«Немо» және оның командасы.

14.03.2011, 06:24
«Немо» және оның командасы.
Испанияның «Marca» газеті соңғы нөмірінде  «Немо және оның командасы» жайлы қызықты ақпарат жариялады. Корольдік клуб ойыншыларының лақап атын карикатурамен жариялаған бұл мақала бүкіл дүние жүзі баспасөзінің назарын өздеріне аударды. Әлемнің бірнеше тіліне аударылып жариялаған мақаламен біз де оқырмандарымызды таныстаруды жөн көрдік. Команда жұлдызы Месут Өзілдің лақап аты – «Немо». Оған бұл лақап «Дисней» және «Пиксар» студияларының өніміндегі Немо атты балықпен сырт пошымындағы ұқсастығы үшін таңылыпты. Икер Касильясты «Капи» (капитан) атандырса, Рикарду Карвальоны «Ақсақал» десетін көрінеді. Бұл аттың оған қойылу себебі белгілі, ол командасында жасының үлкендігімен қоса байсалдылығымен ерекшеленеді. Рауль Альбиольға командаласы португалдық  Пепе Рейна «Пышақ» дейтін атты лайық көріпті. Әрине, бұл оның колбаса кескіш, нан кескіштігі үшін емес, жіңішке де ұзын дене тұрқына байланысты қойылса керек. Ал Пепенің өзін жай ғана «Пепиньо» деседі. Эзекиель Гарайдың екінші аты «Негр», бұл оған әдеттен оғаш қоңырқай терісінің түсіне орай берілген. Ал Марселоға «Есуас» дейтұғын лақап бұйырыпты. Ол да тегіннен тегін емес. Бразилиялық футболшы киім ауыстыратын және жаттығу өткізетін жердегі ең басты әзілқойдың бірі. Арбелоа уақытының көбін жаттығу залында өткізетіндіктен арқалаған есімі «Робокоп». Хаби Алонсо командадағы қадірлі тұлғалардың бірі, соған қатысты есімі «Сеньор». Ал Гранеро «Қарақшы» есімімен танымал болғанымен «Сыған» дейтұғын екінші есімді де ауырсынбай арқалап жүр. Криштиану Рональдоны барлығы «Машина», ішінара «Терминатор» деп атайды. Әсіресе алдыңғысын Икер Касильяс көп қолданады екен. Тіптен әр кездесуінде ол Рональдомен «Халің қалай, Машина?» деп амандасатын көрінеді.  Каканы жай ғана «Рики» (өз есімі Рикардоның жұмсартылған нұсқасы), аргентиналық Гагоны жай ғана «Фер» (Фернандоның кішірейтілген пошымы), Хедираны жай ғана «Сами», Лассты жай ғана «Ласс» дессе, Ди Марияның лақабы – «Періште» (Ангел), ол мұның шын есімі Анхельден туындаған. Педро Леонның командаластары азан шақырып қойған есімі «Қызанақ», яғни Томат. Оған бұл ат туған жері Мурсиге байланысты берілген. Ал Каналестің «кличкасы» - «Сәби», өйткені ол команданың жаңа мүшесі, әрі жас жағынан да барлығынан кіші. Серхио Рамосты «Куки» деп шақырады. Бұл оған кішкене кезінде қойылған лақап көрінеді. Ал Адебайордың бір басында үш ат бар: «Манолито», «Аватар» және «Аденабор». Әзірге бұлардың неге сүйеніп қойылғаны алдымен құдайға сосын Корольдік клуб ойыншыларына мәлім. Ал соңғы екі шабуылшыны ат қою сүрлігісі  жанамалап қана өткенге ұқсайды. Өйткені  Бенземанікі жай ғана «Монсеньор», ал Игуаиндікі «Пипа».

Ғалия Серікқызы.

Түркияның «sporbucks.com» сайтынан алынды

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×