«Ордабасы» орда бұза ма?

Мұқашұлы Мұрат
Мұқашұлы Мұрат
Бас редактор
21.08.2020, 00:33
Амангелді Сейтханов майын тамызып жазыпты.
«Ордабасы» орда бұза ма?

Шымкент командасының ішкі біріншілікте жүлдеге ілініп, Еуропа алаңдарында доп тебуге мүміндік алғаны бір биыл емес. Ел атынан белсеніп шығуын шығады. Дегенмен делебе қыздырар ойын көрсете алмай, жанкүйер біткеннің жүйкесін жүндей түтіп, футболдың мазасын қашырады. Неге солай болатыны тағы жұмбақ. Желеу біткеннің жалынан мықтап ұстап алып, іріктеу сындарында іркіліп қалады. Енді тағы бір мүмкіндік туып тұр. Еуропа лигасында өнер көрсету мүмкіндігі. Ол үшін үш-төрт сатылы плей-офф бәсекелерін өз пайдасына шешуі тиіс.Тіпті кезең біткен жалғыз ойынмен түйінделеді. Қарымта ойын деп, қиналу жоқ. Білгеніңді бір матчта сыртқа танытып, кедергі біткеннен аттап өте береді. Оның үстіне жеребе Кахабер Цхададзе шәкірттеріне жолдас болып шықты. Бәсекені өз алаңында бастайды. 27 тамызда Румынияның «Ботошани» командасын қабылдайды. 

     «Ботошани» туралы не білеміз? Азуын Айға білеген кезі аз, алайда қазір Румынияның белді командаларының біріне баланады. Ботошани қаласының үміті. Бұл қала бұрын жарысқа «Венусты» қосушы еді. Кейін «Унирясымен» де талай сынға қатысты. 1973 жылы футбол командасына «Ботошани» деген ат берді. Әлгі атау құт дарытты ма, жергілікті жігіттер бір жылдан кейін В дивизионына жолдама алды. Одан құтайып кетпегені тағы анық. Төменгі топ пен жоғарғы лига арасын біраз жыл жол қылып жүрді. Кезінде команда сапында ойнап, кейін бапкер атанған Николае Добрин ұжым тізгінін қолға алғанда ғана қала футболына қан жүгіріп, он бір жыл, яғни 1990 жылға дейін төмен түскен жоқ.

     Тағы он жыл бері жылжып, «Ботошанидың» жаңа тарихын тізетін болсақ, 2003 жылы мықтылар сапына қайта қосылды. Арада екі жыл өткенде Валериу Ифтими тұтас команда қожайынына айналып, 2013 жылы Лига 1 аталған топқа қосылды. Сол жылдары сапында тек румын футболшылары өнер көрсететін жалғыз команда еді. Сапына сырттан ойыншы қоспайтын салтты ұстанған. 2015 жылы ұлттық біріншілікте жүлдегер атанып, Еуропа лигасының іріктеу сындарына қатысты. Алғашқы турда Грузияның «Спартак-Цхинвалиімен» сырт алаңда 1:1 есебімен тең түсіп, Румынияда 3:1 есебімен жеңіске жетіп, екінші айналымда Польшаның «Легиясына» жол берді.

    Қазір де қатырып футбол ойнамайтыны белгілі. Мысалы, былтыр «Астанамен» кездескен Клуж ЧФР-ының «қолына су құя алмайды». Қорғанысы жиі сетінейді. Михай Роман секілді бір-екі тәжірибелі ойыншы бар демесеңіз, команда сапында қазір көбіне жастар ілінген. Қорғаныста Марсель Хольцмман секілді аты-жөні былайғы жұртқа онша танылмаған жігіттер өнер көрсетеді. Қос қақпашы да 1994 жылы дүниеге келген. Хидайет Ханкич те, Эдуард Пап та ептеп қателік жібереді. 2 тамыз күні ұлттық біріншіліктің екінші турында «Газ Метаннан» 4:1 есебімен басым түсті. Мұндай табысқа тур сайын кенеліп жатқан жоқ. Оның алдында ЧФР мен «Университатия Крайовадан» ойсырай ұтылған. «Газ Метанмен» өткен ойында Риджи Офосу мен Амиду Кейта, Эдуард Флореску мен Роман гол соқты. Қақпаны Пап күзетті. Шынына келсек, «Ордабасының» шамасы келетін қарсылас. Тек жаза баспасын деңіз. Қазақстанға келгенше, «Ботошани» бір матч өткізеді. 21 тамыз күні «Арджеш Питештымен» ойнайды.

     Қазақстан футбол біріншілігі кеше қайта жалғасты. Демек, шымкенттіктер де алаңға бірнеше рет шығып үлгереді. Бір ойында бабына келе қоймас. Екі кездесу кәдімгідей демеу, дәтке қуат. Рас, көктемнен кейін допты күзге салым бір-ақ тепкен командада не күй болсын дейсіз ғой. Бар екен, ептеген ойын. Әуелі өз жанкүйерлерін салқын суға салып алды. Мұздай бастағанда намыс туын қайта көтерді. Анығын айтсақ, Алматыдағы Орталық стадионда «Жетісумен» кездескен Кахабер Цхададзе шәкірттері 3:2 есебімен жеңіске жетті. Ұтылып жатып, жеңісті жұлып алатын жағдай футболда ара-тұра кездеседі. Бірақ «Ордабасы» секілді, негізінен, қорғаныста жамбастап жататын команданың екі доп жеңіліп жатып, еңсе тіктеуі сирек оқиға. Ә дегенде, жеріміз жақын деді ме, «Жетісу» алға ұмтылды. Құрамында қолды-аяққа тұрмайтын Педро Эуженио деген ойыншы бар. Шабуыл өтінде жүрген сол. Голды да соқты, пасты да берді. Дмитрий Огай шәкірттері 2:0 есебімен жеңіп жатты. Сол сәттерде «Ордабасының» екі орталық қорғаушысы Пабло Фонтанелло мен Александр Симчевичтің не бітіргені бізге жұмбақ. Мысалы, Педро ұсынған пасты керегіне жаратып, мергендік танытқан кезде Мартин Тошев жанында Мардан Төлебек жүрді. Мардан жігіт екен. Олай дейтініміз, бірінші тайм бел ортасынан асқан тұста доп тек Төлебектің аяғында болды. Қорғаныста да, шабуылда да белсенді. Бір ғана Мардан емес. Бразилиядан келген жартылай қорғаушы Жоао Пауло да жасындай жарқылдады.

      «Кәрі пышақ ұялғанынан өтеді» деп келетін мақал Сергей Хижниченкоға қарата айтылса керек. Бұған дейін Қазақстан чемпионатында 59 гол соққан сұрмерген 60-шы допты дәл осы ойында соғуға сөз берген секілді. Бірінші таймнан бастап Андрей Шабанов қорғаған қақпаны торуылдады. Жолай ескерту алып үлгергенін де айтайық, «Ордабасы» ұтылмай тұрып. Орта тұстағы қарсыласын жеңінен тартып қалды ма, жөніне кетіп бара жатқан жігітті жолынан жаңылдырып, төреші кәріне ұрынды. Шымкент командасы үзіліске дейін арасалмақты қысқартпаса, іс насырға шабатын еді. Соны сезген Симчевич әлгі бір қателіктерді жуып-шаюды ойлады ма, әуелеп келген доптың бірін қақпаға бағыттады.

     Үзілістен кейін «Ордабасы» шабуылды үдете түсті. Тағы сол Жоао Пауло ұсынған допты Сергей Хижниченко қақпаға бұрып, балаша қуанды. Балаша дейтініміз, жаңа гол соққан жеткіншек секілді жағасы жайлауға кетіп, жанына адам жолатпай шаттанды. Алпыс доп күнде соғылмайды. Сәлден кейін Жоао Пауло жеңісті жұлып алды. Есе қайтарудың төресі бұл. «Ордабасы» екінші таймда өте жақсы ойнады. Біз атаған футболшылардан бөлек, Май Махлангу, Рубен Бриджидо, Зиги Бадинбига секілді ойыншылар көрермен көңілінен шықты. Кеңінен көсілетін болса, «Ботошаниды» быт-шыт ұтатыны сөзсіз. Бірінші таймның басындағы кейпіне келіп, кежегесі кейін тартпаса болды.

        «Жетісумен» өткен кездесуде Тимур Досмағамбетов та жігер танытты. Қорғаушы Дамир Даутовтың да қызметі ерекше. Айтпақшы, Дамир жеребеге қатысты пікір айтып, румындарды мықты қарсыласқа балапты. «Ботошаниды» жаттықтыратын Мариус Кроиторды жақсы таниды екен. Танитын жөні бар. Мариус он жыл бұрын «Атырау» сапында жүрді. Абдуллай Диакатені де тілге тиек еткен дұрыс. Диакате кейде дөрекі ойнайды. Алаңда да төрешілермен салғыласып, сол тірлігінен опық та жейді. Абдуллай алдыңғы ойындардың бірінде тағы да тілінен тауып, екі матчқа шеттетілді.

     Апта бұрын Марат Быстров Ресей премьер-лигасында өнер көрсететін «Ахматқа» ауысты. Быстров кезінде «Тамбовта» ойнаған. Сол кездегі бас бапкері Андрей Талалаев қазір Грозныйда. Сыралғы қорғаушыны Талалаев қажет қылған секілді. Марат «Ордабасыға» да керек еді, негізі. Екіжылдық келісімшарт ұсынса Быстров бас тартпайды ғой Ресей чемпионатынан. Шабуыл шебінде Сергей Хижниченко жүруі мүмкін. Мирзад Механовичтің қолынан да көп шаруа келеді. Шалт қимылдайды. Әріптесіне пас беруге де әбден төселген. Бельгиядан келген Зиги Бадинбига да футболдың жілігін шағып, майын ішкен. Мұндай майталмандармен румын командасынан өте алмаса, «Ордабасы» ойыншыларының арына сын. Тек олар желеу іздеп, желіп кетпесін. Қырық рудан жиналған жақсылар «Ботошаниды» жарға жыға салуға жарап тұр.

      Команданың бас бапкері Кахабер Цхададзе туралы біраз әңгіме айтылып еді. Команда басшысы Бақтияр Байсейітов сап тыйды. «Біз Кахаберге сенеміз. Сенімге сызат түскен жоқ. Ол нағыз маман. Берілген тапсырманы терең түсінеді және мақсатқа жеткізетін жолды біледі», – деді. Білікті жандар біліп айтатын шығар. Бес кездесуден кейін 7 ұпай жинап, әзірше турнир кестесінің төртінші сатысында тұр. Сол матчтан кейін сөз алған команданың жартылай қорғаушысы Тимур Досмағамбетов: «Бізде мүмкіндіктер болды. Бірақ қолымыздан ештеңе келмеді», – деп ағынан жарылыпты. «Қайғы тартудың қажеті жоқ. Кез келген көшбасшы команда ұпай жоғалтады», – деп клуб жанкүйерлерін жұбатыпты. Олардың қаншалықты жұбана қалғанын қайдам, «Ботошаниге» жол берсе, ешкім Тимурлардың маңдайынан сипай қоймас.

      Сонымен, бұйырса, 27 тамызда кімнің асығы алшысынан түскені анықталады. Әзірше екі команда да өз асықтарын шиырып отыр. Ширыққан жанкүйерлер де бар екенін ұмытпасын. 

мақала "Жас Алаш" газетінен алынды

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×