Нарун Серіков: «Кака бапкерлік мансабында алғаш рет Чемпиондар Лигасын екінші қақпашымен жеңгенін айтты»

01.05.2021 14:25 Футзал

Нарун бүгінгі матчта өзіне артылған сенімді ақтауы тиіс.

Нарун Серіков: «Кака бапкерлік мансабында алғаш рет Чемпиондар Лигасын екінші қақпашымен жеңгенін айтты»

"Қайрат" футзал клубының қақпашысы Нарун Серіков Meta-ratings.kz сайтына берген сұхбатында Чемпиондар Лигасында "Бенфикаға" қарсы матчтағы дебюті жайлы әңгімелеп, "Барселонамен" болатын ойын туралы пікірімен бөлісті.

- Нарун, "Бенфикамен" болған матчтағы жеңіспен құттықтаймын. Көңіл-күйің қалай?

- Рахмет сізге! Көңіл-күй тамаша, жағдайым да жақсы. Ең бастысы, "Бенфикамен" өткен ойындағы толқулар артта қалды.

- Дебюттік матчымды Чемпиондар Лигасында өткіземін деп күтпеген шығарсың

- Дебют кездейсоқ болды. Команда Хорватияға кеткенде мен Алматыда болдым. Команданың екінші қақпашысы Дуду ауырып, Алматыға кетті. Кака мені шұғыл түрде командаға шақырды, мен Хорватияға бардым. Жігіттермен бірге жаттығып, матчқа дайындалдық.

- Енді "Бенфикамен" болған ойынға оралайық. Игита қызыл қағаз алған кездегі алғашқы ойларың қандай болды?

- Бірінші кезекте толқулар болғанын жасырмаймын, өйткені бұл футзалдағы ең басты турнир болып табылады. Мен өзімді психологиялық тұрғыдан дайындадым, өйткені бүкіл команда, жаттықтырушылар құрамы мен басшылық маған сенді. Менің командаластарым қолдау көрсетіп, шабыттандырды, соның арқасында мен жақсы ойын өткіздім.

- Кака алаңға шығар алдында не айтты?

- Иә, оның айтқаны әлі де есімде: "Мен бапкерлік мансабымда алғаш рет Чемпиондар Лигасын екінші қақпашымен жеңдім. Сонда оған ешкім сенбеді. Бірақ бәрі мен ойлағандай болды. Бұл жағдай бүгін қайталанып отыр".

- Сен шыққаннан кейін "Бенфика" есепті теңестірді. Бұл гол көңіл-күйіңе әсер еткен болар.

- Иә, көңіл-күйім түсті. Бірақ уақыт өте келе мен тынышталдым. Ең бастысы, мен психологиялық тұрғыдан берілмедім.

- Матчта қатарынан үш бірдей сейв жасадың, содан кейін Біржан Оразов қарсы шабуылдан гол соқты. Мүмкін бұл матчтың ең жақсы сәті болар. Бұл эпизодты неше рет қайталап көрдің?

- Матчтан кейін мен ойынды қарап шықтым. Менің бұл эпизодты қанша рет көргенім есімде жоқ. Ең бастысы, мен жақсы ойнаған матчтан жақсы мотивация алдым.

- Өзің де осындай дебют туралы армандаған шығарсың.

- Әрине, мұндай мүмкіндік бәріне бірдей берілмейді. Кез-келген футзалшы Чемпиондар Лигасында ойнауды армандайды. "Бенфикаға" қарсы матчта арманым орындалды.

- Сені дебютіңмен ең алғаш болып кім құттықтады?

- Командамды айтпағанда, әкем алғашқылардың бірі болып құттықтады. Мен отбасыммен сөйлестім және көптеген жылы сөздерді естідім. Содан кейін достарым, туыстарым, жанкүйерлер жылы лебіздерін білдірді. Барлығыңызға құттықтауларыңыз бен сенімдеріңіз үшін рахмет!

- Кака мен Игита ойыннан кейін не айтты?

- Игита маған өзін лайықты түрде ауыстыра алғаным үшін алғыс айтты. Ол қызыл қағаз алғанына қатты алаңдады, өзін кінәлі сезінді. Ол маған инстаграм парақшасында да алғысын білдірді. Ал Кака мені бекер шақырмағанын дәлелдегенімді айтты.

- Жақында "Барселонамен" матч болады.

- Ия, "Барса" осал команда емес. Мен өзімді психологиялық тұрғыдан дайындаймын. Бірінші ойынмен салыстырғанда ешқандай толқу жоқ. Барлығы мені шабыттандырады және осы ойынға дайындауда.

- "Бенфикада" "Қайраттың" бұрынғы ойыншы Тайеби ойнайды. Ол үшін "Қайратқа" қарсы матчтың принципиалды болғаны анық.

- Иә, Тайеби - шебер ойыншы. Бірақ алаңда достық деген ұғым жоқ. Ойын аяқталғаннан кейін барлық эмоциялар алаңда қалады. Ойыннан кейін Тайеби жеңісімізбен құттықтап, эмоциялары үшін кешірім сұрады. Бәрі жақсы.

- "Бенфика" сапынан біреу сені осындай ойынмен құттықтады ма?

- Ия, олардың негізгі қақпашысы Диего Ронкальо мені құттықтап, сәттілік тіледі.

- Футболды қашан және қай жерде бастадың?

- Мен Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз қаласында туып-өстім. 4-сыныптан бастап Аягөз спорт мектебінде футбол ойнадым. 9-сыныптан кейін Алматыдағы энергетикалық колледжге түстім. Менің ойымша, футзал жанкүйерлері бұл білім ордасын жақсы біледі. Ол колледж бірнеше жақсы футзалшыларды шығарды. Содан кейін жаттықтырушы Семен Пологутинмен сөйлесіп, "Қайрат" академиясына таңдалып, сол жерден негізгі командаға шақырту алдым.

- Неліктен қақпашы позициясын таңдадың?

- Алғашында мен алаң ойыншысы болдым. Мектеп аралық жарыста біздің қақпашымыз Игита секілді қызыл қағаз алды, оның орнына менің ойнауыма тура келді. Мен гол жібермедім, бірнеше сейв жасадым және өзімді жаңа позицияда сынап көргім келді.

- Сенің футболдағы кумирің кім болды?

- Мен бала кезімде Икер Касильястың ойынын бақыладым. Ал футзалмен айналыса бастағанда Игитаға еліктей бастадым. Біз бәріміз біреуге еліктеуді жақсы көреміз. Бірақ бұл дұрыс емес. Игитаның өзі еліктемеуге кеңес береді. Себебі әркімнің өзіндік стилі болуы керек.

- Какамен ұлттық құрамаға шақырту туралы әңгімелердің болғаны анық...

- Әзірге ұсыныс болған жоқ. Бірақ қазір ұлттық құрама туралы айтатын уақыт емес. Маған әлі де жұмыс істеу керек және одан әрі өсу керек.

- Инстаграмдағы жазылушыларыңның саны екі есеге артқанын байқауға болады. Барлығына тікелей жауап беруге уақытың бар ма?

- Ойыннан кейін бапкерлер мен бауырларым инстаграмдағы жазылушылар санының қалай артқанын көрді. Олар әлеуметтік желілерде аз уақыт өткізіп, алдағы жауапты ойынға көп көңіл бөлу керектігін айтты. Турнир аяқталғаннан кейін мен барлығына жауап беремін.

Көгілдір экранның ар жағынан қолдайтын жанкүйерлерге рахмет айтқым келеді! Біз сіздердің үміттеріңізді ақтауға тырысамыз!

4 пікір

  1. Кака

    Кака

    01.05.2021 17:43

    Нарун бугынгы ойында женсен улттык курамага аламын

  2. Игита

    Игита

    01.05.2021 15:14

    Нарун әкелші ауызына түкіріп жіберейін

  3. Кака

    Кака

    01.05.2021 15:07

    Нарун Дорогой Ты доказал что лучший, докожи еще раз если не получаетсия тогда мы вместе умрем

  4. Игита

    Игита

    01.05.2021 15:06

    Нарун бауырым красавчик егер бүгін Барсадан көп Гол жібермесең жалақымның 20% емес, 80%-ын беремін.