Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы капитаны Самат Смақов "Ахматқа" ауысқан Ғалымжан Кенжебектің аяқалысына қатысты өткір пікір білдірді. Смақовтың айтуынша, талантты футболшының қосалқы құрамда қалып қоюы оның бабына кері әсерін тигізуі мүмкін, деп хабарлайды Aladop.kz.
"Елiмайды" өрге сүйреген Кенжебек неге тоқырап қалды?
Самат Смақов Кенжебектің өткен маусымдағы жарқын ойынын еске алып, қазіргі жағдайына көңілі толмайтынын жасырмады. Ол футболшы үшін ең басты мәселе – ойын практикасының аздығы екенін баса айтты.
“Бұл Ғалымжан үшін өте нашар жағдай, өйткені ол ойын практикасын жоғалтып жатыр. Өткен маусымның соңында бабында болған кезде "Елімайды” жалғыз өзі алға сүйреген еді. Ал қазір тек қосалқы құрамнан алаңға шығып жүр.” – деді Смақов.
Оның пікірінше, Ресеи чемпионатының деңгейі жоғары болғанымен, Қазақстандық ойыншылар ол жақта бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеп жүр. Мысалы, Максим Самородовтың сәтті қадамдарын тілге тиек еткен Смақов, Кенжебектің де әлеуеті зор екенін ескертті.
"Ғалымжан Кенжебектің тек қысқа уақытқа алмасуға шығуы шеберлігін шыңдауға кедергі. Ол – құрама лидерлерінің бірі, сондықтан үнемі негізгі құрамда ойнауы тиіс. РПЛ деңгейіне бейімделу үшін тек жаттығу жеткіліксіз.” – деп түйіндеді ардагер футболшы Sports24.kz сайтына берген сұхбатын.