УЕФА президенті Мишель Платини қартамыс құрлықтың ең бәсі биік турнирі – Еуропа біріншілін 2020 жылы 13 елде өткізу туралы жоспар дайындауда. Бұл туралы немістің Bild басылымы хабарлайды.
Басылымның айтуынша, Платини УЕФА қауымдастығының 60 жылдығына тура тура келетін Еуро – 2020 турнирінің қай қалаларда өтетінін де дайындап қойған екен. Еуро – 2020 додасы Мәскеу, Берлин, Мадрид, Лиссабон, Рим, Лондон, Амстердам, Загреб, Афина, Базель, Париж және Брюссель қалаларында өтіп, түріктің Стамбул қаласында финалдық кездесуді өткізуді жоспарлап отыр екен УЕФА президенті.
Дегенмен мұны шындық деп санауға әлі ерте. Жетінші желтоқсан күні УЕФА-ның штаб-пәтерінде қауымдастықтың кезекті отырысы өтеді. Сол жиналыс аясында Мишель Платинидің да ұсынысы қаралатын болады.
«
Платини бізге өзінің бұл идеясы туралы айтқан болатын. Дегенмен бұл ұсыныс әлі мақұлданған жоқ. Алда өтетін жиын барысында УЕФА президентінің ойын қарастыратын боламыз», – дейді Германия футбол одағының президенті Вольфганг Нирсбах.
Айта кетейік, Еуро-2012 турнирін Украина мен Польша елдері қабылдаған болатын. Ал 2016 жылы кәрі құрлық додасы Франция жерінде өтетін болады. Францияда өтетін жарысқа әдеттегідей 16 команда емес, 24 команда қатысатын болады.
Уалихан ҚОСАНБАЙ. Massaget.kz