"Қайрат" клубының бақылау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев Лондоннан жарты сағаттық жерде орналасқан, бай-қуатты жандардың сүйікті мекені — Вирджиния-Уотердегі екі зәулім үйінің бірін сатып жіберді, деп хабарлайды Aladop.kz.
Выход к Морю телеграм арнасының мәліметінше, бұл мәміле өткен жылдың соңында ресми түрде аяқталған.
Миллиардерлер ауылы деп аталатын Вирджиния-Уотер – әлемдегі ең қымбат және жабық елді мекендердің бірі саналады. Мұнда Элтон Джон, Рон Деннис сынды әлемге әйгілі тұлғалар мен ірі бизнесмендердің жылжымайтын мүліктері орналасқан.
Боранбаевтың сатылымға шығарған үйінің жаңа иесі — Қазақстандық Мира Анафина. Ол "Қазкоммерцбанктің" бұрынғы директоры Азат Әбішевтің жұбайы. Айта кетейік, Әбішев — Қазақстандағы ірі офшорлық желілердің бірі болып саналатын "Meridian Capital” холдингінің негізін қалаушылардың бірі.
Қайрат Боранбаев аталған мүлікті 2016 жылы сатып алған болатын. Сол кездегі құжаттарда үйдің құны 1 миллион фунт стерлингтен жоғары деп көрсетілгенімен, оны қайта жаңартуға қойылған шектеулердің болмауы және орналасқан жерінің ерекшелігіне байланысты нарықтық бағасы 10-нан 15 миллион фунт стерлингке дейін жетеді деп болжанады.
Дегенмен, бұл сатылым Қайрат Боранбаевтың шетелдегі мүліктеріне айтарлықтай әсер етпеген сыңайлы. Кәсіпкердің иелігінде сол Вирджиния-Уотерде әлдеқайда сәнді, құны 25,5 миллион фунт стерлингке бағаланатын тағы бір зәулім үйі бар. Оның көлемі 2000 шаршы метрді құрайды, ішінде жеке кинотеатр, бассейн, шарап қоймасы, сауна және спорт алаңы қарастырылған.
Одан бөлек, Боранбаевтың Лондонның қақ ортасындағы элиталы тұрғын үй кешендерінде жалпы құны 155 миллион фунт стерлинг болатын пәтерлері бар екені белгілі.
Қазақстандық ірі кәсіпкердің бұл қадамы оның активтерін қайта құрылымдау ма, әлде жеке жоспарларына байланысты ма — ол жағы әзірге беймәлім.