Осы маусымда өз клубтары үшін шығын болған ойыншылар

Ернар Ламқадыров
Бас редактор
27.07.2020, 21:35
Клуб бұл ойыншылардан тезірек арылғысы келеді.
Осы маусымда өз клубтары үшін шығын болған ойыншылар

Еуропаның Топ-5 чемпионаттары аяқталып қалды. Осы маусымда көптеген жетекші клубтардың құрамында аз ойнап, жоғары жалақы алған ойыншылар да аз болған жоқ. Олар өз командаларына қымбатқа түсті, клуб енді оларды сатқысы келеді. Біз бүгін өз клубтары үшін шығын болған 10 футболшы туралы айтатын боламыз.

Альфонс Ареола ("ПСЖ", "Реал")

Бір ойынының орташа құны: 245 мың еуро.

Өткен жазда француз қақпашысы «Реал Мадридке» жалға берілген болатын. Ареола осы маусымда барлық турнирлерде тоғыз матчқа қатысып, 11 гол жіберіп алды. Альфонс қосалқы қақпашы болғаны үшін жоғары жалақы алады. Ол жылына 2,7 миллион евро табады, сондықтан Зидан ойыншыны Парижге қайта жіберуге дайын. Келесі маусымда қосалқы қақпашының рөлін жалақысы екі есе аз болатын украиналық Андрей Лунин алады.

Седрик Соареш ("Саутгемптон", "Арсенал")

Бір ойынының орташа құны: 370 мың еуро.

"Арсенал" Седрик Соарешті өткен қыста "Саутгемптоннан" жалға алды. Бірақ португалиялық қорғаушы "зеңбірекшілердің" құрамына жарақатпен келді, ол аз болғандай, жаттығуға оралғаннан кейін мұрны сынды. Ол осы маусымда лондондықтар үшін бес ойын өткізіп, «Норвичке» бір гол соқты. Жарақатына қарамай, Артета қорғаушының өнеріне тәнті болып, оған тұрақты негізде ұзақ мерзімді келісімшарт ұсынғысы келеді.

Тило Керер ("ПСЖ")

Бір ойынының орташа құны: 380 мың еуро.

2018 жылдың жазында «ПСЖ» Керерді «Шалькеден» 37 миллион еуроға сатып алды. Бірінші маусымда футболшы париждіктердің негізгі құрамында жиі ойнады, бірақ келесі жылдың басында тізесінен жарақат алды, соның салдарынан ол алты ай бойы ойынға шықпады. Осы жылдың басынан бері неміс қорғаушысы барлық турнирлерде 16 матч өткізіп, бір-ақ рет гол соқты. Мүмкін, егер Лига 1-дегі маусым мерзімінен бұрын аяқталмағанда, онда "ПСЖ" бас бапкері Томас Тухель чемпионаттың екінші жартысында Керерге көп ойын уақытын берер еді.

Фил Джонс ("Манчестер Юнайтед")

Бір ойынының орташа құны: 650 мың еуро.

Осы маусымда Джонс «Манчестер Юнайтедтің» бастапқы құрамынан шығып қалды. Сульшер оны қосалқы құрамда қалдырды, кейде мүлдем матчқа қатыспады. Ол барлық турнирлерде небәрі сегіз ойын өткізіп, «Транмер Роверске» қарсы Англия Кубогының ойынында бір гол соқты. Шілде айының ортасында Джонсты "қызыл сойқандар" жаңа ойыншылар сатып алуға қосымша қаражат жинау үшін осы жазда сатылуы мүмкін деп хабарланған болатын. Енді футболшының трансфер құны жеті миллион еуроны құрап отыр.

Маркос Рохо ("Манчестер Юнайтед", "Эстудиантес")

Бір ойынының орташа құны: 550 мың еуро.

Рохо осы маусымда Сульшердің сенімінен шығып қалды. Норвегиялық бапкер аргентиналық қорғаушыны көбінесе қосалқы құрамда қалдырды, ал қыста оны бұрынғы клубы "Эстудиантес" жалға алды. Оңтүстік Американың клубына келгенге дейін Маркос «Манчестер Юнайтед» сапында тоғыз матч өткізген. Ал "Эстудиантес" үшін бір матч өткізіп, бір голдық пас берді. Содан кейін футболшы жарақат алып қалды, ал Аргентина чемпионаты коронавирусқа байланысты тоқтатылды. Ойыншының агенті Джонатан Барнетт өзінің клиентінің осы жазда «Манчестер Юнайтедтен» кету ықтималдығы жоғары екенін мәлімдеді.

Дэниел Дринкуотер ("Челси", "Бернли" мен "Астон Вилла")

Бір ойынының орташа құны: 1,2 миллион евро.

"Лестермен" болған керемет маусымынан кейін, Дринкуотерді "Челси" сатып алды, тіпті ол ойыншыға Н'голо Кантеге қарағанда көбірек ақша берген - 38 миллион еуро. Бірақ Дэниел Роман Абрамовичтің клубына бейімделе алмады. Үш маусымда ол «көктер» үшін бар болғаны 23 кездесу өткізіп, бір гол соқты. 30 жастағы ойыншы "Бернлиде" маусымның бірінші жартысында ойнады, тек екі матчта ғана алаңға шықты. Осы жылдың басында Дринкуотер "Астон Вилла" клубына барды, бірақ бұл клубта Премьер-Лиганың тек төрт ойынына қатысып, өзін дәлелдей алмады. Фрэнк Лэмпард футболшыға сенім артпайды және оны осы жазда сатпақшы.

Юлиан Дракслер ("ПСЖ")

Бір ойынының орташа құны: 550 мың еуро.

Дракслер ең талантты футболшылардың бірі болып есептелген еді. Оны Еуропаның жетекші клубтары алғысы келді, бірақ Юлиан жылына 10,2 миллион еуро жалақы ұсынатын "ПСЖ" клубын таңдады. Париж клубындағы екі жыл ішінде ол 93 матч өткізді және осы маусымда ол Томас Тухель командасының негізгі құрамынан шығып қалды. Бұған маусымның басында Дракслер зардап шеккен тізе жарақаты әсер етті. Ол осы маусымда барлық турнирлерде 19 ойын өткізіп, жеті голдық пас берді.

Месут Озил ("Арсенал")

Бір ойынының орташа құны: 800 мың еуро.

"Арсенал" жартылай қорғаушысы мансабындағы ең жаман кезеңдердің бірін өткізді: барлық жарыстарда 23 матч, 1 гол, 3 голдық пас. Маусым айының ортасында Англия чемпионаты қайта басталғаннан бері, Озил арқасындағы жарақатына байланысты бір де бір ойын өткізбеді. Премьер-лигадағы ең көп жалақы төленетін ойыншылардың бірі «Арсеналдан» кеткісі келмейді, ол келесі жазда аяқталатын келісімшартын аяқтап кетпекші. Bild-тің хабарлауынша, Озил «Фенербахче» клубының ұсынысын қабылдамай, Артетаға Лондонда қалғысы келетінін айтқан.

Лука Йович ("Реал Мадрид")

Бір ойынының орташа құны: 1 миллион еуро.

Жанкүйерлер бұл ойыншыдан керемет футбол күткен еді. «Реал» Йовичті өткен жазда 53 миллион фунт стерлингке сатып алды. Мадридтік клуб шабуылшы бірден өзінің жақсы қасиеттерін көрсете бастайды деп үміттенді, бірақ Карим Бензема Йовичке қарсы жарыста мықты болды. 22 жастағы Йович осы маусымда Ла Лигада 17 ойын өткізіп, екі гол соғып, бір нәтижелі пас берді. Испаниялық Marca газетінің хабарлауынша, Мадридтік клуб Йовичті сатуға дайын.

Гарет Бэйл ("Реал Мадрид")

Бір ойынының орташа құны: 1,4 миллион еуро.

Бэйлді тек испандық журналистер ғана емес, сонымен бірге «Реал Мадрид» жанкүйерлері де сынға алды. Осы маусымда 31 жастағы ойыншы мүлдем нәтиже көрсетпеді: барлық турнирлердің 20 матчында ол үш гол соғып, екі голдық пас берді. Мадрид Бэйлді сатуға қуанышты болар еді, бірақ Гареттің өзі келісімшартты аяқтағысы келеді. Мұны ойыншының агенті Джонатан Барнетт растады, ол өзінің клиенті «Реал Мадридтің» барлық ойыншылары сияқты үздік екенін айтты. Егер Бэйл келісімшартты соңына дейін аяқтаса, "Реал Мадрид" екі жылда тағы 60 миллион еуро жоғалтады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×