«Қайраттың» қайраты қайтты ма?

18.04.2011, 07:23
«Қайраттың» қайраты қайтты ма?

Қазақстан премьер-лигасының 7-тур ойындарының аясында алматылық «Қайрат» өз алаңында астананың «Локомотив» командасын қабылдады. Соңғы кездесулерде жеңіліс тауып жүрген клубтың бұл жолы айы оңынан туар деген едік. Бірақ алматылықтар бұл кездесу де де 3 гол жіберіп, жеңіліп қалды.

Ермұхамед МӘУЛЕН

«Ертіс» және «Тобыл» командаларымен күш сынасқан «Қайрат» осы екі ойында да өз қақпасына үш гол жіберіп, бірдей 1-3 есебімен жеңіліп қалған болатын. Бұл жолы команда ойынында алға жылжу сезілген тұс деп айтар болсақ, команда бұл жолы гол санын арттырды. Десе де 1-3 не, 2-3 не ешқандай айырмашылық жоқ секілді. Себебі нәтижеде аларымыз 0 ұпай. Ойын басталысымен өз мықтылығын танытып, алға ұмтылған «Локомотив» құрамындағы мықты ойыншыларының есебінен ойынды өз қолдарына алды. Ұлттық құрамада өнер көрсететін аяқдопшылары бар қонақтар Бугаев пен Богавац секілді легионерлерінің де септігімен көп жағдайда алаң иелерінен басым көрініп жатты. Қақпа маңынан белгіленген айып добын керемет орындай білген Нұрбол Жұмасқалиев ойынның есебін ашты. Бірінші таймның соңына қарай Таңат Нөсербаев есепті еселей түсті. Бірінші тайм аяқталған тұста «Қайраттың» жағдайы нашар еді. Жіберілген 2 гол және алаңнан қуылған жартылай қорғаушы Джорджевичтің орнын толтыру қиынның қиыны еді. Дегенмен, «Қайрат» оңай берілмеді. 2-кезең басталысымен бірден шабулға лап қойып, кеткен есені қайтарғысы келді. Стадионға жиналған жанкүйерлер де осыны қалаған еді. Алаңға шыққан Руслан Балтиев керемет пастарымен ойынға қан жүгіртті. «Қайрат» қақпасына гол соққан Нөсербаев Балтевтің орындауындағы айып добының нәтижесінде өз қақпасына доп соғып алды. Кірген голдан шабыт алған алаң иелері Сергей Струковтың шабуылынан есепті теңестірді. Екі бердей ойыншының арасынан әріптесіне пас берген ол нәтижелі шабуылдың бастамашысы болды. Допты тоғыздыққа шегедей қаққан Евгений Коструб еді. Жанкүйердің көңілі алып-ұшып, мәз-мәйрам болып жатқан тұста қонақтар су сепкендей басты. Сол қанатта ойын бойы ойқастаған Боговац қақпашымен бірге-бір шығып есепте қайтадан «Локомотивті» алға шығарды. Ойын соңына қарай үлкен күшпен қысқан «Қайрат» шабуылын тойтарамыз деген астаналық қорғаушы Михаил Рожков қызыл карточка алып, алаңнан қуылды. Ойыншылар саны теңескенімен, есеп теңесе қоймады. Владимир Никитенко, «Қайрат» футбол клубының бас бепкері: ­- Ойын өте тартысты өтті. Менің командам қолдан келгеннің барлығын жасады деп ойлаймын. 2-таймда өзіміздің күшімізге сенгендей болдық. Он адаммен жүріп теңестіріп кете жаздадық. - Неге Руслан Балтиев алғашқы минуттардан алаңға шықпады? - Оның күш-қуаты әзірге толықтай 90 минут ойнауға жетпейді. Кубоктағы кездесуде біршама ойнап, өз қалпына келсін деген едім. Оған артылар жүк көп. Сондықтан да Русланды 2-таймға қалдырып отырған едім. - Соңғы үш кездесуде 9 гол жібердіңіздер. Мүмкін қорғаушылардың ойынында бір ақау бар шығар? Қалай ойлайсыз? - Мен сол жіберілген голдардың барлығын қорғаушылардың қателігінен кірді деп ойламаймын. Қорғаушылар алдыңғы шептегі ойыншылардың қимылына тікелей тәуелді. Барлығын үйіп-төгіп олардың мойнына арта салуға болмайды. Футбол бұл командалық ойын. - 2-таймда алаңға шыққан Струковтың ойыны сізге ұнады ма? - Иә. Жағдай қиындап тұрған кезде оның тәжірибесі жақсы көмектесті. Ойыншыларды алға сүйреп, әлі ештеңе біте қойған жоқ дегендей күш сыйлады жігіттерге. Соның арқасында есепті теңестірдік. Қайта оның да аяғы жартылай жарақат еді. Холгер ФАХ, «Локомотив» командасының бас бапкері: - Шын мәнісінде жақсы кездесу өтті деп ойлаймыз. Алғашқы минуттарда басымдылыққа ие болып, алға шыққанымен, қарсылас дес бермей есепті теңестірді. Бірінші таймдағы біздің ойыншылардың көрсеткен ойынын өте керемет деп бағалаймын. Осы күндері менің ойымша оңай жеңіле салатын команда жоқ. Бұл Қазақстан футболының дамып келе жатқандығының бір көрінісі. - Екі гол соғып, есепте алға шықтыңыздар, қарсылас командадан бір ойыншы қуылып кетті. Осы жағдайлардан соң жеңіске жеттік деп ойлаған боларсыздар? - Футболда небір жағдай болатынын мен өз басым білемін. Және ойыншыларыма да соны ұқтыруға тырысамын. Дегенмен де, ойынның дәл осылай өрбитініне ешкім де сенбеген болар. - Сонда сіздер қиын тұстан ненің арқасында шықтық деп ойлайсыздар? - Ең алдымен командалық ойынның арқасында. Біз соңыгна дейін жағдайды түзейміз деп күрестік. Және еңбегіміз еш кеткен жоқ. Жылдам аяқты Боговацтың арқасында гол соқтық. «Қайрат» — «Локомотив» 2:3 (0:2) Голдар: Жұмасқалиев 18 (0:1), Нөсербаев 40 (0:2), Нөсербаев 56 — автогол (1:2), Коструб 72 (2:2), Богавац 84 Ескертулер: Джорджевич 29 — П. Алиев 55, Жумаскалиев 90 Алаңнан қуылғандар: Джорджевич 32 — Рожков 90 «Қайрат»: Цветков, Муминов, Воротников, Джорджевич, Горячий, Кирильчик, Коструб, Фомин (Струков 66), Головской (Балтиев 46), Байрамов, Христов (Сүймағамбетов 35) «Локомотив»: Эрич, Гурман, Нұрдәулетов, Рожков, Плиев (Даутов 44, Шомко 74), П. Алиев, Шахметов, Нөсербаев (Азовский 74), Жұмасқалиев, Богавац, Бугаев Төрешілер: Дүзмәмбетов (Өскемен), Богданов, Обрядов (екеуі де — Семей) 16 сәуір. Алматы. Орталық стадион. 2000 көрермен
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×