Шымкенттік «Ордабасы» Украина құрамасының ойыншысы Алексей Гуцулякты қатарына қосқаннан кейін тағы бір футболшымен келісімшарт жасасуға дайындалып жатыр, деп хабарлайды Aladop.kz.
Бұл туралы клубтың тең иесі әрі амбассадоры Бейбіт Әлібеков мәлімдеді.
Қазақстан Премьер лигасының қазіргі чемпионы жаңа маусым қарсаңында құрамын күшейту жұмыстарын белсенді жүргізуде. Шымкенттік клубтың трансферлік саясаты жанкүйерлер арасында үлкен қызығушылық тудырып отыр.
Бейбіт Әлібеков Threads әлеуметтік желісіндегі парақшасында жақын арада клуб сапына тағы бір жаңа ойыншы қосылуы мүмкін екенін хабарлады.
Осылайша, «Ордабасы» басшылығы бір ғана танымал футболшыны шақырумен шектелмейтінін аңғартты.
«Ордабасы» Украина ұлттық құрамасының 28 жастағы қанат шабуылшысы Алексей Гуцулякпен келісімшарт жасасқанын хабарлаған болатын. Украиналық футболшы бұған дейін өз елінің «Полесье» клубында өнер көрсеткен.
Transfermarkt порталының бағалауынша, Гуцуляктың нарықтық құны 3 миллион еуроны құрайды. Бұл көрсеткіш оны Қазақстан Премьер лигасындағы нарықтық бағасы ең жоғары футболшыға айналдырды.
Бұған дейін Бейбіт Әлібеков Украиналық ойыншыға АҚШ-тың MLS чемпионаты мен Жапония клубтары да қызығушылық танытқанын айтқан.
Соған қарамастан, Гуцуляк мансабын Қазақстанда жалғастыруды таңдады.