Мирослав Беранек Сириямен өткен ойыннан соң Қазақстан ұлттық құрамасының кемшіліктерін атап айтты.
Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мирослав Беранек:
«Кездесу тартысты өтті. Ойынға дейін айтқанымдай Сириямен болған кездесуге Талғардағы оқу жаттығу жиынына қатысқан барлық ойыншыларды қатыстыруға тырыстым. Біз өз алаңымызда жеңіске жетеміз дер ойлағанбыз , алайда ол ойымыз іске аспады. Жалпы кездесудегі ойыншылардың көрсеткен ойнына дән ризамын, дегенмен таблодағы есеп көңілімнен шықпады. Сонымен қатар, бізді қолдап, дем берген жанкүйерлердің көмегі зор болды.
— Гол соғу мүмкіндіктерін іске асыру жолында біраз қиындықтар болды ма?
— Иа, біздің ойыншылар біраз жай қимылдады, оларға қарсыластар қақпасына доп сүңгітуге тек жылдамдық жетіспеді.
— Қақпашыларға баға бере кетсеңіз.
— Нестеренко және Цирин жақсы ойнады. Нестеренко өз қақпасына доп дарытқан жоқ, Ал Цирин гол жіберіп алса да, өз иелігін жақсы қорғап, әріптестеріне көмек көрсете білді.
— Давид Лория құрама сапына қашан ілігеді?
— Қашан жарақатынан толық айығады, сол кезде құрамаға шақырылатын болады.
— Қыркүйектегі Еуропа сындарының іріктеу ойынында құрама қақпасын кім қорғайды.
— Бұл маңызды мәселені шешуге уақыт әлі бар. Оны кейінірек ойлана жатармыз.
— Кездесудегі Смақтың қимылына қандай баға бересіз?
— Сымақов, Хайруллин, Логвиненко Аланиямен болған ойыннан кейін көңіл-күйлері болмай, біраз қателіктерге бой алдырды. Сымақовтың қапталы бұрынғысынан әлсіреп,бұл ойында Сириялықтар оның қапталынан атой салды. Тіпті біздің қақпаға доп енгізіп те үлгерді. Алайда оны түсінуіміз керек.
— Кешегі ойында Қонысбаевтың ауырсынғанын байқадық. Ол жайлы не айтасыз?
— Әзірге бәрі ойдағыдай. Дәрігерлер тексерісінен өткеннен кейін ғана, нақты жауап бере аламын.