«Манчестер Сити» «Реал Мадридтен» айласын асырды

27.04.2022, 13:43
Матч барысында жеті голға куә болдық.
«Манчестер Сити» «Реал Мадридтен» айласын асырды

УЕФА Чемпиондар лигасының жартылай финалындағы алғашқы ойында «Манчестер Сити» өз алаңында мадридтік «Реалды» қабылдады. Манчестер қаласындағы (Англия) «Этихад» стадионында өткен кездесу 4:3 есебімен алаң иелерінің пайдасына аяқталды.

Матчтың 2-минутында «Манчестер Ситидің» жартылай қорғаушысы Кевин Де Брюйне есеп ашты. 11-минутта шабуылшы Габриэль Жезус алаң иелерінің есептегі басымдығын нығайта түсті. 33-минутта «Реалдың» шабуылшысы Карим Бензема бір голмен жауап қатты.

Екінші таймда «Манчестер Ситидің» ойыншысы Фил Фоден командасының үшінші голын соқты. Екі минуттан соң мадридтік клубтың шабуылшысы Винисиус мергендік танытты. 74-минутта жартылай қорғаушысы Бернарду Сильва «Реалдың» қақпасына төртінші голды соқты. Ал 82-минутта Бензема пенальтиді сәтті орындап, есепті 4:3-ке жеткізді.

Қос команда арасындағы жауапты ойын 4 мамырда Мадридте (Испания) өтеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×