Баку бізді қалай қарсы алды?

10.09.2011, 02:34
Баку бізді қалай қарсы алды?
Несін айтасыз, жеңілдік?! Қолда тұрған үш ұпай еді. Бірақ... жерлестеріміздің екі голына алаң қожайындары үш тура соққымен жауап қатты. Дегенмен мойындайық, құрметті оқырмандар, бұрынғыға қарағанда ойынымызда жүйе бар. Гол да соға аламыз. Тек, аздап сәттіліктің жетіспей тұрғаны. Бұл ойында да солай болды. Бірінші таймда керемет ойнағанымызбен, екінші таймда ойын тағдырын шешкен қателіктерді жібердік. Оның үстіне ауа райы да аздап қолайсыздық танытты. Негізі, Әзірбайжан астанасы бізді жылы қар­сы алған. Аспан ашық, ауа райы жанға жай­лы болатын. Сынап бағанасы 29 гра­дус­ты көрсетіп тұрды. Ғаламтордан алдағы үш-төрт күннің ауа райы болжамын қа­ра­ға­нымызда да, ешқандай өзгерістің бо­ла­тын­дығы туралы жазылмаған еді. Алайда матч алдында күн лезде құбылып шыға келді. Ал матч туралы тәптіштеп жазбай-ақ қоя­лық. Жерлестеріміздің ойынын өз­де­рі­ңіз де тамашалап, бағасын беріп те қойған бо­ларсыздар. Біз тақырыптан сәл ауыт­қы­сақ дейміз. Алматыдан Бакуге аттанған бір топ жур­налист бірінші күні кешқұрым қала ара­лауға шықтық. «Литер» газетінің жур­на­лисі Талғат Садықов екеуміз Қазақ­стан­ның шарфын мойнымызға орап алғанбыз. Сондықтан да болса керек, жұрттың бәрі бір­ден танып, тіпті келіп амандасып жат­қан­дары да болды. «Қазақстан», – деп сұрап қояды кейбіреулері Әзірбайжан ті­лін­де. «Иә, қазақпыз», – деп біз де жауап беріп жаттық. Халқы өте қонақжай көрінді. Сәл шүйіркелесе кетсең болды, «Жүр, біз­дің үйге, қонақ бол. Мен сені құрметті мей­ман етемін», – деп асты-үстіңе түсіп бәйек болады. Жеңісімізді тілегендер де аз болған жоқ. «Қазақстан мен Әзірбайжан – бауырлас елдер. Сіздер жеңіңіздер! Бә­рібір де біздің футболшылардан ештеңе шық­­пай­ды. Бапкеріміз де нашар. Ал сіз­дердің соңғы ойындарыңызды көрдік. Егер Түр­кия­да көрсеткен өнерлеріңізді осы жолы да алаңға төксеңіздер, жеңіс – сіз­дердікі», – деп мерейімізді тасытып жатты. «Құ­ра­ма­мыздың қалай ойнағанын қайдан бі­ле­ді?», – деп біз де таңбыз. Сөйтсек, әзір­­­­бай­жан­дықтар кабельдік теледидар ар­қылы тек біздің ғана емес, тікелей эфир­ден бас­қа құрамалардың да ойындарын та­ма­ша­лап отырады екен. Иә, осындайда өзгенің емес, өз құрамасының ойынын те­ле­ди­дар­дан көруге зар боп жүрген қазақ­стан­дық жан­күйерлерді шынымен де аяйды екен­сің. Дегенмен бұл Әзірбайжан халқының дер­лігі футболмен «ауырады» деген сөз емес. Футбол жайлы әңгімелескісі кел­мей­тіндер де көп. Несін айтасыз, тіпті Әзір­бай­жан – Қазақстан ойынының өтетін­дігі жө­нін­де білмейтіндер де жетерлік екен. Шы­нын айтсақ, көшелерден алдағы матч ту­ра­лы жарнамаларды да байқаған жоқ­пыз. «Мұнда халық футболға қызығады. Бірақ нөмірі бірінші спорт – күрес пен бокс», – деп түсіндірді мұны артынан әзір­бай­жандық жур­налистердің бірі. Солайы солай шығар, алайда бокстан әлем чем­пионатының өте­тін­дігі туралы де еш жерде билбордтар ілін­беген. Жергілікті тұр­ғын­дардың да бұл туралы мәліметтері аз. Тағы бір байқағанымыз, маусым айын­да елордамыздың «Астана-Арена» ста­дио­нын­дағы Қазақстан – Әзірбайжан мат­чы­нан кейін әзірбай­жан­дықтардың бас бап­­ке­рі Бергти Фогтс жур­на­лис­те­ріне қатты ренжіп қал­ған сияқты. Есте­рі­ңізде болса, сол ойыннан кейін Әзір­бай­жан жур­на­лис­тері неміс мама­ны­ның намысына тиер сөз­дер айтып, со­ңын­да мас­қа­ра­лық­тың бел­гі­сін біл­ді­ретін сыйлық сый­ла­ған еді. Сон­дық­тан болар Бергти Фогтс Әзірбайжан – Бельгия матчының алдындағы да, со­ңын­дағы да бас­па­сөз мәсли­ха­ты­на «ауы­рып қалдым» деген желеумен қатыспапты. Қазақстанмен болатын ойынның ал­дын­дағы баспасөз мәс­лихатына да келген жоқ. Ойыннан кейін де көмекшісін жіберді. Жергілікті жур­налистердің бірінен, «Фогтс­пен қарым-қатынастарыңызды түзедіңіздер ме?», – деп сұрағанымызда, «Осы ойыннан кейін көре жатармыз», – деп жауап берді. «Сірә, Фогтсты көргілеріңіз жоқ сияқты ғой», – деп тағы да сол журналистке сұрақ қой­­дық. Әзілқой екен, «баспасөз мәс­ли­хаттарына келгісі келмесе, демек, ол да бізді көруге құштар емес-ау», – деп жауап берді. Ойынға бір күн қалғанда Әзірбайжан – Қазақстан кездесуі өтетін Тофик Бахрамов стадионын да өз көзімізбен көрдік. Негізі, білетін боларсыздар, алаң қожайындары бізді Бакуде емес, Лянкоран қаласының ста­дионында қабылдауы керек болатын. Бірақ алаң сапасының нашарлығын алға тарт­қан УЕФА сарапшылары мұнда халық­аралық кездесулерді өткізуге тыйым сал­ған. Артынан білгеніміздей, Лянкорандағы ста­дионның алаңы күнге әбден күйіп, шөбі сар­ғайып кетіпті. Бірақ бізге Тофик Бах­рамов атындағы стадионның да сапасы аса ұнаған жоқ. Әзірбайжандық бауыр­ла­ры­мыз ренжімес, бірақ шынын айтсақ, жұм­сар­тып айтқанда ауданның стадионына тап болғандай күйде болдық. Сырты да ескі, ішінің де ұсқыны кеткен. Ал матч со­ңындағы баспасөз мәслихаты қайда өтті дейсіз ғой?! Палаткадан құрылған шатыр­дың ішінде гуілдеп отырдық. Бұған дейін Алматының Орталық стадионына көңіліміз толмаушы еді. Қарап отырып, бір-ақ сәтте көз алдымызда Орталық стадионымыздың рейтингі көтеріліп бара жатқандай болды. Ал матчқа билеттердің ең арзаны екі манат, яғни орташа есеппен 375 теңге, ал ең қым­баты 10 манат, яғни 1870 теңге болса, VIP орын­дардың билеттері 30 манат, теңгеге шаққанда 7500 теңге. Біздің ғана ойы­ны­мыз­ға билет арзан шығар деп ойлаған едік, сөйтсек, мұнда ылғи билет арзан екен. Сондай-ақ бұл стадион соңғы рет ха­лық­­аралық матчты қабылдайды деген сы­быс та естіліп қалды. Негізі, Бакуде әлемдік стандартқа сай, 60 мыңдық екі ірі стадион салынып жатыр екен. Келесі жылдан бастап Әзірбайжан құрамасы өз ойындарын сол ста­диондардың бірінде қабылдауы ық­ти­мал көрінеді. Міне, Әзірбайжан құрамасы бізді осы ста­дионда қарсы алды. Шөбі тықыр, ала­ңының кедірі көп. Жаңбыр жауған соң тіптен тәуір өнер көрсету мүмкін болмай қал­ды. Дегенмен жерлестеріміз жеңісті қол­дан бермеді. Бұрынғыдай алақтау, дал­балақтау да жоқ. Ал ойынның бас кезінде «бауырым» деп құшағына алған жан­күйерлері 90 минутқа бізді жау көрді де, матчтан кейін, қайта құшағына алып, «Егер Қазақстан құрамасы басқа коман­да­мен кездессе, біз сіздердің жанкүйер бо­ламыз. Бірақ өзара кездесулерде емес. Түркия, Әзірбайжан және Қазақстан секілді бауыр­лас елдердің бір топқа түскені өкінішті», – деп жұбатып жатты. Иә, соңғы кездері, «Бұрын Пайперстің ке­зінде жинаған ұпайымыз көп болатын» деу­шілер табылуда. Рас, ол кездері ұпайымыз көбірек болды. Бірақ келісетін бо­ларсыздар, ойынымыз тұзы жоқ ас секіл­ді болушы еді ғой. Ал Беранек келгелі ойынымызда жүйеліліктің бары сезіледі. Ақырындап жеңістің иісі сезіліп келеді. Егер Мирослав мырзаға бастаған ісін со­ңына дейін жеткізуге мүмкіндік берсе, он­да жақын болашақта сырт алаңында Түр­кия­дан да ұпай алатын кез алыс емес. Тек, футболшыларымыздың рухын түсірмейік! Қайта қайрап, «сен мықтысың» дей берсек, намысқа тырысатын фут­бол­шы­ла­ры­мыз­дың өздері-ақ пісіп жетіледі. Фут­бол­шы­ларымыз қазір сын ма­териал­дарға емес, рух көтерер мақалаларға зәру. Ал әсіре сы­ни тақырыптармен қазақ спортын алысқа апа­ра алмаспыз. Автор: Әзиз Оразбай
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Алдыңғы жаңалық
Ұпайсыз жеңіс
Келесі жаңалық
Ойын бар, жеңіс жоқ
Серіктес жаңалықтары
×