Редактор бағаны айдарына бұл жолы өзімнің алдағы 2 айдағы жоспарым туралы бөліссем деп отырмын. Ол әрине де, Әлем чемпионаты туралы болмақ. Әлеуметтік желіде менің қайда, қашан, қандай матчтарды жүргізіп, қалайша жүріп-тұратынымды сұрайтындар қатары көбейді. Бұл чемпионат кезіндегі жағдай. ЕУРО-2012 кезінде де осылай болған еді.
Бұл жолы мен өмірімдегі ең ірі футбол жарысына бара жатырмын. Талай жылдар бойы арман болған бұл дүние бір-ақ күнде өміршеңдігін көрсетті. Енді мен өзімнің алғашқы Әлем чемпионатыма барамын. Және анау-мынау емес футболдың бейресми отаны Бразилияға! Ол жақта футболдың қандай деңгейдегі спорт екендігін барлықтарыңыз білесіздер. Бразилия футболмен тыныстап тұрған ел. Футбол корольі Пеле, мың гол соққан Ромарио, мундиальдар тарихында ең көп гол соққан Роналдо мен осы күнгі миллиондардың піріне айналған Неймардың отаны. Ән мен биге әуес, жылына бір карнавалдатып тұратын Бразилия жағажайда жалаңаяқ доп тепкеніді жанындай қалайтын халық. Нағыз үлкен футболдың не екенін түсінгіңіз келсе, Латын Америкасындағы осы елді бетке алыңыз.
Сонымен, биылғы біріншілікке мен жай журналис ретінде емес, сонымен қатар комментатор ретінде барамын. Бұрын-соңды "Қазақ телевизиясының тарихында болмаған жоба" деп осы күні жарнамалатып жатқандай-ақ, елде болмаған жаңашылық жасамақпыз. Чемпионатқа барғандардың жазғанын оқып отыратын заман артта қалып, сол жақта отырып тікелей эфирде сөйлейтін деңгейге жеттік. Бұл мен үшін үлкен тәжірибие болмақ. Осыған дейін Азиада ойындарында стадионның басынан эфирге шыққаным бар-тын. Соны үлкен тәжірибие деп жүргенмін. Енді бұл жолғы әңгіме тіпті бөлек. Оның үстіне бұл футбол тойы! Ал мен өз басым футболды көп нәрседен биік қоямын.
Ірі додалардың кезінде комментатор болу негізі оңай шаруа емес. Бір матчқа дайындалып келіп, ағыла салатын жәйтқа жатпайды. Мұнда тура футболшылар секілді бүкіл турнирге тегіс дайындалуың керек. 2012 жылы Еуро өткен кезде соның бір шетін көріп қалған едім. Ол кезде ойындарды тек Алматыда, студиада отырып жүргіздім. Енді бұл жолы жарыстың нақ ортасында.
ҚазСпорт арнасының 7 бірдей қызметкері чемпионатқа жол тартпақ. Оның 4-еуі комментатор әрі журналист, үшеуі режиссер. Олар екі топқа бөлінген. біздің топ "Үлкен аймақ" деп аталады. Біздің жолсызбамызды жасаған продюссерлер қонақүй, ары-бері жүруіміздің барлығын алдын-ала жоспарлап тастаған. Мен әріптесім Павел Цыбулин және тағы екі режиссер 4 қалада боламыз. Күн сайын сол 4 қаланы кезекпе-кезек аралаймыз. Ойын аяқталысымен ортадағы санаулы сағатты әуежайға жетуге арнаймыз. Өйткені, күніне бір мәрте тікұшаққа мініп, келесі қалаға баруымыз керек. Кейбір күндері уақыттың тығыздығынан ұйықтауға да орын қалмаған. Мұндай жағдайға әрине шыдауға болады. Осындай жағдаймен мен өткен жылдары чемпиондар лигасының кезінде жолыққанмын. Бір ұшақтан, бір ұшаққа секіріп, жол-жөнекей ауыр сөмкелерді арқалау бұл адамды әбден қажытады. Ал сондай қалыпта 39 күн бойы жүру тіпті, ауыр болмақ.
Екінші топта Ермек Төрениязов пен Тимур Сүлейменов секілді комментаторлар қызмет етпек. Олардың жұмыс кестесі біздікіндей. Біз Бразилиа, Сан-Паулу, Рио-де-Жанейро, және Белу-Оризонти қалаларында болсақ, олар жарыс өтетін өзге 4 қалада болады.
9 маусым күні Алматыдан Амстердамға, сосын Сан-паулу қаласына барамыз. Ал одан кейінгі жағдай матчтарға байланысты түсінікті болады. Бүкіл күшті жинап, 40 күндік ауыр сапарда шыдас беруге тырысамыз. Ал қазір назарларыңызға менің жеке өзімнің комментатор болатын ойындарымның тізімін қойып отырмын.
12 маусым (17.00) Сан-Пауло Матч №1 - Бразилия – Хорватия 14 маусым (13.00) Белу-Оризонти Матч №5 - Колумбия – Греция 15 маусым (19.00) Рио-де-Жанейро Матч №11 - Аргентина – Босния 17 маусым (13.00) Белу-Оризонти Матч №15 - Бельгия – Алжир 18 маусым (16.00) Рио-де-Жанейро Матч №19 - Испания – Чили 19 маусым (16.00) Сан-Пауло Матч №23 - Уругвай – Англия 21 маусым (13.00) Белу-Оризонти Матч №27 - Аргентина – Иран 22 маусым (13.00) Рио-де-Жанейро Матч №31 - Бельгия – Россия 24 маусым (13.00) Белу-Оризонти Матч №40 – Коста-Рика – Англия 25 маусым (17.00) Рио-де-Жанейро Матч №42 - Эквадор – Франция 26 маусым (17.00) Сан-Пауло Матч №47 - Корея – Бельгия 28 маусым (13.00) Белу-Оризонти Матч №49 - 1А – 2B (1/8 финал) 30 маусым (13.00) Бразилиа Матч № 53 - 1Е – 2F (1/8 финала) 1 шілде (13.00) Сан-Пауло Матч №55 - 1F – 2Е (1/8 финал) 4 шілде (13.00) Рио-де-Жанейро Матч №58 - W53 – W54 (1/4 финал) 5 шілде (13.00) Бразилиа Матч №60 - W55 – W56 (1/4 финала) 8 шілде (17.00) Белу-Оризонти Матч №61 - W57 – W58 (1/2 финал) 9 шілде (17.00) Сан-Пауло Матч №62 - W59 – W60 (1/2 финал) 12 шілде (17.00) Бразилиа Матч №63 (3-орын) 13 шілде (16.00) Рио-де-Жанейро Матч №64 (финал)Біздің серіктес: FONBET