«Ордабасы» маусымның басты жаңалығына айналды

26.04.2022 23:52 ҚПЛ

Седнев шәкірттері сегіз тур ішінде еурокубокке қатысатын үш команданы тізе бүктірді.

«Ордабасы» маусымның басты жаңалығына айналды

Бүгін Қазақстан Премьер-лигасының сегізінші турындағы шымылдық ашар ойында «Ордабасы» «Қайратты» қабылдады. Матч Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда өтті. Жұмыс күні болғанына қарамастан, ойынға жанкүйерлер көптеп жиналды. Оған нағыз керемет ауа-райы мен қарсыластың «Қайрат» секілді азулы команда болғаны әсер етсе керек. Әншейінде адам отырмайтын секторлар лық толды. Соңғы нәтижелерге қуанып жүрген жанкүйерлер бұл жолы да «Ордабасыдан» жеңіс күтті. Осы ретте стадиондағы атмосфераға куә болған Aladop.kz тілшісі ойынға сараптама жасап көрді.


Матч бастала салысымен алаң иелері шабуылға лап қойды. Осындай шабуылдардың бірінде доп «Қайрат» қорғаушысының қолына тиіп, төреші пенальти белгіледі. Нүктеге келген Эльхан Астанов доп пен қақпашыны екі жаққа айырды. Бірақ «Қайрат» фаворит екенін дәлелдеп, жауап қатуға тырысты. Көп сәтте «Ордабасы» қорғаушылары абдырап қалып жатты. Ойынның 30-минутында Жоао Паулоның әуелете асырған пасын Артур Шушеначев кеудесімен тосып алып, қақпаға дәл бағыттады. Осылайша, ойынның алғашқы бөлігі тең есеппен тәмамдалды.

Командасының бірінші таймдағы ойыны ұнаса керек, шымкенттік клубтың бас бапкері Александр Седнев құтты орнынан тұра қоймады. Тек матчтың екінші бөлігінде алаң жиегіне шығып, ақыл-кеңесін айтты. Ал Құрбан Бердыев өткен ойындағыдай жеңіліске ұшырамас үшін бір сәтке дамыл тапқан жоқ. 

Екінші таймның басында Серж Ньюадзи қапталдан сытылып шығып, қақпаға қарай соққы жасаған еді, доп алматылық клубтың қорғаушысына тиіп, Устименко қақпасының торынан табылды. Жанкүйерлер мәз-мейрам және шабуылшыны мақтап, ойынына дән-риза болды. Африкалық шабуылшы осы голының арқасында сұрмергендер тізімінде жеке-дара көш бастады. Бірнеше минуттан кейін Серж чемпионаттағы жетінші голын соғуға өте жақын болды. Стадиондағылар орнынан тұрып, үшінші голды енді тойлағалы жатыр еді. Бірақ оның баспен жасаған соққысы қақпа бағанының маңынан өтті. 

Матчтың бел ортасынан асқанда «Ордабасы» қақпасына пенальти белгіленді. Жанкүйерлер «Бекхан, Бекхан» деп айқайлап, «Ордабасы» қақпашысына қолдау көрсете бастады. Ыстық ықыласты сезінген Шайзада үмітті ақтап, Рикарду Алвештің добын қайтара білді. Стадион ду ете қалды, жиналғандар орнынан тұрып, шапалақ ұрып, 24 жастағы қақпашының мақтауын асырды.


Осылайша, Құрбан Бердыевтің ойлағаны жүзеге аспады. Себебі, команда сапында топырлатып гол соғатын Хосе Канте, қорғанысында Маки Баньяк және дирижер болып, ойынды жүргізетін Маки Баньяк болмады. Еркебұлан Сейдахмет пен Жоао Пауло да көріне қоймады. Сапалы пастар беретін Алвеш те өз мүмкіндігін пайдалана алмады. Сол себепті алматылық клуб қатарынан екінші матчта жеңілістің кермек жәмін татуға мәжбүр болды.


Ал «Ордабасы» керісінше, Александр Седневтің тапсырмасын мүлтіксіз орындап, маңызды жеңіске қол жеткізді. Серж Ньюадзи өз міндетін атқарды, ортадағы Виктор Брага дейтін ойыншы шаршаудың не екенін білмейді екен, қорғанысындағы Карам Сұлтанов бірінші қабатта керемет ойнамаса да, әуедегі доптарға бірінші жетіп жатты. Доп Эльхан Астановқа келген сайын стадион ду етіп, футболшының сәтті әрекет ететініне сенімді болып отырады. Ал Бекхан бүгін керемет сейвтерімен көзге түсіп, команданың жеңісіне өлшеусіз үлес қосты.


Төрешінің соңғы ысқырығы естілгеннен кейін «Ордабасы» ойыншылары трибунаға жақындап, жанкүйерлерге алғысын айтты. Олармен бірге «Шымкент» деп ұрандатып, керемет футбол атмосферасын құра білді. Стадионға жиналғандар да клубтың турнирлік кестеде көш бастағанына сенер-сенбесін білмей, шат-шадыман күйде үйлеріне қайтты.

Бірінші орынға бірер сағатқа ғана шықты ма деп едік, «Тобыл» мен «Астана» тең ойнап, шымкенттік командаға бұл сатыда сәл ұзағырақ тұруына мүмкіндік берді.

«Қызыл-Жармен» болған ойында стадионға келген қала әкімі бүгінгі матчқа келмеген секілді. Өткен ойыннан кейін киім ауыстыратын бөлмеге кіріп, командаға қолдау көрсеткен Мұрат Әйтенов бүгінгі кездесуде көрінбеді.

Маусым басында жабылып қалу қаупі төнген «Ордабасы» сегіз турдан кейін көш басына шықты және еурокубокке қатысатын үш команданы, атап айтсақ «Тобыл», «Қызыл-Жар», «Қайратты» тізе бүктірді. Оныншы турда Седнев баптайтын команда өз алаңында «Астананы» қабылдайды. Жанкүйерлердің көмегімен елордалық команданы да жеңсе, маусымның басты жаңалығы осы болмақ.

0 пікір