«Қайрат» УЕФА кубогына дайын ба?

14.04.2011, 16:51
«Қайрат» УЕФА кубогына дайын ба?
29 сәуір мен мамырдың 1-і аралығында Алматыда шағын футболдан УЕФА кубогының финалдық кезеңі өтеді. Оған мұның алдындағы кезеңдерде үздік шыққан төрт команда қатысады. Осы турнирге байланысты кеше «Қайрат» шағын футбол клубының президенті Қайрат Оразбеков журналистерге арнап баспасөз мәслихатын өткізген еді. УЕФА басшылары сеніп тапсырған бұл турнирді Қазақстан тарапы тұңғыш рет өткізгелі отыр. Оған Португалияның қос командасы «Бенфика» мен «Спортинг», Италияның «Монтесильваносы» және Алматының «Қайраты» қатысады. - Аздап қорқыныш бар. Бірақ командама сенемін. Осы турнирді жеңіп алуды мақсат қойып отырмыз. Өз жерімізде жанкүйерлердің алдында ұятты болмау үшін қолымыздан келгенді жасаймыз. Дегенмен «Бенфиканың» да, «Спортинг» пен «Монтесильваноның» да азулы командалар екенін естен шығармаған жөн, – деді Қайрат Оразбеков. Әлбетте, журналистерді «үздік төрттік» финалына «Қайраттың» дайындығы қызықтырмай қоймады. Оның үстіне, жақында ғана Норильск қаласында өткен «Норильск Гран-Приінде» алматылықтар үш ойын өткізіп, үшеуінде де жеңіліп қалды. Алайда мұның себебін клуб президенті былайша түсіндірді. – Норильскіге біздің футболшылар қатты шаршап барды. Өйткені жаттығу кезінде бас бапкер Карлос Жоао Барбоза ойыншыларды әбден жаттығу жұмыстарына салып, шаршатты. Мақсаты – шаршату арқылы футболшылардың физикалық жағдайын тексеру еді. Нәтижесінде, біраз футболшылардың физикалық жағдайы мәз болмай шықты. Деген­мен қазір барлығы қалыпқа келе бастады. Сондай-ақ егер УЕФА кубогының иегері атанған жағдайда футболшыларға сыйақы болатынын да жасырмады. – Негізі, біз сыйақының көлемін жариялауға тиісті емеспіз. Бірақ егер турнирді жеңген жағдайда демеушілер тарапы футболшыларды ренжітпейтінін айта кеткім келеді. Сөз соңында қосарымыз, Қайрат Оразбековпен болған сұхбатты алдағы уақытта оқитын боласыздар. Автор: Арсен Жанаділ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×