдығынан кейін командадан кетуге неге шешім қабылдағанын біз жақын арада білетін боламыз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×