Осы жазда орын алған ТОП-10 трансфер

Ернар Ламқадыров
Бас редактор
10.09.2020, 00:09
Бұд тізімнен Лионель Мессиді де көруіміз мүмкін еді.
Осы жазда орын алған ТОП-10 трансфер

Биыл коронавирусқа байланысты Еуропа чемпионатындағы жазғы трансферлік терезенің уақыты өзгерді. Мысалы, Англияда тіркеу мерзімі Премьер-лига маусымы аяқталған күні - 25 шілдеде ашылды. Германияда 15 шілдеде, ал Испанияда 4 тамызда ашылды. Италияда жаңа ойыншыларды тек 1 қыркүйектен бастап тіркеуге мүмкіндік берілді. Бірақ Францияда чемпионаттың мерзімінен бұрын аяқталуына байланысты 8 шілдеден бастап жаңа ойыншыларды алуға рұқсат етілді. Еуропалық клубтар жаңа ойыншыларды 5 қазанға дейін қатарға қоса алады. Біз бүгін Еуропадағы ең үздік 10 жазғы трансфер туралы айтатын боламыз.

Лерой Сане ("Манчестер Сити" - "Бавария")

Трансфер құны: бонустарды қосқанда 60 миллион еуро


Төрт жылдан кейін Лерой Сане қайтадан Германияға оралып, Мюнхеннің «Бавариясымен» бес жылдық келісімшартқа отырды. Трансфер туралы ресми хабарламадан бір күн бұрын Мюнхендік клубтың веб-сайты неміс футболшысының жаңа клубтың жейдесіндегі суреттерін жариялаған болатын, бірақ дереу оны өшіріп, "Манчестер Ситиден" кешірім сұрады. 24 жастағы жігіттің Ханс-Дитер Фликпен қарым-қатынасы жақсы. Олар Германия U21 құрамасында бірге жұмыс жасаған болатын. Айтпақшы, Лерой бұрынырақ «Шальке» клубында жүргенде-ақ «Баварияға» ауыса алатындығын айтқан еді. Бірақ командада Фрэнк Рибери мен Арьен Роббен секілді ойыншылар болғандықтан, Сане Мюнхенге көшуді кейінге қалдыруға шешім қабылдады. Ресми ауысымнан кейін Сане 10 нөмірді таңдап, келесі маусымда «Бавариямен» Чемпиондар лигасын жеңуді армандайтынын мәлімдеді.

Тимо Вернер ("РБ Лейпциг" - "Челси")

Трансфер құны: 53 миллион еуро


Тимо Вернердің Лондон клубына ауысуы ұзақ уақытқа созылды. «Ливерпуль» 24 жастағы футболшыны алғысы келді, бірақ соңғы сәтте олар коронавирус тудырған дағдарысқа байланысты ойыншыдан бас тартты. Бірақ «Челси» Вернерді бес жылдық келісімшартқа қол қоюға көндіре алды. Тимо Лондондық клубқа ауысуының басты себебі ретінде Фрэнк Лэмпардты атады. Футболшы қазірдің өзінде «Челси» тарихындағы жаңа дәуірдің бөлігі болғысы келетіндігін мәлімдеді. Күні кеше ол «көктер» сапындағы алғашқы матчында алғашқы голын соққан болатын.

Мауро Икарди ("Интер" - ПСЖ)

Трансфер құны: бонустарды қосқанда 58 миллион еуро


ПСЖ клубы Каванидің орнына аргентиналық шабуылшы Мауро Икардиді қатарға қосты. Париждіктер Мауроны «Интерден» бір жылға жалға алып, осы жазда оны сатып алды. Мерзімінен бұрын аяқталған Франция чемпионатында Икарди 20 матч өткізіп, 12 гол соқты, 3 нәтижелі пас берді. Енді ол жылдық жалақысы 8 миллион еуроны құрайтын төрт жылдық келісімшартқа отырды. 27 жастағы аргентиналық ПСЖ-ға ауысу трофейлерді жеңіп алу жолындағы қадам деп атады. Футболшы бұған дейін Эдинсон Кавани ойнаған тоғызыншы нөмірді алды.

Артур ("Барселона" - "Ювентус")

Трансфер құны: бонустарды қосқанда 82 миллион еуро


Бразилиялық ойыншы Каталониялық клубпен болған жанжалдың нәтижесінде командадан кетуге мәжбүр болды. Маусым айының соңында «Барселона» Артурдың «Ювентусқа» ауысқанын растады. Ол Чемпиондар Лигасындағы маусымды "Барселонамен" аяқтауы керек еді, бірақ олай болмады. Президент Хосеп Бартомеудің айтуынша, 24 жастағы жігіт оған қоңырау шалып, Бразилияда қалатынын айтқан. Туринге кетердің алдында жартылай қорғаушы жағымсыз оқиғаға тап болды: мас күйінде көлік айдап, апатқа ұшырады. Маурисио Сарридің кетуіне қарамастан, «Ювенің» жаңа бас бапкері Андреа Пирло Артурдың «Ювентуске» пайдалы болатынын және оның бірнеше позицияда ойнай алатындығын айтты.

Миралем Пьянич ("Ювентус" - "Барселона")

Трансфер құны: бонустарды қосқанда 65 миллион еуро


«Ювентустың» жартылай қорғаушысы Миралем Пьянич қарсы бағытта кетті. Босниялық ойыншы каталондық клубпен төрт жылға келісімшарт жасасты. Артурдан айырмашылығы, 30 жастағы футболшы Чемпиондар лигасындағы маусымды аяқтап, туриндік жанкүйерлермен қоштасты. Пьянич «Ювентустан» тек "Барселона" сияқты клуб үшін кете алатынын айтты. Ол тіпті каталондық клубқа ауысқанының құрметіне кеш өткізген. Онда Миралем бақыттан көз жасын тия алмай, жылап жіберді.

Виллиан ("Челси" - "Арсенал")

Трансфер құны: еркін агент


Бразилиялық шабуылшы «Челси» клубымен жаңа келісімшарт туралы келісе алмады. «Челси» басшылығы екі жылдық келісімшарт ұсынды, бірақ Виллиан клубта ұзақ уақыт бойы қалғысы келді. Тамыздың басында 32 жастағы шабуылшы Лондонның «Арсеналымен» келісіп, «Челсиден» еркін агент ретінде кетуге шешім қабылдады. Көп ұзамай, Виллиан «Зеңбірекшілермен» үш жылдық келісімшартқа қол қойды. Daily Mail-дің хабарлауынша, бразилиялық жаңа клубта аптасына 220 000 фунт стерлинг алады. Футболшының өзі Артетаның алдағы үш жылда Чемпиондар лигасын жеңіп алғысы келетіндіктен, оны сатып алуға шешім қабылдағанын айтты.

Виктор Осимхен ("Лилль" -"Наполи")

Трансфер құны: бонустарды қосқанда шамамен 80 миллион еуро


Нигериялық шабуылшы өткен маусымда «Лилль» сапында 38 ойында 18 гол соқты. Жазда оған Еуропаның жетекші клубтары қызығушылық танытты, бірақ тек «Наполи» 80 миллион еуро ұсынуға дайын болды. Осимхеннің «Наполиге» ауысуы африкалықтар арасындағы ең қымбат трансфер болуы мүмкін. Бұл рекорд қазір «Арсеналдың» шабуылшысы Николья Пепеге тиесілі. Виктор неаполитандықтармен жылдық жалақысы 4,5 миллион еуроны құрайтын бес жылдық келісімшартқа отырды. "Наполи" президенті Аурелио Де Лаурентис Corriere dello Sport басылымына берген сұхбатында оның клубы Сердар Азмунға қызығушылық танытқанын, бірақ олар Осимхеннің пайдасына таңдау жасауды шешкендерін айтты.

Ашраф Хакими ("Реал Мадрид" - "Интер")

Трансфер құны: 40 миллион еуро


Мадридтік «Реалдың» тәрбиеленушісі ешқашан өз клубында ойнай алмады (Мадридтік клуб сапында небәрі 17 матч өткізді). Хакими соңғы екі маусымда «Боруссия Дортмундта» өнер көрсетті. Дәл сол жерде марокколық футболшы ашылып, көптеген клубтардың назарын өзіне аударта алды. Неміс клубы ойыншыны сатып алуға шешім қабылдаған еді, бірақ «Интер» жақсы ұсыныс тастап, Хакимиге қол жеткізді. Олар Ашрафқа бес жылдық келісімшарт ұсынды. Миландық клубқа ауысқаннан кейін футболшының агенті Алехандро Камано клиентінің "Реал Мадридтен" кету себебін түсіндірді.

"Зидан Хакимиге ешқашан қызығушылық танытпаған, тіпті онымен болашағы жайлы телефон арқылы да талқылаған емес. Сондықтан, Хакими Италияға барып, Антонио Контенің командасына қосылды", - деді Хакимидің агенті

Ферран Торрес ("Валенсия" -"Манчестер Сити")

Трансфер құны: бонустарды қосқанда 27 миллион еуро


«Манчестер Сити» 20 жастағы испандықты «Бавария» ойыншысы Лерой Саненің орнына алды. Торрес «қала тұрғындарымен» бес жылдық келісімшартқа отырды және Хосеп Гвардиоланың мақтау сөздерін естіп үлгерді. Енді Ферран бапкерлер құрамына Санені шынымен алмастыра алатындығын дәлелдеуі керек.

Кай Хаверц ("Байер" - "Челси")

Трансфер құны: бонустарды қосқанда 100 миллион еуро


Кай Хаверц осы жазда орын алған ең қымбат трансфер болды. Неміс футболшысының талантына сенген "Челси" басшылығы ойыншы үшін аталған соманы төлеуге еш қиналмады. Өз кезегінде, Хаверц Лондондық клубқа ауысуының басты себебі ретінде Фрэнк Лэмпардты атады. Келесі маусымда Хаверц "Челсиге" неліктен қымбатқа түскенін дәлелдеуі керек.


Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×