«Баварияның» қақпашысы Пепе Рейна «Вердерге» қарсы ойында алаңға шығып, Бундеслигадағы алғашқы матчын өткізді. Осылайша испаниялық голкипер үздік төрт лигада ойнаған алғашқы қақпашы атанды.
Дәлірек айтқанда, Рейна – Испания, Англия, Италия және Германия чемпионаттарында ойнаған алғашқы голкипер. Спорттық мансабын Испанияда бастаған болатын ол. «Барселона» мен «Вильярреал» сапында Ла Лигада жүзден астам матчқа қатысты. Кейін 2005 жылы «Ливерпульге» ауысып, Премьер-лигада 284 ойында алаңға шыққан. Былтырғы маусымда Рейна италиялық «Наполидің» жейдесін киіп, А Сериясында 29 матчқа қатысты. Ал жазда қақпашы германиялық «Баварияға» ауысқан болатын.