Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов қызметінен өз еркімен кету туралы мәлімдеме жасап, жанкүйерлерге үндеу жолдады, деп хабарлайды Aladop.kz.
Ол Тотальный футбол KZ телеграм арнасына берген сұхбатында құрама айналасындағы атқарушы органдардың кәсіби деңгейінің төмендігін және бапкерлерге деген құрметтің ақсап тұрғанын айтты. Қазақстан футбол федерациясы маманның бұл шешімін қабылдап, оның отставкасын ресми түрде мақұлдады.
Талғат Маруанұлы өз мәлімдемесінде құрамада тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік бермейтін кедергілердің тым көбейіп кеткенін алға тартады.
Бапкердің айтуынша, алға қойылған үлкен міндеттерді орындау үшін федерация тарапынан ең қажетті кәсіби жағдайлар жасалмаған.
"Негізгі жүк пен нәтиже үшін барынша жауапкершілікті бапкерлер штабына ысырып қойып, бірақ күнделікті жұмысқа қолдау көрсетпеу және мамандарды сыйламау — тиімді жұмысқа балта шабады." — деді Байсуфинов.
Қазақстан футбол федерациясы бұл отставканы ресми түрде қабылдап, маманға атқарған жұмысы үшін алғыс білдірді. Федерация басшылығы Байсуфиновтың тұсында құраманың біршама өскенін және ФИФА рейтингінде ілгерілеу байқалғанын, әсіресе Бельгиямен болған тең ойынды ерекше атап өтті. Дереккөздерге сүйенсек, жақын арада құрамаға шетелдік маман шақырылуы мүмкін.
"Кімнің не айтқанына қарамастан, мен бүкіл жүрегіммен қазақ футболы үшін жаны ашитын адам болып қала беремін және құраманы әрдайым қолдаймын. Қолдау көрсеткен барша жанкүйерлер мен футболшыларға рақмет.” – деп түйіндеді маман.