Шымкенттің «Ордабасы» иесі, кәсіпкер Шахмұрат Мүтәлип Маңғыстау облысында қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына қаржылай көмек көрсететінін мәлімдеді. Әр отбасыға 25 миллион теңгеден беріледі, деп хабарлайды Aladop.kz.
Мүтәліптің айтуынша, көмек оның компаниясы «Integra Construction KZ» тарапынан көрсетіледі. Қаражат әр отбасыға жеке-жеке беріліп, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауға қосымша болады.
Кәсіпкер қаза тапқандардың туған-туыстарына көңіл айтып, бұл ауыр сәтте қайғылы жағдайға тап болған отбасылардың жалғыз қалмауы маңызды екенін атап өтті.
Қайғылы оқиға 24 қыркүйекте Маңғыстау облысының Каспий теңізі жағалауында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде болған. Ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюінен әскери қызметшілер теңізге түсіп кеткен. Кейінгі мәлімет бойынша, 12 әскери қызметші қаза тапқан, тағы екі адам із-түзсіз жоғалған, үш адам құтқарылған. Құтқарылғандардың бірі ауруханаға жеткізілген.
Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, трагедияның себептері мен барлық мән-жайын анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылған.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан әскери қызметшілердің жақындарына көңіл айтып, тиісті органдарға оқиғаның мән-жайын анықтап, марқұмдардың отбасыларына қажетті көмек көрсетуді тапсырды. 25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Шахмұрат Мүтәліп 2026 жылы «Ордабасының» жеке басқаруға өтуімен клубтың негізгі инвесторына айналған. Ақпан айында Шымкент әкімдігі «Integra Construction KZ» компаниясымен клубты жекеменшік басқаруға беру жөніндегі меморандумға қол қойғанын хабарлаған болатын.