2017 жылдың 12 сәуірінде ҚКФЛ-дың спорт директорының орынбасары Павел Демьянның бастамасымен «Судоремонтник» стадионының УЕФА стандарттарына сай ма, сай емес пе екендігіне тексеріліс жасалды. Теңбіл допты ары теуіп, бері теуіп алаң сапасының деңгейін анықтаған Павел мырза, енді көрмейтінім «Судоремонтник» стадионындай болсын, алаңда ойын өткізу футболшылар үшін қауіпті деп, «Атырау» футбол клубына бұл стадионда матч өткізуіне тыйым салды. «Атырау» доп тебер жасыл желегімнен айырылып қалдым деп уайымдаған жоқ. Сол жылдың қыс мезгілінде қала әкімдігінің қолдауымен «Томарлы» стадионының ресми лентасы қиылды. Қарапайым халық осы алаңда «Атыраудың» жарқын жеңістеріне әлі талай куә болармыз деп, үміттенді. Бірақ «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші барлық кикілжің «Астана» футбол клубының ойыншыларынан басталды. «Мұнайшының» жасыл алаңы жарамсыз, біз бұл алаңда ойнағымыз келмейді» деп, ҚКФЛ басшылығына шағымданды. Ал өз кезегінде ҚКФЛ мүшелері шағымды қанағаттандырып, «Атырау» мен «Астана» арасындағы ойын «Томарлы» стадионында өтіледі деп жариялады. Осылайша 2018 жылы Қазақстан Премьер-Лигасының 10-тур қарсаныңда «Атырау» «Томарлыда» «Астананы» қабылдап 2:0 есебімен ұтылып қалды. Елордалық клуб 3 ұпайын иемденіп, тып-тыныш қана кете қалған еді. Қызықтын бәрі 12-турда басталды, «Мұнайшы» әлі де ойын өткізуге қауқары болмай, Қайыршақты ауылдық округінің тұрғындары алматылық «Қайратты» «Томарлыда» көруіне мүмкіндік алды. «Қайрат» футбол клубының блогын жүргізетін Данияр Хизметовтың «Атыраудың» екінші стадионы жайлы түсірген даулы шығарылымы, ҚКФЛ-ның бұл жайтқа бей-жай қарап отыруына мұрша бермеді. Түсірген блогында «Томарлы» стадионының жасыл алаңы бетон төсеніштің үстіне төселгендігі жайлы және бұл ойыншылардың жарақат алуына тікелей әсер етеді деп атап өтті. Сырттан көшіп ішке кірген блогер киім ауыстыру бөлмесінің тар екенің де айтып өткір сыңға алды. Одан берісі жуынатын бөлменің түрі жақсыны қалап тұр деп, бұл стадионға бөлінген бюджет жайлы да әзілдеп біраз елді ойландырып тастады. Осыдан кейін бір жыл өте 2019 жылы, жұмыс сапарымен Атырауға ҚКФЛ-дың президенті Олжас Абраев келді. «Мұнайшы» стадионындағы жұмыс барысымен танысуға тірек қылып келген Олжас Абраев, жол жөнекей «Судоремонтник», «Томарлы» жасыл алаңдарына да соға кетті. «Судоремонтникті» қайта тексерістен өткізіп, стадион толығымен ремонттық жөндеуден өтуі тиіс деп, 2017 жылы дәл осы спорттық нысанның сапасын бағалаған Павел Демьянның сөзін жоққа шығармады. Кезек «Атыраудың» ҚПЛ аясында ойын өткізіп жүрген «Томарлыға» жетті. Алаңды бір айнала өте жанына жиналған жұртты көп күттірмей шешім қабылдады. Олжас Абраевтың айтуынша стадион Екінші Лига ойындарын өткізуге жарайды деп тілге тиек етті. Шынымен де мына стадионда «Атырауға» ойын өткізу ұят. Оңтүстік және Солтүстік трибуналары жоқ, жанкүйерлер сүйікті командасының ойының тамашалау үшін өз аяғын 90 минут бойы тұрып тұруға құрбан етуі қажет. Бұл ауылдың стадионы ғой, оңдай бола береді десеңіздер Сіздер қатты қателесіпсіздер.
1646 тұрғыны бар Киевтің Ковалевка ауылындағы «Колос» футбол клубының стадионы қандай керемет! Уефа стандарттарына сай. Мен бұл стадион жайлы негізі мақалада жазғам осы «Аладоп» сайтына. Қандай стадион деп қызықсаңыз, профиліме өтіп оқып көрсеңіздер болады. Осы қарапайым ғана мысалға қарап отырып ойланамын. Неге біз сән, білім, ғылым, экономика дегенде шет елге еліктеп кетеміз де, мәселе бұқаралық спортқа айналған аяқдоп бәсекесіне келгенде қазақылық күйімізде қала береміз. Мәселе шетелдің ойын мәнерін бізге әкеп үйрету керек деп отырған жоқпын, онсыз да біздің талантты жас футболшыларымыз Месси, Роналду секілді әлем жұлдыздарына қарап бой түзеуде. Айтайын деп отырғаным инфрақұрылым жайлы. Футболы ұлттық құндылыққа айналған елдермен тығыз қарым-қатынас жасап, біраз тәжірибе жинап алғанымыз дұрыс болар-ау. Сөз соңында мұнайлы өлкенің мұңартқан стадиондарының сиқы осы, Атыраудан басқа қанша елді-мекендер стадионның жарамсыздығынан жапа шегіп отыр. Оны елестептіп көрудің өзі қорқынышты. Стадион мәселесі Қазақстан футболында әрқашан актуалды болып қала бермек.
Мұхаммедқали Көбеев
Біздің серіктес: FONBET