Орыстарды ойландырған ойыншы

17.02.2013, 21:55
Орыстарды ойландырған ойыншы

Ала допты серік еткендердің арасында қазақ жастарының шебер шоғыры өсіп келеді. «Тіл-көзіміз – тасқа», сәтсіздіктен көз ашпаған футболымыздың болашағы жарқын сияқты көрінеді. Таңат Нөсербаев, Жамбыл Көкеев, Ұлан Қонысбаев, Ерзат Кенбаев, т.б ойыншылардың соңынан Бауыржан Исламхан, Саят Сариев, Исламбек Қуат, Бақдәулет Қожабаев, Шерхан Бауыржан сынды жастар ілесіп келеді.

Сондай-ақ Ресейде туып-өссе де, жүрегі қазақ деп соққан Тимур Қалижановтың да тарихи атамекенге оралуы көңілімізді қуантты. Ол Көк туымыздың астында алғашқы ойынын Санкт-Петербордағы «Достастық кубогында» өткізді. Бүгін осы жас шабуылшы туралы әңгімелесек. Тимур Қалижанов 1993 жылы 16 сәуірде Қиыр Шығыстағы Находка қаласында дүниеге келген. Оның әкесі Болат Қалижанов та, анасы да Қазақ елінің тумалары. Олар 1982 жылы қызмет бабымен Находкаға қоныс аударады. Тимур мен оның бауыры осы қалада дүниеге келеді. 1997 жылы көшіп-қонған отбасы Мәскеуден бір-ақ шығады. Олар тұрған маңда «Динамо» қоғамының иелігіндегі спорт мектебі болады. Сол жерде Тимур футбол әліппесін үйренеді. Ол өзінің алғашқы бапкері ретінде Владимир Смирновты атайды. Көп ұзамай дарынды бала өзге де мамандардың көзіне түсіп, Мәскеудің «Динамосының» жастар құрамына алынды. Қосалқы құрамда жүріп, командасын жеңіске жетелеген футболшыға ұсыныс жасаған өзге клубтар да жоқ емес. 2011-2012 футбол маусымында Тимур Қалижанов өнер көрсеткен «Динамо» командасы қосалқы құрам бойынша үздік шықты.

Болашағынан зор үміт күттіретін ойыншы қазақстандық мамандардың назарынан да тыс қалмады. Қазақстан азаматтығын алған ол биылғы «Достастық кубогында» жастар құрамамыздың сапында өнер көрсетті. Бас бапкер Сергей Боровский оны шабуылдаушы жартылай қорғаушы ретінде пайдаланды. Ол Ресей жастар құрамасымен бәсекеде гол соғып көзге түсті. Мамандар Тимур жайлы сөз еткенде оның алаңды жақсы көре білетінін, сезімтал екенін ерекше атап өтеді. Санкт-Петербордағы жарыста Тимур Қалижанов жақсы өнер көрсетті.

Өткен жылы ол Белоруссияның «Неман» клубымен келісімшартқа қол қойды. Әзірге жас футболшы негізгі құрамға іліге қойған жоқ, бірақ әлеуеті зор ойыншы алдағы уақытта бапкерлер сенімінен шығады деп ойлаймыз. Гродно қаласының ұжымы Белоруссия біріншілігінің жоғарғы тобы саналатын премьер-лигада 1992 жылдан бері өнер көрсетуде. 2002 жылы ішкі чемпионатта күміс жүлдені еншілеп, 1993 жылы кубокты олжалаған «Неманды» осал ұжым дей алмаймыз. Өткен жылы «Неман» премьер-лигадағы жарысты 5- орынмен аяқтады. Жалпы, Белоруссия біріншілігінің жоғары тобында барлығы 11 команда бақ сынайды. Қазіргі уақытта Тимур Қалижанов Сергей Солодовников жаттықтыратын «Неман» командасының сапында Түркияда жүр. Мұнда команда оқу-жаттығу жиынын өткізіп, жаңа маусымға дайындалуда.

Жуырда Қазақстан жастар құрамасы 2015 жылы өтетін Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңін бастайды. Ресейлік маман Сергей Боровский жаттықтыратын командамыздың қатарын енді Тимур Қалижановсыз елестету қиын. Естеріңізге сала кетейік, біздің елдің жастар құрамасы осы жарыс жолында Франция, Бе­лоруссия, Армения және Исландия командаларына қарсы тұрады.

Шалқар ЕСТЕН

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×