Ұпайсыз жеңіс

08.09.2011, 01:50
Ұпайсыз жеңіс
Қазақстан мен Түркия құрамалары арасындағы ойын өткелі біраз күн болса да, ол турасындағы әңгіме әлі таусылар емес. Өйткені бұл бәсекеде тосын оқиға тіркеле жаздады. Азулы түріктер бір кездері қалпақпен ұрып алатын қарсыласымен өз алаңдарында ұпай бөлісуге шақ қалды. Әдетте қазақтардың қақпасына топырлатып гол салатын олар осы жолы еркінси алмады. Әр нәрсенің де шегі бар - ұдайы ірі есеппен ұтылып келген Қазақстан құрамасы өзара төртінші бәсекеде мінез көрсетті. Дегенмен 2012 жылғы Еуропа біріншілігінің іріктеу кезеңі шеңберіндегі бұл кездесуде алғашқы голды алаң иелері соққан еді. Александр Мокин қорғаған қақпаға бірнеше рет қауіп төндірген Бурактың талпынысы нәтиже берген сәт - 31-ші минут болатын. Отандастарымыз да қарап қалмай, үзіліске дейін бірді-екілі шабуыл ұйымдастырды. Ұзынтұра Гридин еңгезердей денесімен-ақ түріктердің құтын қашырды. Біздің жігіттердің арасында Генрих Шмидтгаль мен Ұлан Қонысбаев белсене көзге түсті. Бірақ ойынның бірінші жартысы алаң иелерінің жеңісімен аяқталды. Үзілістен соң гол соғу кезегі біздің жігіттерге де жетті. Оң қанатпен алға ұмтылған Ұлан Қонысбаев допты қарсылас команданың айып алаңына қарай тепті, қызық болғанда ол түріктер қақпасынан бір-ақ шықты! Есеп теңесті. Осыдан кейін Гус Хиддинк баптайтын ұжымнан береке қашты. Есесіне отандастарымыз сауатты қорғануға көшті. Ара-тұра қарсы шабуылдарға иек артқан жігіттеріміз түріктерді қатты абыржытты. Жүйкелері сыр берген алаң қожайындары пенальтиден мүлт кетіп, тіптен састы. Алайда қырсық төрешілер қас қылғандай 7 минут қосымша уақыт қосты. Бұл, әрине, салы суға кеткен түріктерге тиімді еді, олар дәл сол уақыттың соңғы минутында айып соққысын орындаған Арда Туранның арқасында жеңіс голын енгізді. Ойынның соңғы минутына дейін түрік жанкүйерінің жаны шүберекке түюлі болғаны анық. Алаң иелері шешуші голды соққанда, балаша қуанысты, бір-бірлерін қызу құттықтап, мәре-сәре болды. Чех маманы Мирослав Беранек жаттықтыратын біздің құрама бұл жолы да Түркия командасынан ұтылды. Бірақ алғаш рет түріктердің қақпасына гол соқтық, бұл да алға қадам басқанымыздың белгісі. Сәті түспеді, әйтпесе жігіттеріміз төккен тердің өтеуі тең нәтиже еді. Не десек те болар іс болды, қолда тұрған ұпай сусып кетті. Футболшыларымыздың намысты қолдан бермеуге тырысқандары анық, сол көңілге медет. Түркия құрамасымен бәсекеде ұпай олжалай алмасақ та, кішігірім жеңіске жеткендей болдық. Осы күні топтағы басты қарсыласымыз Әзірбайжан құрамасы Бельгия командасын қабылдап ұпай бөлісті. Әзірбайжанның барлық футболшылары «қазақтарды ұтуға тиіспіз, ұтамыз» деп желпініп отыр. Олар Астанадағы бәсекенің нәтижесі әділетсіз шыққанын алға тартып, осы жолы қайткенде де есе қайыруға бел буды. Әйтсе де аузы дуалы мамандар Қазақстан құрамасының Әзірбайжан командасына қарағанда күштірек екенін мәлім етуде. Расымен солай ма, оған бүгін өтетін кездесуден кейін көз жеткіземіз. Шалқар ЕСТЕН
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×