Сыр мен жырдың серісі – Сұлтанғали ата

17.11.2011, 19:01
Сыр мен жырдың серісі – Сұлтанғали ата

Әкесін соғыс жалмап, анасын ажал көз алдында алып кеткен Сұлтанғали атаның жасы 75-тен асты. Немере сүйіп, шөберенің қызығын көрген ақбасты қария әлі күнге дейін ширақ. Қала сыртындағы саяжайында тұрса да, қала өмірінен, ел өмірінен бір сәт алыстап қалған емес. Бейсенбі сайын қалалық поштадан газеттерін алуға асығатын қазақтың тұңғыш спорт комментаторымен аз-кем әңгімелесудің сәті түсті...

Болмай қалған балалық

Отызыншы жылдың аяқ тұсында туғандардың жалғыз ғана әкесі болды. Ол – соғыс. Ауыр жүк ата-анадан ажырап қалған жеті баланың ең үлкені Молдағалидың арқасына батты. Ауылда тұрып, алысқа бармайтынын сезген ол іріл- ұсақты бауырларын ертіп, Ақтөбеге жол тартты. Үш күн қонып, облыс орталығына жеткен соң, әркімнің босағасында күн кешкен Сұлтанғали ата мен оның бауырлары жалпы есебі алты пәтер ауыстырыпты. Қаладағы теміржол техникумын бітірген ағасы Молдаш ұзын бойлы, арықша келген Сұлтанғалиды өзі секілді теміржол слесары етуді ойлап, оқуға түсіреді.

Оқу мен жұмысты қатар алып жүрген Сұлтанғали ата орыс тілін білмегені үшін үнемі ортадан шеткері қалатын. Кіл орыс балаларымен бірге оқып, бірге жүрсе де, орыс тілін меңгеріп кете қоймады. Өз ісінің хас шеберіне айналған ол бесінші дәрежелі маман атағын алып, жүк таситын отарбаны апаттан да алып қалған. Бұл еңбегі үшін Ресейге барып білім алуды ұсынса да, орыс болып кетемін деп бас тартқаны бар. Осылай күндер өтіп жатты... Бірде теміржолшылар арасында еңбек жарысы өтіп, Сұлтанғали Қаратайұлы бастаған топ жеңіске жетеді. Жеңімпаз командаға он жұп бокс қолғабын тарту етеді басшылық. Міне, тұңғыш спорт комментаторының бокс, спорт турасындағы түсінігі осы кезде оянған еді. Алғашында қолғапты қалай кию керектігін түсінбеген ол кейіннен бокста біраз жолдасын жерге қаратты. Содан соң Сұлтанғали атаның бар ынтасымен берілген бір ісі болды. Ол – футбол ойнау. Қала сыртындағы борпылдақ құмда қала балаларымен доп қуатын ол икемі келмегені үшін қақпада тұратын. Төрт бұрышты қақпада күні бойы қақшиып тұрса да, ала допқа деген махаббаты ерекше еді... Бала күні соғыспен қатар келген тұңғыш спорт комментаторының спортқа деген махаббаты осылай басталды.

Қатардағы теміржолшы – болашақ комментатор

Ресейге барып оқып келуден ат-тонын ала қашқан атай бәріне қолды бір сілтеп, ауылға тартып тұрды. Ауылда сегізінші сыныпқа қабылданып, республика көлеміндегі газеттерге қалам тарта бастады. Кейін қара шаңырақ ҚазҰУ-дің филология бөліміне қабылданып, Абай атындағы шәкіртақының да иегері атанды. Оқып жүріп, радиоға жұмысқа қабылданғандағы қуанышы шексіз еді. Алматыға келген соң, спорттық сайыстардың біреуін де жібермей, жұмысында ойындар болатын күнді кестелеп, іліп қоятын еді. Ол шақ қазіргідей емес, ақ қағаздың тапшы тұсы. Әріптестері жас маманның бұл ісіне таңдай қағып жүретін. Бірде аяқ астынан радиода спорт бөлімі ашылып, басшылар бірауыздан Сұлтанғали Қаратайұлын сол бөлімге ауыстырады. Әрине, Кеңес заманы қыспаққа алған тұста не нәрсені де кеңінен көсіле баяндауға мүмкіндік жоқ. Спорттық білімі ешкімнен кем түспейтін Сұлтанғали атаны эфирден қазақ тіліне аз уақыт берілетіні қинайтын. Тоқсан минут спорттық хабардың басында амандасып, ойыншыларды таныстыруға және соңында көрерменмен қош айтысуда ғана қажет еді, қазақ тілі. Оның үстіне, эфирдегі әріптесі Владимир Толчинскиймен де арада біраз түсініспеушілік орын алды. Спортта статистиканың алатын орны зор. Эфирде Толчинский халыққа қате мәліметтер айтып жіберсе, Сұлтанғали ата оны кейіп, ойын аяқталғасын реттеудің орнына, тура эфир кезінде: «Жоқ, бұл дұрыс емес, сен қате айттың. Бұл былай еді», — деп түзетіп отыратын. Бұл, әрине, Владимирге ұнамады. Кейін көрерменнен «Бізге қазақ тілінің керегі жоқ. Біз бәріміз орыс тілін түсінеміз. Сол себепті қазақша комментаторды алып тастасаңыздар» дегенге саятын хаттар түсе бастады. Алғашында мұның Толчинский тарапынан жасалған шабуыл екенін Сұлтанғали Қаратайұлы түсінбейді. Бірақ уақыт бәрібір ақиқатты ашып көрсетеді ғой. «Толчинскийдің маған жасаған жақсылығы көп. Бірақ заман талабына сай ол да қазақ тіліне қарсы болды», — деп еске алады атай.

«Қазіргідей емес, алғашқы комментаторларға бәрі қиынға соқты. Спорттық терминдерді аудару, оған лайықты балама табу, эфирде жанкүйерге нақты мәлімет жеткізу оңай шаруа емес еді. Бір ғана «Қайраттың қосалқы құрамы» деген атауды табу үшін қаншама қағазды шимайлауға тура келді. Спорттық терминдерді аудару мәселесі әлі күнге дейін шешімін тапқан жоқ. Мәселен, 2000 жылы Сидней Олимпиадасында Ольга Шишигинаны «кедергілі қашықтықтан» чемпион болды деп жазып та, айтып та жатыр. Бірақ бұл дұрыс емес. Жеңіл атлетикада «бег с барьерами» және «бег с препятствами» деген екі түр бар. Біздің Ольга «бег с барьерами», яғни тосқауылды қашықтықтан Олимпиада жеңімпазы атанды. Тағы бір мысал. Азиада кезінде қасыма екі қыз баланы қосып, мені аудармашы қызметіне сайлады. Сол кезде «масс стартты» «масс сөре» деп аударғандарын көріп, жаным ауырды. Бұл дұрыс емес».

Тұңғыш комментатор тұңғыш спортшылар жайында

Сұлтанғали ата қазақтың марғасқа спортшыларымен дәмдес болып, көзін көргендігімен мақтанады. Қазір кенжелеп қалған спорт түріне жататын баскетболдан Кеңес кезінде қазақ қыздарының қарқыны мықты еді. Солардың бірі әрі бірегейі Шолпан Дүйсенованың жолын байлаған әділетсіздік әлі де есінде. Қазақстан құрамасының 11 жыл капитаны болған талантты Шолпан КСРО құрамасының қатарына шақырылады. Мәскеуде оқу-жаттығу жиындарына қатысқан оны әлеуетті спортшы болғанына қарамастан, «Халық жауының» қызы деп қудалайды. «Кейін Қарағандыдағы университеттің денешынықтыру факультетінің меңгерушісі болған Шолпанның үйінде қонақ болдым. Әкесін ұлтшыл деп ұсталғанын еске түсіріп, балаша жылағаны әлі көз алдымда», — дейді ақсақал. «Сонымен қатар қазақтан шыққан тұңғыш хоккейшінің Жамбыл Тәңірбергенов екенін екінің бірі біле бермейді. Ақтөбе облысында туған Тәңірбергенов Орск қаласына қоныс аударып, «Южноурал» хоккей командасында ойнаған қазақ. Бұл туралы маған Райхан Қоханов айтты. Ал Райхан Қоханов – «Еңбек», «Автомобилист» командасында ойнаған Ембінің қазағы. Орскіге көшіп, хоккей үйірмесіне қатысып жүрген кезінде 1966 жылы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайының ашылғанын естіп, елге оралады. Сол спорт сарайында жасақталған командада қорғаушы болды. Қазір Павлодарда тұрып жатыр. Хоккей демекші, Талғат Жайлауов деген жалғыз қазақ айдынға шықса, бөркімізді аспанға атып, қуанамыз. Себебі қарагөздердің аздығы қабырғаға батады. Сол Талғаттың Қанат есімді бауыры да хоккеймен шұғылданды. Бірақ кәсіби деңгейге көтерілгені Талғат қана».

Сұлтанғали ата Алланың бұйрығымен домбыра шертуді алпыс жасында үйренді. Бүгінде әуесқой композитор. Әніне орай мәтін жазып, спорт тақырыбындағы поэзияның өркендеуіне атсалысып жүр. «Азиаданың әнұранына байқау жариялағанда, мен де бір туындымды бәйгеге қостым. Бірақ іріктеуге өткен жоқ. Кәдуілгі кезде спорт тақырыбына аяқ баспайтын ақын, композиторлар 1 миллион беретінін естіп, қалам-қағаздарын сайлады. Қазылар арасында да спорт тілін түсінетін бір жан болған жоқ. Менің жүлдеге, ақшаға қызыққан ештеңем жоқ. Бар болғаны, ел тарихындағы ең үлкен спорттық додаға өз үлесімді қосқым келді» деген Сұлтанғали атамен әңгімеміз осы жерде аяқталды. Ол әдетінше газеттерін алуға асығып бара жатыр... Автор: Ақбота Шөкенбай
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×