
Футболдан Өзбекстан ұлттық құрамасының бас бапкері Тимур Кападзе YouTube-арнасындағы «Футбол Жолы» бағдарламасында сұхбат беріп, кезінде Қазақстан Премьер-Лигасының бірнеше клубынан, соның ішінде «Ақтөбеден» де бапкерлікке ұсыныс алғанын айтты.
— Мен қателесуім мүмкін, бірақ сізге Қазақстан Премьер-Лигасынан ұсыныстар түсті ғой? Тіпті «Ақтөбе» де қызығушылық танытқан сияқты...
— Иә. Әңгімелер болды. Сөйлестік. Бірақ сол кезде де, қазір де мен ұлттық құрамамен жұмыс істеп жүрмін. Тек «Ақтөбе» емес, Өзбекстаннан да, басқа елдерден де ұсыныстар болды. Бірақ мен үшін әрдайым ұлттық құрама бірінші орында болды, — деді Кападзе.
Айта кетейік, Тимур Кападзе 2012-2014 жылдар аралығында ойыншы ретінде «Ақтөбе» сапында өнер көрсеткен. Ол клубтың намысын қорғаған 69 матчта 10 гол соққан. Қазіргі таңда «Ақтөбе» командасы Қазақстан Премьер-Лигасы турнир кестесінде 25 ұпаймен бірінші орында тұр.
Біздің серіктес: FONBET