"Қайраттың” 17 жасар сұрмергені, Дастан Сәтпаев Премьер лиганың 17-ші турында “Қызылжарды” (3:0) тас-талқан етіп, өзінің туған клубымен сұрапыл нотада қоштасты, деп хабарлайды Aladop.kz.
Осы тарихи сәттен кейін әлемге әйгілі инсайдерлер мен журналистер жағаларын ұстап, қазақ баласының Лондондағы “Челси” клубына ауысуы күллі әлемдік футбол қауымдастығын дүр сілкіндіретінін жарыса жазды.
Бұл кездесуде Алматының Орталық стадионында ине шаншар жер болмады. Ойын барысында “Қайрат” жанкүйерлері Лондондағы “Стэмфорд Бридж” стадионына аттанғалы тұрған Дастан Сәтпаевқа арнап, алып баннер жайып, керемет шоу ұйымдастырды.
Танымал Еуропалық журналист Киран Гилл өзінің Х әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында бұл көрініске тәнті болып, былай деп жазды:
“Бұл жай ғана ғаламат дүние. Бүгінгі лық толы стадионда “Қайрат” фанаттары “Челсиге” жол тартпақ Дастан Сәтпаевтың құрметіне зор баннер ашты. Онда: “Еуропа, дайындал — қазақ жауынгері жолға шықты!” деп тайға таңба басқандай жазылған. Сонымен қатар, бүкіл стадион 17 жасар жас баланың есімін тоқтаусыз айқайлап, ұрандатып тұрды." — дейді маман.
Әлемдік беделді медиа алпауыт BBC-дің белгілі шолушысы Назар Кинселла да бұл трансфердің маңыздылығына тоқталып, Дастанның “Челсиге” ауысуын тарихи оқиға деп бағалады.
“Қайрат” сапындағы соңғы ойынын мұндай керемет жеңіспен аяқтау — “Челсиге” аттанар алдындағы ең тамаша сый болды. Бұл Дастанның өзі үшін де, оның туған клубы мен күллі Қазақстан үшін де өте зор, тарихи сәт екені сөзсіз. Оның “Стэмфорд Бриджде” ойнауға мүмкіндік алуы — үлкен мақтаныш.” — деп жазды Кинселла.
Дастанның трансфері тек журналистерді емес, “Челсидің” миллиондаған фанаттарын да дүр сілкіндірді. Желідегі ең танымал “r3tro23” фанаттар аккаунты Қазақстандық шабуылшының соққы жасау шеберлігіне жоғары баға берді.
“Мына жігіт пе? Ол — тума талант, нағыз соққы жасаудың шебері! Енді Англиядағы қақпашылар оның жойқын соққыларынан аяусыз зардап шегетін болады.” — деп ескерту жасады “Челси” жанкүйерлері.
Осылайша, Дастан Сәтпаев туған елімен және жанкүйерлерімен нағыз жауынгер ретінде қоштасып, тұманды Альбионға қарай жол тартты.