«МЮді» құртқан Поль Погба

Ермұхамед Мәулен
Ермұхамед Мәулен
Бас редактор
27.04.2020, 13:31
«Манчестердің» құлдырауына себепкер адамдардың бірі Поль Погба екенін мойындайықшы.
«МЮді» құртқан Поль Погба

Негізі бұл жас футболшыны талантын бағалап Сэр Алекс Фергюссон алдыртқан еді. Бастапқыда ол академия қатарына кірді де, артынша, қосалқы командаға ілінді. Орталық алаңды жақсы көріп, тамаша пастар бере алатын сұңғақ бойлы французды бапкерлер бірден байқады. Алекс Фергюссон оны негізгі командаға қосты. Осы кезде Погбаға қатысты дау-дамай басталды. 2009 жылы қараша айында «Гавр» командасы Погбаны «Манчестер Юнайтед» академиясына беруге мәжбүр болды. Себебі, футболшының өзі «кетем де кетем» деп тұрып алды. Сөйтсек, «қызыл сойқандардың» скауттары Польға керемет бонустар дайындап қойған екен. Былайша айтқанда ақшаның шетін көрсетіп, жас баланы арбап алған. Бұл мәселе тергеуге ілініп, УЕФА «Юнайтед» менеджерлерінің соңына май шам алып түсті. Кейіннен бұл істі ФИФА өз қолына алды. Әйтпесе, «МЮдің» адвакаттары оңайлықпен ұсталмайтындай еді. Аз уақыттың ішінде істің анық-қанығы айқындалды. «Мю» агенттері Поль Погбаға 87 мың еуро және бір керемет үй сатып алып беріпті. Сондықтан да, қаржылық фэйр-плэйді бұзғаны үшін «МЮ» бір жыл бойы трансферлік банға жабылды. Яғни ешкімді сата алмайды, ешкімді қатарына қоса алмайды.

Дегенімен, Сэр Алекс бұл жас баланы бірнеше ойында алаңға шығарып, байқап қалды. Сосын амалсыз жас ойыншыны өзге клубқа жіберуге тура келді. Тегін. «Ювентус» осы ортада лып етіп пайда бола кетті де, болайын деп тұрған жігітті қатарына қосып алды.

Погба «Ювентуске» барып жарқырап шыға келді. Алыстан тепкен голдары мен ғаламат пастары Серия А-ның көркін келтірді. Ал «Юнайтед» бапкерлері бармақ тістеп отыра берді. Ал 2016 жылы Поль Погбаны «Манчестер» 105 миллион еуроға қайтадан сатып алды.

Қанаты қатайған Погба әріптесі Ибраһимовичпен жақсы тіл табысып, сүбелі ойын көрсетті. Алайда, ол мінез таныта бастады. Жозе Моуриньо қайта жасақтап жатқан команданың ішіне іріткі салды. «Үнемі қорғаныста жүріп ойнау мүмкін емес, мен мұндай ойынды ұнатпаймын. Шабуылға шыққанда командаға көп пайда әкелемін» деп қарсы пікір айтты. Сосын командадағы Марсияль бастаған франциялық ойыншыларды қасына тартып, олардың да ойын өзгертіп жіберді. Түбі командадан я мен кетемін, я сен кетесіңге келіп тірелді. Нәтижесін өздеріңіз білесіздер. Моуриньо қызметтен кетті. Сосын Погба қайтадан керемет ойнап кетті. Голдар салып, асисттер жинай бастады. Сульшердің қарамағында ол өзін жақсы сезінді. Бірақ, екі рет жарақат алды. Өз бетімен жаттықты. Осы кезде Пол Скоулз Погбаны сын садағына ілді. «Алекс Фергюсонның кезінде жүргенде Поль былайша көстеңдемес еді. Ол білгенін істеп жүр. Біз жарақат алсақ та, команданың қасында болатынбыз» деп сойып салды. Алайда, оған пысқырған Погба жоқ.

Енді қазір ақпарат көгіне Погбаның «Ювентуске» қайта ауысқысы келетіні айтылып жатыр. Себебі, ол командада қазір Криштиану Роналду мен Джанлуиджи Буффон бар. Сосын, Поль білесіздер Әлем чемпионы. Енді Чемпиондар лигасын ұтуы тиіс. Сол ғана қалып тұр. «Манчестер Юнайтед» бұл футболшыдан әбден зардап шегіп отыр. Бастапқыда бір жылға банға ұшырап, айыппұл төледі. Сосын 105 миллионға қайта сатып алды. Ол келген соң команда ішіне іріткі салды. Енді жарақат алып, жалпы клубтан кеткісі келетінін ашық айтып жүр. Оны енді 105 миллионға ешкім ала қоймас. Дегенімен, «Ювентус» та кетәрі емес. Олар «Юнайтедпен» реті келсе саудаласуға дайын. Погбаның бағасын арзандату үшін 5 ойыншының ішінен біреуін таңдап алыңыздар деп «МЮге» хат жазыпты. Олардың қатарында: Пьянич, Коста, Рабьо, Рэмзи және Сандро секілді футболшылар бар.

Сонда трансфер шамамен Дуглас Коста және 70-80 миллион еуроны құрайын деп тұрған секілді. 



Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×