Обригадо, Бразил, обригадо!

14.07.2014, 14:41
Обригадо, Бразил, обригадо!

20140714_034336Отыз күн ойын, қырық күн тойын тойлапты деген әңгімені қазақтың ертегі, жыр-дастандарынан, ауыз әбедиетінің фольклорының көптеген нұсқаларынан естуге болады. Кейінірек соған пара-пар мағынадағы әңгімелер пайда болды. Сол ойын мен тойдың тағы бірін мен өзім бастан кешірдім. Бразилиядағы футбол тойына бастан-аяқ қатысып, үлкен думанды артта қалдырдым. 9 маусым күні Сан-Паулуға келген күн мен дәл қазіргі Рио-Де-Жанейродағы 2014 жылдың 13-шілде күнінің аралығы менің күллі дүниетанымымды өзгертіп, өмірге көзқарасымды бұрынғыдан өзгеше етті. Футбол бұл өмір, футбол бұл адамдардың ортақ құндылығы.

Адамзат баласының әлемдегі жаратылысы, өмір сүруі, әртүрлі дәуірлерді бастан өткеруі менің ми-санамның түпкірінде жалпыға ортақ білім деңгейінде болып келді. Одан әрі әдебиет әлеміне көз жүгірте бастағанымда халықтар мәдениеті мен ой саналарының ерекшелігі мен адамзаттық мәдениеттің біртұтастығы жайында ақпарат алдым. Одан әрі олардың әртүрлі дінге сеніп, әр түрлі пірге сиынатындығын зерттеген болдым. Қаншама ғасырлар, қаншама дәуірлер адамзат баласының тарихы артта қалғанымен, тарихы тереңге бойлап, дәстүрі көнеден көз алса да барлығына жалпы ортақ бір дүние қажет екен. Сол әбедиеттің де, діннің де басты мүддесі адамзатты біріктіру, бір ұғымның астына кіріктіру болған. Өз-өзін танып, бір-бірін танып біліп, соның арқасында көкірек көзін оятып, бауырмашылдық, жолдастық, достық сезімдерін нығайту болды. Түрлі құралдар өміршеңдігін жоғалтып, жаңа бір жол іздеді. Ірі тойларды ығай мен сығай жиналып, әр ауыл мен әр рудың би-қаралары бас қосты. Бір ту астына енді. Сондай шаралардың біріне осы күнгі жер жаһанды мекен ететін адамзатқа ортақ болып футбол деген сиқыр пайда болған. Футбол дегенде әлемнің түпкір түпкірінен бой көрсетіп, бір шаңыраққа жиылатын адамдар бар екен. Бразилияға бұл жолы 4 миллион қонақ келді. Әртүрлі сағат белдеуі, әр түрлі құрлық, әр түрлі мәдениет, әр түрлі тіл. Осының барлығы қалайша 1 ай бойы бір-бірімен үйлесті дейсіз ғой. 3 бірдей 4 айлық әр ұлттың нәрестелерін бірге отырғызып, ойыншық беріп ойнатқан кезде олар өзара түсініседі екен. Сәбилердің тілі бір болады-мыс. Адамзаттың түбінде бір топырақ пен бір қабырғадан жаралғанын ешкім де жасыра алмайды. Сол тілі бөлек әлемнің өкілдерінің ішінде біз де болдық. "Бонджия" деп сәлемдесіп, "буа нойчи" деп қоштасып жаттық. Әркімнің тілі әртүрлі болғанымен, футболдың тілі бір болып шықты. Барлығының да дәстүрі, ойлау жүйесі әрқилы болғанымен де футболға келгенде ойлылық пен талқының таласы барлығымызда бір болып шықты. Дегенмен де, футболдың да ішкі кикілжіңі пайда болып, ол ендігі нық орнын алып, қалыптасып үлгерген. Аргентиналықты бразилиялық аса қатты ұнатпаса, ирандықтар АҚШ адамдарын елжіреп бауырына тартпады. Оның барлығына кесірі тиген сұрқия саясат екені анық. Ол салған мұздақ мұнда да ызғар беріп тұр. Бірақ, адамдар мұнда барлығын ұмытуға келді. Армян мен әзірбайжан туысын көргендей жамырасса, грузин мен орыс та құшақ жайысты. Тек отарлық қамшысы арқасына батқан алжирліктер француздарды жақтырмай, украиндар орыстарды бауырына тартпады. Соның барлығы саяси жағдайдың астары екені белгілі. Бразилияда футбол болатын қалада сол күні демалыс жарияланды. Ал Францияда Алжир ойнатын күні демалыс болмады. Францияда тұратындардың көбісі бұл құрамаға жанкүйер. Өйткені басым көпшілік мұсылман, кіндігін сол елде кескендер. Осыған орай қарсылық топ Бразилиядағы Алжир жанкүйерлері Францияға қарсы қолдау көрсетіп, өздерінің футболға келгенде ешкімге тәуелсіз екендігін көрсетті. Және ол құрама команда өздерінің бұрынғы отаршыларынан еш кем түспеді. 1/8 финалға олар да жете білді. Ешкімде шатағы жоқ, өз күнін өзі бейбіт көріп отырған Коста-Рика да таңқалдырды. Футбол таланттарының жиынтығын Бельгиялықтар байқатты. Бұл ұжымды Франция-2016 жарысының фавориттерінің қатарына қазірден қосып жатқандардың қарасы көп. Жанкүйер жадында қалған даңқты футболшылар жетерлік. Нетто, Ди Канио, Зидан, Ибрагимович секілді әділдікті ту еткен азаматтардың қатарындағы Мирослав Клозе де бар. Футболдағы салған голдарынан бөлек бұл футболшылар жайында жанкүйер арасында олардың ойын кезінде көрсеткен әділдіктері өз алдына бөлек аңыз. Сол тізімдегі ойыншының бірі 36-жасар Мирлослав Клозе Әлем чемпитонаттарының тарихында ең көп гол соққан ойыншы ретінде тарихқа енді. Атақты Роналдоны 16-голменен басып озды. Және Германия құрамасымен ол Әлем чемпионы атанды. Неміс мәшинесі тәртіпке бағынған елдің ешқашан құл болмайтынын көрсетті. Механизмі жоғарғы математикамен есептелгендей, барлығы да сағаттың шықылындай уақытпа-уақыт жүріп тұрды. Соның арқасында олар алдына келген қарсыласты ұтып, барлық ауырдыққа шыдас беріп шықты. 4-дүркін чемпион атанған немістерге енді бір чемпиондық тәж қосылса, бразилиялықтарға футбол мәселесінде үлкен қауіп төніп тұр. Өйткені, бұл елдің мақтанышы да, мақтанары да футбол. Аяқдопты үлкен өнерге жеткізген бразилиялықтар енді жаңа талантты дарынды ойыншыларды даярлап шығуға тырысуы қажет. Биылғы Бразилия олардың тарихындағы ең сәтсіз команда болып бағаланды. екі ойында 10 гол жіберген "селесао" өздері ұйымдастырған тойда өздерін қонақ сезініп қалды. Латын Америкасы да Еуропаның мықтылығы мойындаған сыңайлы. Әлемдік доданы, 1,5 миллиард адам тамашалаған ойынды стадиондағы 75-мың жанкүйермен бірге отырып көрудің өзі көпшілікке арман. Үлкен толқыныс пен жүректі ауызға әкелетін адреналин сәт. Жәй ойынды тамашалудың өзін үлкен киеге балайтындардың қатарынан бола отырып, сол матчты тікелей эфирде жүргізу мен үшін өте ауыр болды. Жалпы, чемпионаттағы қобалжу мені де біршама жылға есейткендей. Футбол мәселесінде. Сосын, клубтық ойынмен ұлттық құраманың ойынын салыстыру тіпті қисынсыз секілді көрінді. Өмірімдегі, алғашқы әлем чемпионатын аяқтап отырмын. Әлі де алдымда мүмкіндік туатыни шығар деген сенімдемін. 9 сағаттық айырмашылықтың жеңе біліп, тура қазір осы сөйлемдерді жаза отырып, өзімді ерекше сезімде ұстап отырмын. Күллі елдің атынан жаһанның тойына жалғыз келгендей сезінемін. Терезеден Рионың көшелерін трибунаның тербелісіндей қылып жүрген неміс жанкүйерлерінің әндері естілуде. Германия сен мақтануға лайықтысың! сенің еліңнің адамдары өзге құрлықта еш қамсыз өлең айтып, шаттықтың шарапатына мас болып, емін-еркін жүре алады. Ең бастысы сол. Барлығымызды бір жанұя қылған, қойнына тыққан Бразилия, рахмет саған. Обригадо Бразил, обригадо!

Ермұхамед МӘУЛЕН

Рио-Де-Жанейро. 

13.07.2014 ж.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×