Газетіміздің өткен нөмірлерінің бірінде футболдан Қазақстан чемпионатының биылғы маусымдағы статистикасына аз-кем тоқталып, көрермендер жайын да сөз еткенбіз. Енді бүгінгі нөмірімізде тақырыпты көрермендерге арнауды жөн көріп отырмыз.
Жанкүйерлерді «12 ойыншы» деп бекер атамаса керек. Өйткені кез келген команданың өз алаңындағы ойында жеңіске жетуге мүмкіндігі жоғары болады. Тіпті «Еуро – 2012» іріктеу турнирінің аясында өткен Түркия – Қазақстан матчынан кейін қазақ футболшылары Стамбулдағы жанкүйерлердің көптігі, белсенділігі, 99 минут бойы шулап тұрғаны соншалық — түріктерге қарсы ойнаудың өте қиын болғанын мойындаған.
Бұл тұрғыда алысқа бармай-ақ, өз елімізден де мысал келтіруге болады. Мәселен, биыл Қазақстан чемпионатындағы көрермені ең көп команда атағына лайық Қарағандының «Шахтері» осы маусымда өз алаңындағы 16 ойынның 11-ін жеңіспен аяқтаған болса, төртеуінде тең түсіп, тек бір ғана ойында жеңіліске ұшыраған. Ал сырт алаңында кеншілер мұндай көрсеткішпен мақтана алмайды. Нақты айтсақ, түзде өткізген 16 ойынның жартысын ғана жеңе алса, екі ойында тең түсіп, алты матчта жеңілістің кермек дәмін татқан. Міне, ежелден келе жатқан, «Өз алаңыңда қабырға да көмектеседі» деген сөздің астарында жанкүйерлер меңзелсе керек. Жалпы, биыл Қазақстан жанкүйерлері несімен көзге түсті? Чемпиондар лигасы екінші іріктеу турнирінің аясындағы «Слован» – «Тобыл» матчын тікелей эфирден көрсетуге уәде етіп, көрермендерді түннің бір уағына дейін теледидардың алдына телміртіп қойғаны үшін қостанайлық футбол жанкүйерлері «Қазақстан» ұлттық теле-радио корпорациясының басшыларына бағыттап, баспасөз арқылы ашық хат та жазды. Онда жанкүйерлер «Слован» – «Тобыл» матчын көрсетеміз» деген уәделерін орындамағаны үшін кінәлілерді жазалауды сұрап, матчтың неліктен көрсетілмегеніне түсініктеме талап етті. Көп ұзамай «Қазақстан» ұлттық арнасы да жанкүйерлерге жауап жазды. Бұл жағдайдан бөлек, «Атырау» футбол клубының жанкүйерлері де команданың бір мүшесі ретінде өздерін жақсы көрсете білді. Нақты айтсақ, «Егер мен «Атырауда» жұмыс істесем, командада армян ұлтының өкілдері болмайды», – деп мәлімдеп, қорғаушы Тигран Карабахцянды ұжымнан аластатқан әзірбайжандық Рамиз Мамедовқа тыныш жұмыс істетпегенін әлі ұмыта қоймаған боларсыздар. «Қазақстанда 100-ден астам ұлттың өкілдері бір-бірімен тату тұрады. «Атырауға» да әр ұлттың өкілдері жанкүйер. Сондықтан ұлтына қарап, футболшының деңгейіне баға беруіңізді түсіне алмаймыз. Карабахцян алаңда өзін көрсете алмаса да, сіздің оны ұлтына бола командадан аластатқаныңыз дұрыс емес», – деп, енді ғана қызметіне кіріскен Мамедовты сабасына түсірген де – жанкүйерлер. Тіпті жанкүйерлеріміз Қазақстан футболының деңгейі жайында Елбасымыздың атына дейін хат жазған. Кейбір клубтардың жанкүйерлер ұйымдары өздерінің жеке сайттарын да ашып алған. Демек, елімізде жанкүйерлік жұмысы бірте-бірте дамып келе жатқан секілді. Дегенмен әлі де әлсіз деңгейде. Оның үстіне жанкүйер мен көрермен екеуі — екі бөлек ұғым. Ал бізде стадиондарға көрермендер, өкінішке қарай, өте аз жиналатынына көз жеткізіп жүрміз. Айта кетер жайт, бізде көрермендердің стадионға жиналу белсенділігі команданың өнер көрсетуіне байланысты секілді. Мәселен, бірінші айналымда Қарағандыда «Шахтердің» чемпион атанатынына сенгендер онша көп болған жоқ. Бірінші турдың қорытындысы бойынша кеншілердің өз алаңындағы ойындарға 26 500 адам жиналған (дегенмен бірінші айналымда «Шахтер» өз алаңындағы ойындардың басым бөлігін елордамыздың «Астана-Арена» стадионында өткізді). Екінші айналымда 34 000 көрермен жинаған Қарағандының «Орталық» стадионы ел біріншілігінің шешуші кезеңінде 47 150 көрермен жинапты. Ал бұл кезде «Шахтер» алтыннан үмітті командалардың бірегейі болатын. Осыған байланысты тағы бір мысалды келтірейік. Бірінші және екінші айналымда «Тобылдың» өз алаңындағы ойындарға, сәйкесінше 20 600 және 28 500 көрермен жиналған екен. Ал үздік алтылықтың қатарына ене алмағаннан кейін Қостанайда тұрғындардың футболға деген қызығушылығы күрт төмендеп, өз алаңындағы бес ойынды барлығы 11 мың адам стадионнан тамашалапты. Яғни әр матчқа орта есеппен 2200 көрерменнен жиналып отырған. Демек, жанкүйерлердің стадионға ағылуы команданың өнер көрсетуіне байланысты екеніне тағы бір рет көз жеткіздік. Егер команда керемет ойнаса, онда стадионға адам тарту үшін арнайы акцияның да қажеті жоқ. Мәселен, 19-турда Қарағандының «Шахтер» стадионының әкімшілігі матчқа көрермен тарту мақсатында бас жүлдеге автокөлік тігіп, арнайы акция ұйымдастырған. Нәтижесінде, «Шахтер» – «Тобыл» матчын тамашалау үшін стадионға 13 мың көрермен жиналған еді. Бірақ чемпиондықтың тағдырын шешуі тиіс соңғы турда футболшыларына демеу беру үшін 19 мыңға жуық көрерменнің келгенін білеміз. Сонымен, биыл ел чемпионатын стадионнан барлығы 741 100 көрермен тамашалаған. Яғни әр матчта орта есеппен 3860 көрерменнен отырған. Өкінішке қарай, былтырғы біріншілікке қарағанда 63 650 көрерменге аз. Дегенмен жекелеген матчтарды алар болсақ, көрсеткіш былтырғыға қарағанда тәуір екенін байқаймыз. Келер жылы көрсеткіштер бұдан да жақсарады деп үміттенеміз. Автор: Әзиз ЖұмаділБіздің серіктес: FONBET