Нұрбек Қарағұлов футзалдағы мансабы жайлы әсерлі мәлімдеме жасады

27.09.2021, 00:14
Қарағұлов Таиландқа қарсы матчта ұлттық құрама сапында дебют жасаған еді.
Нұрбек Қарағұлов футзалдағы мансабы жайлы әсерлі мәлімдеме жасады

Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының және «Ақтөбе» ойыншысы Нұрбек Қарағұлов әлем чемпионатынан алған әсерімен бөлісіп, балалық арманы оны үлкен спортқа қалай әкелгенін айтты.

«Аллаға мың да бір шүкір! Бала күнгі арман орындалды. Келесі аялдама Ұлттық құрама сапында Әлем чемпионы болу.

Бала кезімде аулада көп бүлдіршін секілді доп қудық. Доп қуып жүріп көп дүниені арман еттік. Футбол үйірмесіне жазылдық. Ойнадық. Ауыр жолын ойламадық. Сендік. Үміттендік. Бала арман іште маза бермеді. Тесіп шығар жер іздеді.

Ақтөбенің жергілікті чемпионатындағы мықты команда «Вест Кроунда», кейін ҚР Бірінші лигасында өнер көрсеткен «Ақтөбе-Жас» сапында ойнадым. Облыстың бас командасында ойнауға сәті түспеді. Алмады. Кейін үлкен футболдан кеттім.

Сәлем, футзал! Ол кезде Ақтөбеде футзал командасы болмады. Футзал сүйер қауым біледі. Ақтауда жергілікті чемпионаты мықты екенін. Сол жақта «Ынта» командасына ойнап біраз жеңіске жеттік. Жаңаөзендік «Мұнайшы» сапында ҚР чемпионатында доп тептім. Көрдім. Түйдім.

Ақтөбеде «Інжу» командасы құрылып, ҚР чемпионатында өнер көрсетуге шақырды. Жаңа команда, жас команда. Тәжірибелі командалармен тең ойнауға тырыстық. Кәсіби жолды көрдік. Кейін «Інжуден» «Ақтөбеге» ауыстық. Әлі күнге дейін осындамын. Талай рет кетемін деп, кетпедім. Қиындықтар, жеңілістер, ауыр жарақаттар. Мойымадым. Аллаға шүкір еттім. Дұға еттім.

Айлықсыз жүрсем де, басқа клубтар ЕКІ ЕСЕ жалақы ұсынғанда да бармадым. Бапкерлік штаб «ойнағанынан, лазаретте жатқаның көп», – деп, ысырғанына да қарамадым. Сендім. Аллаға тәуба деп, сабырмен қарадым. Сынақ деп қабылдадым. Қандай қиындық келсе де күресуге тырыстым. Аллаға шүкір!

Бүгін Әлемннің үздік футзалшыларымен бірге бір паркетте, үстімде Ұлттық құраманың жейдесі. Бала күнгі арманның ауласында тұрмын.

Бауырым, армандар орындалады. Алланың қалауымен бәрі жақсы болады. Сену керек. Күресу керек. Еңбектену керек. Тамыр-таныссыз да биіктерді бағындыруға болады. Қамал жоқ алынбайтын. Өзіңе сенсең, қиындықпен күресе білсең болғаны. Сені қазір керек қылмаса, мойыма. Бір күндері өзі келеді.

P.S. Соңғы абзац кәсіби спорттағы інілеріме сәлемдеме», – деп Қарағұлов өзінің Instagram парақшасында жазды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×