Қағаз жүзінде бәрі керемет, бірақ Атырауда жағдай нашар

Атырау облысы әкімнің орынбасары Бақытгүл Хаменова «Атырау» жанкүйерлерінің жазған хатын жауапсыз қалдырмапты.
Қағаз жүзінде бәрі керемет, бірақ Атырауда жағдай нашар

Биыл Премьер-лигада батыстың төрт бірдей командасы бақ сынауда. Солардың бірі – «Атырау». «Мұнайшылардың» жеңіске жете алмай келе жатқанына төрт айдың жүзі болды. Соңғы рет 23 маусым күні ҚПЛ аутсайдері «Жетісуды» 1:2 есебімен жеңген. Содан кейінгі он екі матчта жеңістің не екенін білмей келеді. Қазақстан Кубогіндегі алты матчта небәрі екі ұпай жинап, топта ең соңғы орын алды. Ол ұпайларды да Бірінші лигада ойнайтын «Мақтааралмен» екі мәрте тең ойнап, қоржынға салды. Қыркүйекте қайта жалғасын тапқан Премьер-лигада төрт ойын өткізіп, тағы да екі ғана ұпай алды. Ашуға булыққан «Атырау» жанкүйерлері «Тобылмен» болған матчтан кейін басшылықтың клубтан кетуін талап етті. Тіпті ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне хат жолдапты. Атырау облысы әкімнің орынбасары Бақытгүл Хаменова Ерлан Қожағапановқа жазылған бұл хатты жауапсыз қалдырмады. Бақытгүл ханымның Жалғас Күзембаев атты жанкүйерге жіберген жауабы біздің қолымызға да тиіп отыр. 


Хат мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына сәйкес клубтың сенімгерлік басқару жүйесіне өткені туралы ақпаратпен басталған. 2018 жылдың басында клуб екі рет сатылымға қойылған екен. Нәтижесінде 12 ақпанда Атырау облысының қаржы басқармасы мен «Атырау» клубы арасында сенімгерлікпен басқару шарты жасалған. Әкім орынбасары осы ақпараттың ізін шала «Мұнайшы» стадионына демеушілердің көмегімен УЕФА талаптарына сай жөндеу жұмыстарының жүргізілгенін айтыпты. 

Басшылар «Атыраудың» еурокубокте ойнай алмайтынын білген секілді. Себебі УЕФА-ның бұл стадионда еурокубок матчтарын өткізуге рұқсат беруі жүздің бір пайызын да құрамайды. Мұны футбол ұйымы тұрмақ, матчты теледидардан тамашалаған көрермендер де растай алады.

Одан бөлек, хатта «Атыраудың» маусымды төртінші немесе бесінші орынмен аяқтауы мүмкін екендігі айтылған. Және ТМД елдерінен сапалы легионерлер шақырылғанын және олардың трансферіне бір тиын төлемегенін де жазыпты.

Енді осы жайтқа тоқтала кетейік. Командада ЕЭО елдерінің ойыншыларын есептегенде 13 шетелдік ойыншы бар. Бұл команда құрамының 48,1 пайызын құрайды. Клубты жат елдіктер жаулап алды. Бірақ «Атырау» турнирлік кестеде 10-шы орында тұр. Біздің қазақтар ойнаса, «Атырау» оныншы орынға жете алмас па еді?


Қарапайым мысал келтірейік. «Атырау» Қазақстан Кубогінің топтық кезеңінің соңғы турында «Тобылмен» кездесті. Бұл ойында жеңіске жеткеннің өзінде «Атырау» В тобында 9 ұпаймен үшінші орында тұрған «Мақтааралға» жете алмайды. Демек бұл ойынның ешқандай маңызы жоқ. Алаңға шығып, 90 минутты өткізу керек. Бұл жергілікті жас ойыншылар үшін өздерін көрсетудің керемет мүмкіндігі емес пе? Әрі бас бапкер де кімнің қалай ойнай алатынын бір көріп алатын еді. Бірақ армениялық бапкерге қазақ футболының не керегі бар. Арам Восканян негізгі құрамға 11 шетелдік футболшыны қойды. Онысымен қоймай қосалқы құрамда қалған польшалық Петр Гжельчакты да ренжітпейін деп, екінші таймда алаңға шығарды. Он екі легионермен ойнаған «Атырау» жеңіске жетті ме? Жоқ, алаңға сегіз бірдей қазақстандық футболшыны шығарған «Тобыл» 1:3 есебімен жеңіске жетті. Жергілікті футболшылар да мұндай нәтижені тіркеп бере алады. Есесіне, біздікілер легионерге қарағанда аз ақша алып, бюджетті үнемдеуге мүмкіндік береді. Бірақ басшылық бұлай жасаса, қалталарына түсіп жатқан «левый» қаржы едәуір азаяды.


Жергілікті маман Қуаныш Қабдоловқа сенім артпай, бапкерлік тізгінді Арам Восканянға ұстатты. Ол болса командаға өз жерлестерін, одан қалса бразилиялықтарды топырлатты. Гаити деген елден де футболшы алдыртты. Ал талантты футболшы Қуаныш Қалмұратовты командаға сыйдырмай, «Тұранға» жалға жіберді. Аманжолов, Қалменов, Тастанбеков секілді аяқдопшылардың түрін де көрмедік. Жанкүйерлер осы жағдайға күйініп отыр. Легионерлермен ойнап оныншы орын алғанша, сол орынды жергілікті жастамен иеленген дұрыс дейді клуб үшін алаңдайтын жанкүйерлер. Мұны естіген Восканян енді Армения мен Бразилиядан жанкүйерлер шақырса таң қалмаймыз. Ал жаңағы айтқан Қабдолов мырза қазір «Тұранда» бас бапкердің қызметін уақытша атқаруда. Түркістандық клубтың тізгінінде екі ойын өткізіп, төртінші орында тұрған «Қызыл-Жарды» жеңді, Конференция лигасынан мол тәжірибе жинаған «Шахтермен» ұпай бөлісті.


Хатқа қайта оралсақ. Бақытгүл Хаменова балалар футболы жайында да сөз қозғапты. Оның айтуынша «Атырау» футбол орталығы қазіргі кезде 800 шәкірт тәрбиелеп отыр екен. Жыл соңына дейін 1000 болады деген жоспары бар. «Атырау» басшылығының негізгі командаға жергілікті футболшыларды жақындатпайтынын ескерсек, мұнша бала тәрбиелеп шығарудың не қажеті бар? «Ауылдағының аузы сасық» дегендей тізгінді жателдіктерге беріп қойдық. 

Осыдан бір апта бұрын Құрманғазы ауданында футболдан балалар арасында жарыс өтті. Өтіп жатқан жерінде шөп деген атымен жоқ. Еуропада ойын үстінде алаңға жанкүйерлер шығып кетіп жатады, ал бұл жерде сиырлар матч болып жатқан жерге шығып, «мені көрдің бе?» дегендей жүгіріп жүр. Үсті жабық болмаса да, кішігірім стадиондар салу қиын емес қой. Легионерлерге кетіп жатқан ақшаны жергілікті жастарға екі-үш есе азайтып беріп, артылған ақшаға инфрақұрылымды дамытуға болады ғой. Мемлекет басшысының көздегені де осы еді. Ол кәсіби клубтарға бөлінетін ақшаны қысқартып, қоғамдық және балалар спортына көңіл бөлу туралы тапсырма берді. Бірақ барлық қаржы шетелге, одан қалғаны клуб басшылығындағы адамдардың қалтасына кетіп жатыр. Қағаз жүзінде бәрі керемет, шын мәніне жағдай өте нашар...

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×