«Қайрат» футбол клубы академиясының ойыншысы, жартылай қорғаушы Рамазан Оразов 17 жасқа дейінгі футболшылар бойынша (U-17) Әлем құрамасының сапына шақырылды. Бұл туралы бүгін «Қайрат» футбол клубының баспасөз қызметінен хабарлады.
Рамазан Оразов тағы бір қазақстандық жас талант - Қарағандының «Шахтер» командасының жас ойыншысы Оралған Өміртаев екеуі жыл сайын өткізіліп тұратын «Al-Kass International Cup-2015» турнирінде әлем елдерінің ойыншыларынан құралған «Aspire International» командасының сапында өнер көрсететін болады.
«Қазақстандық футболшылар 1998 жылы туған жас футболшылардан құралған командалар арасында өткен Қазақстан біріншілігінде жоғары дәрежеде өнер көрсеткендері үшін таңдап алынды. Қазақстанның жасөспірімдер командаларының жаттықтырушылары біріншілік барысында үздік ойыншыларға таңдау жүргізіп, балалар-жасөспірімдер футболы бөліміне өз нұсқалары бойынша символикалық құрама командада өнер көрсетуге лайық деп тапқан ойыншылардың тізімін беріп отырған. Рамазан Оразов пен Оралхан Өміртаев бұл тізімдерге басқаларға қарағанда жиі түскен»6 - делінген хабарламада.
«Бұл жаңалықты естігенде қуанышымда шек болмады. Мен Әлем құрамасына шақырылған алғашқы «қайраттық» ойыншы екенмін. Бұл мен үшін қол жетпес арман болатын. Бұл турнир мен үшін бірінші кезекте үлкен тәжірибе. Өйткені онда өзіммен жасты әлемнің ең үздік ойыншыларымен ойнаймын. Сондай-ақ, турнирде басқа клубтардың қалай жаттығатынын көретін боламын. Енді жақсы ойнау үшін бар күшімді саламын. Ал жаттықтырушыларым Алексей Игнатченко, Максим Шевченко және Константин Горовенкоға алғысымды білдіремін», - деді Рамазан Оразов.
Айта кетелік, турнир 2015 жылдың 5-15 ақпаны аралығында Катардың Доха қаласында өтеді.
Оған «Реал Мадрид» (Испания), ПСЖ (Франция), «Ювентус» (Италия), «Аякс» (Нидерланды), «Бока Хуниорс» (Аргентина), «Порто» (Португалия), «Манчестер Сити», «Ливерпуль» (Англия) командалары мен Жапония, Египет, БАӘ, Сауд Арабиясы және Катар секілді елдердің жасөспірімдер құрамасы қатысады деп күтілуде.