Михаил Гурман: «Украинамен тең ойын – жақсы нәтиже»

02.04.2021, 03:56
«Астана» сапындағы легионерлер де өз құрамаларында жақсы ойнады.
Михаил Гурман: «Украинамен тең ойын – жақсы нәтиже»

Күні кеше Қазақстан ұлттық құрамасы Украинамен тең ойнады. Бұл кездесу туралы және жалпы 2022 жылғы Әлем чемпионатына іріктеу матчтарының нәтижелері жайында "Астана" клубының бас директоры Михаил Гурман өз ойымен бөлісті:

- Менің ойымша, Украинамен сырт алаңда тең ойнау – біз үшін өте жақсы нәтиже. Кеше түнде Қазақстан құрамасын қолдайтын біз сияқты жанкүйерлер футболшыларымыз үшін қатты алаңдады, ал олар үмітімізді ақтады. Бұл нәтиже ұлттық құрама ойыншыларын босаңсытпауы керек, дегенмен олардың намысқа тырысып, ойын барысын өзгерте алуы құрметке лайық. Сондай-ақ бұл нәтижеге біздің қазақстандық бапкер Талғат Маруаұлы Байсуфиновтің қол жеткізгеніне ерекше қуандым!

- Жалпы Әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде өнер көрсеткен "Астана" ойыншыларына қандай баға берер едіңіз?

- Әрине, Ароян мен Барсегян қатты қуантты. Олар өз ұлттық құрамасымен бірге үш матчта 9 ұпай иеленіп, керемет нәтижеге қол жеткізді. Ерекше айта кететін жайт, дәл осы Тигранның голдары өте маңызды болды, ол осы іріктеу кезеңіндегі үздік ойыншылардың біріне айналды. Ароян да гол соқты, сондай-ақ ол өз құрамасының капитаны. Черногория құрамасындағы Томашевичке келетін болсақ, оның ұлттық құрамаға оралғанына қуаныштымын, енді оны жарақаттар мазаламайды деп сенейік. Сондай-ақ Беларусь құрамасының негізгі құрамында Макс Эбонг та ойнады. Ол небәрі 21 жаста болса да, қазірдің өзінде негізгі құрамның ойыншысы. Antalya Cup жарысына қатысу үшін Қазақстан жастар құрамасына шақырту алған біздің футболшыларды да қосыңыз, олар осы құраманың негізі ойыншылары болып саналады. Мен "Астана" ойыншыларының ұлттық құрамаларда сұранысқа ие екенін мақтан тұтамын. Олардың ұлттық құрамада жинаған тәжірибесі "Астана" сапында жақсы ойын көрсетуге көмектеседі деп сенемін!

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×