Ойын бар, жеңіс жоқ

09.09.2011, 21:36
Ойын бар, жеңіс жоқ
21 жасқа дейінгі Қазақстан жастар құрамасы 2013 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі аясындағы кезекті ойынын Словакия жастарымен өткізіп, 0:1 есебімен ұтылып қалды. Бұл кездесу Алматыда өтті. Румыниямен түзде де, үйде де тең түсіп, тәп-тәуір ойын өрнегін көрсеткен соң, жас таланттарымыз Словакия жастарын жеңетін шығар деп ойлағанбыз. Бірақ жалынды жастарымыз өз мүмкіндіктерін жүзеге асыра алмай, соның сазайын тартты. Көңілге қонымды ойын өрнегін көрсетіп, қарсыластарына дес бермегендерімен, гол соға алмай пұшайман болды. Ол – ол ма, ойын аяғына қарай өз қақпамыздан доп қармап, өзегіміз өртенді. Шамамыз жетпей, әліміз келмей жеңілсек, бір сәрі-ау. Жастарымыз батыстан келген қарымды командадан асып түспесе, кем түспей, табан тіресе өнер көрсетіп, теңбіл доп көрігін қыздырса да, жеңілістің кермек дәмін татты. Қазақстан премьер-лигасында шыңдалып жүрген дарынды шабуылшымыз Сергей Лисенков Словакия қақпашысымен бетпе-бет шығып, тамаша мүмкіндікті мүлт жіберіп қойды. Бұдан да басқа қаншама мүмкін­діктер болды. Бұғаналары бекіп, қабырға­лары қатып келе жатқан жас қырандарымыз тамаша соққыларымен Словакия қақпасын нысанаға алды-ақ. Алайда бақтары жанбады. Словакия қақпашысы Байза да «бәле» екен, бірнеше қауіпті сәттерде біздің футболшылардың пәрменді соққыларын тойтарып, өз командасын жігерлендіріп отырды. Матч аяқталған соң, Самат Отарбаевтың көз жасына ерік бергендігі содан да шығар. Негізі, Самат та шапшаңдық және шеберлік танытып, бірнеше қарбалас сәттерде қауіп бұлтын сейілтіп отырды-ақ. Алайда бұл кездесуде алыстан келген Словакия жастарының асығы алшысынан түсті. Дәл қазір жастар арасындағы Қазақстан құрамасына қарасаңыз, көзіңіз тояды. Құрамында қазақ жастары көп-ақ. Жылдамдықтары қандай десеңізші. Ойын өрнектері де жаман емес. Бірақ аяқтарымен ұршықша үйірген теңбіл допты қақпаға тоғыту қиямет-қайым болып тұр. Үш ойында бір-ақ гол соғыппыз. Бұл тым аз, әрине. Гол соғылмаса, жеңіс бола ма? Әйтсе де жасымайық, ағайын. Ең бастысы, жастарымыз доп тебе алмай ұялтып жүрген жоқ. Жеңіс те келер. Бұл дүниеде ештеңе де оңайшылықпен келе қоймайды ғой. Ойынымыз оңалып, көшіміз түзеліп келеді. Ендеше, жеңіс те алыста емес. Бұйыртса, оған да жетерміз. Қазақстан жастар құрамасын жаттықты­ратын серб маманы Слободан Крчмаревич осы жеңілістерден сабақ алып, жеңіске жету жолдарын іздестіріп жатқан да шығар. Қазақстан – Словакия – 0:1 Гол: Шимонек, 75. Қазақстан: Отарбаев, Сариев (Жолшиев, 78), Ахметов, Горячий, Сүйімбаев, Азаматов, Тағыберген, Левин (Сүйінов, 62), Шомко (Щеткин, 62), Бейсебеков, Лисенков. Қосалқы құрам: Қаленов, Мирошниченко, Исламхан, Прокопенко. Словакия: Байза, Колмоков, Паушек, Грегуш, Штетина, Мак, Лалкович, Шимонек (Глинка, 90+1), Мазань (Кисс, 46), Ваврик, Чонка (Колчак, 64). 2013 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу турнирінің 9-тобында тағы бір ойын өтті. Қазақстан U-21 құрамасымен екі рет кездесіп, екеуінде де бір ұпайға ырза болмай, бармақтарын тістеп кеткен Румыния бозбалалары Латвия жастарын 2:0 есебімен жеңіпті. Латыштар үш кездесу өткізіп, үшеуінде де үй демей, түз демей ұтылды. Әрі үш кездесуде де бірде-бір гол соға алмай, өз қақпаларына жеті гол жіберіп алыпты. Яғни бұл топта бізден де нашарлар бар екен. Автор: Нұрғазы Сасаев
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×