Өз тобымызда соңғымыз

17.11.2011, 18:57
Өз тобымызда соңғымыз

Футболдан Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы «Еуро – 2012» турнирінің бірінші іріктеу кезеңін сәтсіз аяқтады. Македонияда өткен доп додасында жерлестеріміз барлық ойындарында жеңіліп қалды.

Серб маманы Слобадан Крчмаревич бастаған Қазақстанның 19 жасқа дейінгі жас­өспірімдері алғашқы ойындарын Украина құрамасымен өткізген болатын. Бірінші кездесу болғанға толқыды ма, әлде қарсыластардың деңгейі шынымен де жоғары болды ма, әйтеуір жігіттер қанша тырысқандарымен, жеңіске бастар жолды таба алмады. Украинаның болашақ жұлдызы Вячеслав Чурко екі таймда бір-бір голдан соғып, командамызды қапы қалдырды.

Екінші кездесулерінде де жерлестеріміз 0:2 есебімен швейцариялық құрдастарына жол берді. Бұл жолы да қақпамызға әрбір таймда бір-бір доптан жібердік. Дегенмен, кім біледі, егер ойынның 39-минутында Швейцария қорғаушысы Сеяд Хайрович алаңнан қуылмағанда, есеп бұдан да жоғары болар ма еді?!

Сөйтіп, үшінші ойынымызды шағын іріктеу турнирінің қожайындары – Македония құрамасымен өткіздік. Бұған дейін біз Украина мен Швейцария құрамаларынан 0:2 есептерімен жеңілген болсақ, македондықтар екі командадан 0:3 есебімен жеңілген. Яғни турнир кестесі бойынша біздің соңымызда болатын. Бірақ, өкінішке қарай, бұл ұжымнан да жеңілдік. Рас, басында ойын тізгіні жерлестеріміздің қолында болатын. Бірінші таймда жерлестеріміз дода қожайындарының қақпасын піспектеумен болды. Бірақ үзіліске командалар 0:0 есебімен тарқасты. Екінші таймда алаңға жаңадан қосылған «Қайсар» ойыншысы Мұрат Ысқақов қарсылас қақпасына тура соққы жасап, құрамамыздың осы турнирдегі алғашқы голының авторы атанған. Алайда македондықтар да өздерінің құтқарушысын қосалқы құрамда ұстап отыр екен. Исник Алимиді ойынға қос­қаны сол еді, үш минут өтпестен-ақ есепті теңестіріп кетті. Одан кейін Македония жасөспірімдерінің беткеұстары Давид Бабунски Қазақстан қақпасына тағы бір гол соғып, командасына жеңіс әперді. Ал қосамжарлана өткен ойында Швейцария мен Украина құрамалары 1:1 есебімен тең түсті. Гол айырмашылығы бірдей болғандықтан, командалар үздікті пенальтиде анықтап, украиналықтар 5:3 есебімен жеңіске жетті. Сөйтіп, Украина құрамасы келесі іріктеу кезеңіне бірден жолдама алды.

Автор: Нұрлан Асқарұлы
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×