Пепеленбейік

Мұқашұлы Мұрат
Мұқашұлы Мұрат
Бас редактор
18.06.2020, 00:22
Амангелді Сейтханов пепеленбеңдер дейді.
Пепеленбейік

Ес білгелі осы. Футболды өмірмен салыстырамыз. «Локомотив» «Крылья Советов» қақпасына гол соққанда атып тұрамыз. Италия жартылай финалға қарай кетіп бара жатқанда да жайбарақат отыра алмайсың. Португалияның күйреуі де кісіні күрсінтеді. Үш жағдай, соларды бір арнаға тоғыстыратын не?

Футбол - өмірдің айнасы. Немесе өмірде қандайсың футбол алаңында да өзіңді солай көрсетесің. Тірлікте қырсызсың ба, допты соңына шейін қумайсың. Азусызсың ба, алаңда тартысқа бармайсың. Жұмсақсың ба, қарсыластың бәрі сені тобықтан тебеді. Жолың болғыш па, матч кезінде аяғыңа доп тисе голға айналады. Пысықсың ба, төреші сен тәртіп бұзған сәтте теріс бұрылады. Пепесің бе, әп сәтте жүйкең жұқарып, алаңнан қуылып кетесің.

Пепелік әркімде бар. Жүндей түтілген кезде түтігіп салу. Ашудың арқасында білгеніңнен жаңылу. Кек қайтаруға ұмтылу. Өлтіріп бара жатқан – намыс. Орталық қорғаушының тәртібіне байланысты ойыннан шеттетілуі де тосыннан емес. Эйсебио заманынан бері Португалия азулы қарсылас саналып келеді. Қай заманды алсаңыз да. Атақ-дәрежелері таудай ойыншылар көз алдыңызда тізіліп жатқан шығар. Луиш Фигу, Нуну Гомеш, Нуну Рикардо Манише. Оған дейінгілер. Одан кейінгілер. Таң атқанща тізуге болады. Бүгінгі батыр Криштиану Роналдо. Осы Роналдосы бар Португалия әлем біріншілігінің іріктеу кезеңінде Ресейге есе жіберді. Еуропада орыстан ұтылған командаға күледі. Қарқылдап тұрып. Ішегі түйіле жаздағанша. Ресей футболшыларынан жеңілу - әбестік. Пепенің қаны сонда қайнаған. Айналаң күліп жатса көрейін сабырға сәлем бергеніңді. Күші кем, бағы артықтың, шеберлігі аз, шекпені тәуірдің дәуірі жүре беретіні жүйкеге жүк. Қысқасы Португалия құрамасының ойыншылары әлем біріншілігіне шаршап келді. Оны немістер қалпақпен ұратыны бесенеден белгілі еді. Жартылай қорғаныс туралы көп айтамыз. Есті бапкерден қалған сөз бар. «Жартылай қорғанысыңды көрсетші, командаңның қандай екенін айтайын». Германия ол тіпті де өткір шабуыл емес. Ең алдымен есті футбол. Ол - Өзіл. Ол – Гетце. Ол- Хедира. Ол – Мюллер. Ал, сөйлес. Шама келсе. Португалия арыстанның аузына түсті. Қылғыту қиын бола ма. Орысқа ұпай ұстатып жүйкесі тозған Пепенің ендігі қарсыласынан жеңіле алмайтыны анық еді. Төбелесте күші азы тым болмаса «жауының» тұмсығын қанатуды ойлайды ғой. Пепе сөйтті. Ызаның құшағында кете барды. Ақылды екінші кезекке қойды. Қазақтың сабырға шақыратыны осындай кездерде. Ендеше кез келген мәселеде кеңінен пішейік. Жағдайға түсінікпен қарайық. Өзімізді іздейік, өзгелерді зереттейік. Істің ебін біліп, ыңғайын іздейік. Таудай жігіт болудың жай-жапсарына қанайық. Пепеленбейікші әйтеуір.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×