Мұрат Өнал 1987 жылы 20 шілдеде Түркияның Салихли қаласында өмірге келген. Нидерланды астанасы Амстердамдағы «Веспучи» футбол академиясында тәлім алды. 2005 жылы атақты «Аякс» сапына шақырылады. Голландия футболының феномені саналатын команданың жастар құрамасында 25 ойын өткізіп, 12 гол соққан. Кейіннен Бельгияның танымал клубы «Брюггеге» ауысады. Одан соң «АДО Ден Хааг», «Волендам», 2012-2013 жылдары Финляндияның «Каяни» клубтарында ойнайды.
– Мұрат, Қазақстанға келгеніңе екі айға жуықтады. Осы аралықта тарихи отаныңа қаншалықты үйренісе алдың?
– Келгеніме бір жарым айдан асты. Біріншіден, қазақша тәуір сөйлейтін болдым. Негізі, айтқан сөздерді түсінемін. Бірақ өз ойымды толық жеткізе алмаймын. Алдағы уақытта жақсылап үйреніп, ана тілімде еркін сөйлеуге уәде беремін.
Ал Қазақстанға келсек, бұрын теледидардан көргенде қазақ жерінің үлкен екендігін еститінмін. Міне, соны өз көзіммен көргенде қуанғанымды айтсаңыз. Шымкентке аз уақыттың ішінде бауыр басыпта қалдым. Бүгін, міне, Астанаға алғаш рет аяқ бастым. Елордамыз көрікті әрі Аместердамға қарағанда үлкен екен.
– Біздің кейбір жастар Еуропаға кеткісі келіп тұрады. Ал сен, керісінше, қарт құрлықтан Қазақстанға қоныс аудардың. Елімізде қалғын келе ме?..
– Бұрын шетелде болғанда үйді сағынатынмын. Қазір олай емес. Соған қарағанда, Қазақстанға келіп мауқымды баса алмай жүрген тәріздімін. Әрине, өз қандастарыммен бірге тұрып, қазақ қызына үйленсем деп ойлаймын.
– Ал қазақ футболы жайлы не айтасың, қандай кемшіліктерді байқадың?
– Қазақ халқы балаларын футболға кеш береді. Еуропада бұл үрдіс балабақшадан басталады. Тәртіпке қатты мән беріледі. Бапкерлер де баламен қалай жұмыс істеу керектігін жақсы біледі. Сондықтан олар ерте есейіп, тез танылады. Ал біздің қазақ жігіттері негізі 20 жастан кейін мықты болады. Табиғатымыз солай. Сонымен қатар ол жақта футболшылар физикалық жағынан мығым, бойлары ұзын. Біздің жігіттердің көбісі кішкентай. Жоғары деңгейлі командалармен кездескенде 90 минут бойы тайталасуға шамалары жетпей жатады. Шаршап қалады. Міне, осы жағын сол қарт құрлықтан үйреніп, жетілдіре түсуіміз керек.
– Еуропа қазақ футболы туралы не біледі?
– Өзің де білесің ғой. «Шахтер» былтыр Еуропаны таң қалдырды. «Селтикпен» болған ойынды ешкім ұмыта қойған жоқ. Бұл оқиғаны сол кезде Аместердамдағы газет-журнал, сайттар жарыса жазып жатты. Телеарналар көрсетті. Қой сойып, құрбандық шалғанда, тіптен, шулады. Сондай-ақ ол жақтағы футбол жанкүйерлері Еуропа лигасы аясында АЗ (Алкмаар) клубымен кездескен «Ақтөбе» мен «Шахтерді» жақсы біледі.
– Мұрат, бір кездері өзің доп тепкен «Аякстың» жастар академиясы үнемі футбол әлеміне таланттарды тәрбиелеп қосып отыруымен ерекшеленеді. Осы академияның филиалын Қазақстанда ашуға бола ма?
– Алдында «Қайрат» клубының академиясында жұмыс істеп жатқан голландиялық Реймонд Аттевелдпен сөйлескен болатынмын. Ол қазір балаларды сол Нидерланды футболының жүйесімен даярлап жатыр. Бұл – жақсы бастама. Болашақта өзге клубтар да осындай академиялар ашып, Еуропадан бапкерлер шақыру керек. Сол кезде Аместердамда ғана емес, қазақ топырағынан да Йоахан Кройф, Руд Крол, Франк де Бур, Деннис Бергкамп, Марко ван Бастен, Уэсли Снейдер секілді таланттар шығатын болады.
– Қазіргі кезде «Қыранда» ойнап жүрсің. Команданың ойын жүйесіне сіңісе алдың ба?
– Алғашқы турларда команданың ойынын түсіне алмағаным рас. Пас беруде қателіктер жіберіп алатынбыз. Құдайға шүкір, қазір бәрі жақсарып келеді. Командадағы Жандос Әметов, Санат Жұмаханов, Мадияр Муминов секілді әріптестерім маған ылғи қолдау білдіріп отырады. Бұлардан бөлек, «лимитчиктер» бар. Ішкі атмосфера керемет. Клуб басшылары алдымызға үлкен мақсаттар қойып отыр. Бұйырса, жоғары орындардан көрініп қалармыз деп үміттенемін.
– Бапкерлермен қай тілде қарым-қатынас жасайсың?
– Бапкерлер футболшыларға нұсқауды орысша береді. Ал маған командадағы жігіттер қазақша түсіндіріп отырады. Арасында бас бапкер менімен қазақша сөйлесіп қалады.
– Маусымаралық трансфер жақындап келеді. «Қыранда» қала бересің бе?
– Сол жағын өзім де нақты білмеймін. Әзірге бар ойымыз үздік үштіктен түсіп қалмау, жүлделі орындардың біріне ілігу болып тұр.
– Қазақстандағы жанкүйерлер мәдинетіне қандай баға бересің?
– Еуропада кез-келген адам жұмыстан кейін футболға асығып тұрады. Тіпті, отбасымен бірге барады. Қазақстанда олай емес екен. Стадионға кісі аз жиналады. Отбасымен бару жағын байқай қоймадым. Осы жағын ескеру керек сияқты. Футбол, қанша дегенмен, миллиондардың ойыны ғой.
– Жақында сырттағы қандастарымызға азаматтық беру бір жылға дейін шегерілді. Азаматтық алу мәселесі қалай болып жатыр?
– Мен қазір Қазақстанда жұмыс істеушінің визасымен тұрып жатырмын. Ал азаматтық алу жағына Шымкент қаласының әкімі Дархан Сатыбалды көмектесемін деп уәде беріп отыр.
– Ал Еуропа командаларында тұрақтап қалмауыңа не себеп?
– Ол жақта мықты командалардың негізгі құрамына ілігу қиын. Оның үстіне еуропалықтар көбінесе жастарды алғысы келеді. Жас футболшылар ақшаны аз сұрайды. Олар үшін бұл жағы өте маңызды. Ал төменгі дивизиондарда ойнағым келген жоқ.
– Премьер-лигадан ұсыныс түсіп жатқан жоқ па?
– Естуімше, «Ордабасы» тарапынан қызығушылық бар секілді. Өйткені олар «Қыранның» ойынын тамашалап жүреді. Кез келген футболшы жоғары дивизионда ойнағанды жақсы көреді емес пе? Мен де Премьер-лигада ойнауды армандаймын. Жүлдеге таласатын командалардан ұсыныс түсіп жатса, ауысуға дайынмын. Біздегі командалардың көпшілігінде легионерлер саны толық. Сондықтан азаматтық алу мәселесі тезірек шешілсе, өздеріне шақыратын клубтар көбейер еді.
– Жеке агентің бар ма?
– Бұл шаруалармен ағам Тұнжай айналысады.
– «Қырандағы» жалақы мәселесі қалай?
– Қазақстанда келісімшарт бойынша бұл жағын құпия ұстау керек. Сондықтан айта алмаймын. Ал жалпы берген ақшасы өз басыма жетеді. Қосымша сыйақы да алып тұрамыз.
– Еуропада сенен басқа қазақ футболшылары бар ма?
– Футболға қызығатын, өздері де ойнап тұратын қазақтар бар. Бірақ кәсіби футболшылар жоқтың қасы. Өзім әзірге ондайларды кездестіре қоймадым.
– Жалпы, ол жақтағы қазақтар бір-бірімен өзара араласып тұрады ма?
– Еуропадағы қазақтар бәрі бір-бірін таниды. Жұмыстан қолдары босап жатса кездесуге асығады. Тойларға міндетті түрде барамыз. Ал қалған уақытта «Фейсбук», «Твиттер» секілді әлеуметтік желілер арқылы хат-хабар алысып тұрады.
– Ата-анаң, туған-туыстарың Қазақстанға келу туралы шешіміңді қалай қабылдады?
– Қазақстанға келу жайлы өзім бұрыннан ойлап жүргенмін. Сол мүмкіндік енді туды. Туыстарым бұл шешімім оң қарады.
– Ал сол туыстарыңның арасында елге келгісі келетіні, көргісі келетіндері бар ма?
– Ол жақтағы қазақтар күнде маған хабарласып тұрады. Қазақстан жайлы сұрайды. Олардың бәріне елді мақтап, шақырып жүрмін. Барлығы көргісі келеді. Уақыттары болса алдағы уақытта тарихи отандарын өз көздерімен көре жатар.
– ЕУРО-2016 додасының іріктеу кезеңінде Қазақстан, Түркия және Нидерланды құрамаларымен бір топқа түсті. Үш ел де саған бөтен емес. Қайсысына көбірек жанкүйер боласың?
– Бұрын Амстердамда тұрғанда Голландияға жанкүйер едім. Енді бұйырса, Қазақстанға тілеулес боламын. Өзім де Қазақстан құрамасының сапында ойнағым келеді.
– Жақын күндері Бразилияда әлем біріншілігі басталады. Төртжылдықтың басты додасында кімдерден үміт күтесің?
– Бұрыннан «қызғалдақты елдің» футболшыларына жанкүйерлік танытамын. Бірақ бұл жолы алаң иелері ешкімге дес бермейді деп ойлаймын. Оның үстіне Латын Америкасында Еуропа құрамалары жеңіске ешқашан жетіп көрмеген.
– Өзің әлемдік деңгейде доп теуіп жүрген футболшылардан кімдерді танисың ? Олардың арасында араласып тұратын достарың бар ма?
– Голландияның жоғары дивизионында да, бірінші лигасында да достарым, таныстарым өте көп. Ал ел танитын жұлдыздардан ең жақын досым Грегори ван дер Вил бүгінгі күні ПСЖ және Нидерланды құрамасы сапында жарқырап жүр. Екеуіміз «Аякста» бірге өстік. Алдағы уақытта Қазақстан құрамасына алынып, Грегориге қарсы ойнасам деп армандаймын.
– Финляндия футболынан қандай айырмашылық байқадың?
– Ол жақта бәсекелестік өте жоғары. Футболшылардың техникалық дайындықтары мықты болады. Көп ойыншылардың бойы екі метрден жоғары. Скандинавиялықтар бойшаң ғой.
– Бос уақытта немен айналысқанды ұнатасың. Хоббиің не?
– Мен балық аулағанды ұнатамын. Голландияда жаттығу болмаған күндері балық аулауға кетіп қалатынмын. Сондай-ақ киноға барғанды жақсы көремін.
– Соңғы сұрақ. Отбасың жайлы айта кетсең…
– Әкемнің аты – Тоқан Ұлықпанұлы. Анамның есімі – Бақытхан Қыдырмолдақызы.1977 жылы туған Тұнжай есімді ағам, одан екі жас кіші Зейнеп деген әпкем бар. Екеуі де отбасын құрған. Ағам домбыра тартады. Өлең айтады. Кішкентай күнінде «Қазағымды сағындым» деп әндетіп отыратын. Әпкем бұрын Алматыға келіп кеткен. Алматының қасындағы бір ауылда жездемнің ағасы тұрады. Жалпы, қазақ ата-тегін ұмытпаған халық қой. Әке-шешем бала күнімде жеті атамның есімдерін атап отыратын. Қазір жеті атамды жатқа білемін.
–Әңгімеңе рахмет!
Бек ТӨЛЕУОВ, «Sport» газеті