«Ордабасының» Еуропа лигасындағы алғашқы матчы тікелей эфирден көрсетілмейді

24.08.2020, 19:48
Екі матч та 27 тамыз күні, сағат 20:00-де басталады
«Ордабасының» Еуропа лигасындағы алғашқы матчы тікелей эфирден көрсетілмейді

Qazsport телеарнасының директоры Нағи Бақытбеков берген сұхбатында Еуропа лигасына іріктеу кезеңіндегі қазақстандық клубтардың матчтарын трансляциялау туралы айтты. Осы аптада турнирде «Қайрат» пен «Ордабасы» ойнайтын болады.

«Qazsport телеарнасы 27 тамызда 20:00-де өтетін «Қайрат» пен «Ноа» арасындағы Еуропа лигасының іріктеу матчын көрсетеді деп сендіре аламын. Осы көмегі үшін "Қайрат" клубына алғыс айтамын.

"Ордабасы" матчына келетін болсақ, біз "Ботошанимен" болатын матчтың трансляциясын ұйымдастырғымыз келді, бірақ шымкенттік клуб УЕФА-мен ойынның басталу уақытын бекітті және ол «Қайраттың» ойынымен сәйкес келеді. Жеребеден кейін бірден бізбен байланыса бастаған «Қайраттан» айырмашылығы - «Ордабасы» матчты көрсету үшін бізбен байланысқа шықпады.

Біз өзіміз «Ордабасыға» эфирді ұйымдастыруға дайын екенімізді айттық, бірақ ойынның басталу уақыты кейінге шегерілген жоқ. Клуб ойын уақытын өзгертуге тырысты, УЕФА-ға жүгінді, бірақ олардың қарсыласы көнбеді. Телеарна жағынан біз қолдан келгеннің бәрін жасадық. Енді «Ордабасы» матчын кім көрсетеді? Бұл сұрақты клубқа жолдаған дұрыс», - деді Бақытбеков.

Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңінде «Қайрат» армениялық «Ноамен» ойнайды. Кездесу 27 тамызда Алматы қаласының Орталық стадионында өтеді. Сол күні «Ордабасы» Румынияның «Ботошаниімен» кездеседі. Матч Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда өтеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×