Михал Билек: «Ұлттар Лигасы - біз үшін маңызды турнир»

14.10.2020, 05:48
Максим Фединнің де ертеңгі матчқа қатыспайтыны белгілі болды.
Михал Билек: «Ұлттар Лигасы - біз үшін маңызды турнир»

Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Михал Билек Ұлттар лигасының 4-туры аясында Беларусьпен өтетін ойынының алдында баспасөз мәслихатына қатысып, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының сұрақтарына жауап берді.

- Пан Михал, көптеген ойыншылар әртүрлі себептермен ойынға қатыса алмайды. Тәжірибелі орталық қорғаушы Юрий Логвиненконы шақырмай, Сұлтан Әбілғазыға таңдау жасадыңыз. Неліктен?

- Сұлтан - сенімді ойын көрсететін жас футболшы. Ол жақсы қырынан танылып, команданың басты қорғаушыларының бірі бола бастады. Логвиненко ұзақ уақыт бойы жарақатына байланысты ойнамай, қалпына енді келе бастады. Оның сапалы әрі тәжірибелі қорғаушы екенін білеміз. Сонымен қатар, отбасы жағдайына байланысты Максим Федин Минскіге келе алмады.

- Ертең Беларусь құрамасының жанкүйерлері стадионда болады. Жанкүйерлердің стадионға оралуы үлкен мереке ме? Әлде командаңыз үшін қиындық тудырады ма?

- Қазақстан чемпионатының ойындары жанкүйерлерсіз өтеді. Әрине, футболшылар жанкүйерлер үшін ойнайды. Сол себепті жанкүйерлердің стадионға оралуы - үлкен мереке. Ертеңгі ойынға келетін болсақ, қиын кездесу күтіп тұр. Қарсыластың ойынын жақсы зерделедік. Екі команда да жеңіс үшін ойнайтыны анық.

- Атақты бапкер Арсен Венгер жақында Ұлттар лигасының пайдасы жоқ екенін мәлімдеді. Сіздің ойыңыз қандай?

- Қазақстанда ұзақ уақыт бойы командалардың ойын тәжірибесі болмады. Сондықтан Ұлттар лигасының матчтары - халықаралық деңгейде мықты қарсыластармен бәсекелесуге жақсы мүмкіндік. Маңызды турнир деп санаймын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×