«Ордабасы» алғаш рет «орда» бұзды

15.11.2011, 18:13
«Ордабасы» алғаш рет «орда» бұзды

«Ордабасы» футбол клубы тұңғыш рет Қазақстан кубогын жеңіп алып, өз тарихында алғаш рет ерен жетістікке қол жеткізді. Ақтық ойын Алматыда өтіп, сегіз жарым мыңдай жанкүйер жиналды. Алатау бөктеріндегі Орталық стадионға көптен бері осынша көрермен келмеп еді. Ауа райы да тамаша болып, футболшылардың көсіле шабуларына мүмкіндік туды. Матч басталған бетте, «Тобылдың» қарқыны жоғары болды. Қарсыластарын тықсырып, қыспаққа ала түсті. Бірақ «Ордабасы» да қарап қалмады. Қарсы шабуыл ұйымдастырып, қостанайлықтардың қорғанысын піспектеп отырды. Осындай шабуылдарының бірінде Багинский қорғаған қақ­паның бағанасын дір еткізіп, көрермендерді дүрліктірді. Ал бірінші таймның аяғында допты бұрыштан ойынға қосу мүмкіндігіне ие болып, оны сәтті аяқтады. Әуелеп ұшқан допты Мұхтар Мұхтаров басымен қақпаға тоғытып, қостанайлықтарды сеңдей соғыстырды. Осылай «Ордабасы» алға шықты. Екінші тайм да өте қызықты өтті. Екі команда да айылын тартпай, табан тіресе айқасты. Алма-кезек шабуыл ұйымдастырып, бір-бірінің қақпасын торумен болды. Шымкенттіктер бірнеше мүмкіндікті мүлт жіберсе, қостанайлықтар «Ордабасы» клубының қақпашысы Алмат Бекбаевтан айлаларын асыра алмай, пұшайман болды. Роман Нестеренконың көлеңкесінде жүрген Алмат бұл ойында бірнеше қауіпті соққыларға тосқауыл болып, хас шеберлік танытты. «Біраз баптап, шыңдай түссе, ел намысын қорғауға лайық жігіт екен» деп сүйсінумен болдық. Ойынның тартысты өткендігі соншалық, екінші таймның қалай тез біткенін де байқамай қалдық. Қазақстан ұлттық құрамасының топсасы берік қорғаушысына айналған Мұхтаровтың соққан жалғыз голы ойын тағдырын шешті. Жалпы, «Ордабасы» сапынан команда капитаны Қайрат Әшірбеков те ерекше көзге түсті. Аянып қалған ешқайсысы жоқ. Бәрі де мақтауға тұрарлық ойын үлгісін көрсетті. Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті Сейілдә Байшақов пен Ұлттық футбол лигасының басшысы Михаил Гурманның қолынан ел кубогын алғанда, Шымкент футболшыларының қуаныштарында шек болмады. Жасыл алаңда асыр салып, қуаныш құшағында қиқуға басты. Матчтан кейінгі баспасөз жиынында «Тобылдың» бас бапкері міндетін атқарушы Александр Беляков ойынның финалдық додаға сай тартысты өткендігін атап өтті. Мұндай ойындарда қателіктің кешірілмейтіндігін тілге тиек етіп, өздері бір ғана ағаттықтарының сазайын тартқандығын баса айтты. Облыс әкімі Сергей Кулагинге алғыс-рақметін жаудырып, шымкенттіктерді тамаша жеңістерімен құттықтады. Өте орынды және салмақты сөздер айтқан маманның тек «негізгі құрамнан Игорь Юринге орын таба алар емеспін, ол деңгейі жоғары, шебер ойыншы-ақ, бірақ қай шепке қоярымды білмеймін» деген сөздері журналист біткенді ойландырды. «Юринге негізгі құрамнан орын таппағаны қалай?» деп таңғалдық... «Ордабасы» клубының бас бапкері Виктор Пасулько ойыншыларына дән риза екендігін білдіріп, олардың осы қуаныштарын көрудің өзі бір ғанибет екендігін сездірді. Білікті маман өз командасының енді-енді бауырын жазып, жетіліп келе жатқандығын меңзеді. Дәл қазір «Ордабасы» сапында жергілікті ойыншылар, яғни Оңтүстік Қазақстан облысының түлектері көп. Пасулько бұл командамен ары қарай да жұмыс жасай бергісі келетіндігін сездірді. Әрі команда сапын көп өзгертпей, үш-төрт ойыншымен осалдау деген шептерін нығайтқысы келетін ойы бар екендігін де жайып салды. Лобановский, Бесков, Фергюсон сынды сұңғыла мамандардың бір командамен қанша жыл жұмыс жасап, өз шәкірттерін қандай жоғары жетістіктерге жеткізгендігін де өз сөзіне арқау етті. Тұзы татитын орынды сөздерімен, тұщымды тұжырым-пікірлерімен жиналғандардың құлақтарының құрышын қандырды. «Ордабасы» (Шымкент) – «Тобыл» (Қостанай) – 1:0 Гол: Мұхтаров, 40. Сливич («Т») 70-минутта алаңнан қуылды. «Ордабасы»: Бекбаев, Қожабаев, Мұхтаров, Трайкович, Мвесигва, Евстигнеев, Касьянов (Вагнер, 90), Нұрғалиев, Әшірбеков (Ирисметов, 82), Бабатунде, Тәжімбетов. «Тобыл»: Багинский, Овшинов, Кислицын (Зебелян, 68), Лотов, Қуантаев, Богданов, Сливич, Жолчиев (Костюк, 77), Волков, Бекрич, Гридин. Автор: Нұрғазы Сасаев

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×