Норвегия - таланттар ұстаханасы

10.05.2021, 02:21
Норвегиядан талантты футболшылардың көптеп шығуына не себеп болды?
Норвегия - таланттар ұстаханасы

Футбол даму үшін балалар футболын қолға алу керек деген сөз жауыр болған шығар. Дегенмен уақытша жетістік емес, алысты көздеген ел үшін одан басқа альтернатива жоқ деп білемін. Бірақ балалар футболын дамыту үшін де дұрыс әдіс-тәсіл керек. Құр қаржы құйып, жарыс өткізе беру де шешім емес.

Бельгия, 2002 жылғы әлем чемпионатындағы масқарадан кейін осыған қатты көңіл бөлді. Бүгін Бельгия құрамасы мен футболшыларының Еуропадағы жетістігі соның айғағы.

Сол секілді 2000 жылдардан кейін футболы құлдырап кеткен Солтүстік Еуропадағы Норвегия да ойлана бастаған. Бұл елде футболды дамыту оңай емес. Өйткені климаты футболға қарағанда шаңғы тебетіндерге қолайлы. Сондықтан болар Бьёрндален секілді қысқы спорттың жұлдыздары көптеп шықты.

Норвегия футболының басшыларының басқаша шешім қабылдамаса, кеш болатынын түсінген кез 2009 жылы «Русенборг» клубының Әзербайжанның «Карабах» клубынан ұтылып, Еуропа лигасының іріктеу кезеңінен өте алмағаны еді. Бұл команданың бір кездері Шымкенттің «Ордабасы» клубын да әзер әупірімдеп жүріп жеңгенін білеміз.

Осыдан кейін елдегі футбол басшылары ойлана бастады. Жағдайға басқаша қарады. Норвегияда мемлекет спортты қаржыландырмайды. Олар тек қаржыны демеушілер мен инвесторлардан алады. Кейбір клубтарда ойыншылар атрибуткаларды өздері үй-үйді жағалап сатады.

Норвегия футболындағы жаңа кезеңнің басталуына Хокон Греттлан есімді елдегі жастар футболының үйлестірушісінің еңбегі зор. Ол 2007 жылдан бері норвегиялық клубтарды академияларын кеңейтуге көндіреді. Әрбір клуб өз қаласында қосымша секция ашып, құлшыныс білдіргендердің бәрін қабылдайтын болады. Көптеген секциялар жалпы білім беретін мектептерде де ашылды. Сондықтан оқушылар сабақтан кейін бірден жаттығуға қатысуға мүмкіндік алды.

2007 жылдан бері Норвегияда жыл сайын 100 жасанды алаң төселеді. Атқарылған жұмыстардың арқасында футболға деген көзқарас өзгерген. 2020 жылы елде 325 мың футболшы тіркелген. Пайызға шаққанда Норвегия бұл жағынан көшбасшы саналады. 20 мың адамның бапкерлік лицензиясы бар.

Греттлан елдегі ең шалғай елдімекендерге дейін барып, жасыл алаң мен бапкерлердің жеткілікті болуын қадағалаған. Оның бұл ойы жүзеге асты. Осы күні алпауыт клубтардың назарында жүрген Холанд 12 мың халқы бар шағын ғана Брюне деген қаладан шыққан. Ертерек те мұндай аймақтарда сапалы алаң мен тәжірибелі мамандар болмаған.

Норвегтер елдегі футбол неліктен құлдырап жатыр деп ұзақ бас қатырады. Инфрақұрылым – түсінікті, бірақ барлық проблема онда ғана емес шығар? Сөйтіп, футбол қауымдастығы жас футболшыларды дұрыс методика бойынша оқытпай жатқандарын түсінген.

90-жылдары Норвегия Англияға қарап бой түзеген. Біз футбол тұрғысынан айтып отырмыз. Физиканы қажет ететін жылдам футбол. Бапкерлер мектептерден талантты атлеттерді жинап, физикалық күш қуаттарын арттыруға жұмыс істеген. Норвегия құрамасы мығым қорғаныс, қос қаптал арқылы қарымта шабуыл немесе алдыға әуелетіп беру секілді стильде ойнаған. Бұл әрине сол жылдары өз жемісін берді. Бірақ осыдан кейін интелектуалды ойлайтын футболшылардың қатары азайып кетті. Бұрынғы тактика енді ескірді.

Сөйтіп, 2010 жылы Норвегия басқа жүйеге көшті. Сол жылы әлем чемпионы атанған Испанияның методикасын қолдануға көшті. Яғни допқа көбірек иелік ету және ойыншылардың техникалық арсеналдарына мән берілді.

«Біз 80-жылдары Англия футболына қарап өстік, қазір норвегиялық балалар «Барселона», «Реал» және басқа да техникалық шеберлікке мән беретін командалардың ойынын қарайды. Соңғы 10 жыл көлемінде Норвегия заманауи білім алған бапкерлер мен допқа көбірек иелік ететін футболға көбірек назар аудара бастады», – депті The Athletic-ке берген сұхбатында норвегиялық скаут Тор-Кристиан Карлсен.

13 жасқа дейін балаларға 11x11 форматы қолданылмайды. Негізнен шағындау алаңда 6-8 баладан ойнайды.

Мысал ретінде, Англияда 10 жастан асқан балалар толық құрамда өнер көрсетеді. Норвегиялық жүйе жекелеген ойыншылармен жұмыс істеуге құрылған. Балалар сағаттап допқа иелік ету, пас, соққы жасау, дриблинг, позиция таңдау, ойынды бағамдау секілді детальдарға мән береді.

«Бапкер балаларды оқытып ғана қоймай, оларға сұрақ қойып, дұрыс жаққа бағыттай білу керек», – деп түсіндірді Греттлан Мольде университетінде берген дәрісінде.

14 жастан асқан үздік ойыншыларды академияларға бөле бастайды: онда 11х11 жүйесіне ойнатып, жаттығуда футболшылардың шеберліктерін шыңдауға мән береді.

Мектептердегі методиканың бұзылмауын бапкер-супервайзер бақылайды. Олар қауымдастықтың штабында жұмыс істейді, бірақ үнемі іс-сапарда жүреді. Супервайзердің міндеті – барлық футбол мектептеріне барып, жергілікті бапкерлердің методикадан алшақтап кетпеуін қадағалау. 16 жасында ең талантты балалар National Team School-ға қабылданады. Бұл лагерь 2014 жылы Норвегия құрамасының базасында ашылған. Мұнда ойыншыларды ірі турнирлерге арнайы дайындайды және олардың қабілеттерін шыңдауға тырысады.

Алаңдардың көп болуы, креативті футбол дегеніміз – әрине керемет. Бірақ бұл тәжірибе көп елдерге тән қасиет. Норвегия футболының ерекшілігі тіптен басқада. Бұл елде адамдар футболды өз ләззаты үшін ойнайды. Әсіресе, балалар. Норвегия спортының ресми девизі– «Joy of Sport for All» («Спорт барлығына қуаныш сыйлайды»).

• Балаларды ойын нәтижесіне байланысты күйзеліс (стресс) пен қысымнан босату мақсатында 13 жасқа дейін ұлттық чемпионат өткізуге тыйым салынған, 11 жасқа дейін аймақтық чемпионаттар өткізілмейді. Матчтардың нәтижесі жарияланбайды. 13 жасқа дейін командалардың ойыны арнайы ереже бойынша өткізіледі. Егер команда 4 немесе одан көп гол айырмашылығымен ұтылып жатса, қосымша бір ойыншы қосып алуға рұқсат;

• Қыздар ұлдармен 16 жасқа дейін бірге ойнайды. Мысалы, Холандпен бірге «Брюне» академиясында Андреа Нордхейм жаттыққан. Ол 2018 жылы Pitea IF командасы сапында Швеция чемпионы атанды.


Қабылданған іс-шаралардың арқасында Норвегия футболы жасарды. Мысалы, 2008-2014 жылдары – Элитсериядағы орта жас көрсеткіші бір жасқа азайған (26,8 жастан 25,6 жасқа дейін). Чемпионаттағы ең жас дебютанттың рекорды жыл сайын өзгеріп тұрады. Эдегордың да футболдағы мансабы 15 жасында басталған болатын.

Осы күні жасөспірімдер құрамасының көрсеткіші жақсарып келеді. 2019 жылы U20 құрамасы соңғы 25 жылда алғаш рет жасөспірімдер арасындағы әлем чемпмонатына жолдама алды. Ол турнирде Холанд «Алтын бутсыға» ие болды. Шабуылшы Гондурас қақпасына 9 гол соқты. U19 құрамасы 2018 және 2019 жылдары екі рет Еуропа чемпионатына қатысты. Бұған дейін 20 турнирден қалыс қалған. Ал 17 жасқа дейін құрамасы Еуропада тіптен жақсы нәтиже көрсете бастады. 2017 жылы – топтық кезеңде ойнаса, келесі жылы – ширек финалға шықты.

Алдағы 10 жылдықта Холанд пен Эдегор «Алтын допқа» үміткерлер қатарында болады деп болжануда. Бұл екеуінен басқа да норвегиялық талантты ойыншылар жетіп артылады. Жақын арада бұл ойыншылар да топ-клубтардан табуылы ғажап емес.

• Орталық қорғаушы – Кристоффер Айер (22 жаста, «Селтик»). Бір ауыз сөзбен – жаңа Ван Дейк. Айерді Шотландияда солай атайды. Брендан Роджерстің кезінде негізгі құрамға іліккен. Енді лигадағы үздік орталық қорғаушылардың бірі. Жазда Айер басқа клубтарға кетуі мүмкін. Қызығушылық танытуышалар қатарында «Милан» бар.

• Шабуылшы – Александр Серлот (25 жаста, «РБ Лейпциг»). Холандтан кейінгі Норвегииядағы екінші форвард. 25 жасында алты еуропалық клубты ауыстырып үлгерген. Шабуылшы ретінде Түркияда танылды. Ол «Трабзонспорда» бір маусымда 24 гол соқты. Қазір «Лейпцигтегі» маңызды ойыншылардың бірі.

• Вингер – Йенс Хеуге (21 жаста, «Милан»). Хеуге портты қала Будёде дүниеге келген. Мұнда жаздың өзінде күннің көзі 14 градустан аспайды. Йенс футболмен жабық кешендегі жасанды алаңда айналыса бастаған. Қазір Хеуге «Миланның» негізгі құрамында ойнауға үміткер. Биылғы маусымда 8 гол соғып үлгерді.

• Орталық қорғаушы – Сандер Берге (23 жаста, «Шеффилд»). 2019 жылдың күзінде Берге Чемпиондар Лигасында «Генк» сапында жарқыраған болатын (УЕФА оны жыл жаңалығына қосқан). Ал қаңтарда «Шеффилд Юнайтед» сапына ауысты. Трансфер құны 20 миллион еуроға бағаланды (Норвегия футболындағы рекорд). Маусымды керемет бастаған. Бірақ былтыр күзде жарақат алып қалды. Eurosport футболшыға «Ливерпуль» мен «МЮ» қызығушылық танытып жүргенін жазды.

Одан бөлек, Мортен Торсбю (24 жаста, «Сампдория»), Матиас Норманн (24, «Ростов»), Йорген Ларсен (21, «Гронинген»), Хокон Эвьен (21, «Алкмар»), Джошуа Китолано (19, «Одд»), Брайан Фиабема (18, «Челси»), Николай Скоглунд (18, «Спортинг»), Оскар Бобб (17, «Ман Сити») секілді жас ойыншылар бар.

Бек Төлеуов

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×