Пеленің рекордын жаңартқан Мессидің аяқ киімі аукционға қойылмақ

16.04.2021, 04:18
Месси Пеленің рекордын 2020 жылы желтоқсан айында жаңартқан еді.
Пеленің рекордын жаңартқан Мессидің аяқ киімі аукционға қойылмақ

"Барселона" шабуылшысы Лионель Месси Ла Лиганың 15-турында "Вальядолидпен" болған кездесуде аңызға айналған бразилиялық футболшы Пеленің бір клубта соққан голдар саны бойынша орнатқан рекордын жаңартқан болатын. Аргентиналық футболшының сол матчта киген аяқ киімі аукционға шығарылмақ.

Бастапқыда футболшы бұл аяқ киімді Каталонияның ұлттық өнер мұражайына сыйға тартқан еді. Мұражайдың басшылығы ойыншымен және Adidas компаниясымен ақылдасқаннан кейін бұл аяқ киімді Барселонадағы балалар ауруханасына көмектесу үшін аукционға қою туралы шешім қабылдады.

Айта кетейік, бұл аяқ киімнің әрқайсысына футболшының қолтаңбасы қойылған. Сондай-ақ оларға әйелі Антонелланың есімі және үш баласының туған күндері жазылған.

"Мен "Барселона" сапындағы 644-ші голымды соққан кезде өте қуанышты болдым, бірақ ең бастысы өз денсаулығы үшін күресіп жатқан балаларға көмектесу мүмкіндігі пайда болды.

Сәуір айындағы аукцион бұл мәселені шешуге көмектеседі деп үміттенемін. Мен бұл бастаманы қолдайтындардың барлығына ризамын. Балаларға көмектесу мен үшін өте маңызды", - деді Месси.

Аукцион 19-30 сәуір аралығында онлайн режимде өтетін болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×