«Қайраттың» вице-капитаны клубта қалатынын мәлімдеді

06.11.2020, 02:45
Бұл қорғаушының «Қайрат» сапындағы екінші маусымы.
«Қайраттың» вице-капитаны клубта қалатынын мәлімдеді

"Қайраттың" сербиялық қорғаушысы Раде Дугалич "Спорт журналына" берген сұхбатында Қазақстан чемпионатындағы жеңісі туралы ойымен бөлісті, сонымен қатар өзінің мансабын алматылық клубта жалғастырғысы келетіндігі туралы айтты.

- Биылғы жыл бәріміз үшін қиын болды. Маусымның әрі қарай жалғасататынын білмедік, бірақ соңында бәрі ойдағыдай болып шықты. Коронавирус бізді жақындастырғанын мойындауым керек. Біз мақсатымызға жеттік. Мен өте бақыттымын. Маусымның аяқталуына үш тур қалғанда біз атақты лайықты түрде жеңіп алдық. Осы маусымда біз өткен жылы жасай алмаған нәрсені жасадық. Дәлірек айтсақ, басты бәсекелесіміз - "Астананы" екі рет жеңдік. Қазіргі команда құрамы клуб тарихына алтын әріптермен жазылатын болады. Мен әлі де болса өзіме келе алмай жатырмын, бірақ адреналин деңгейі төмендеген кезде бәрі түсінікті болады деп сенемін.

- Сіз осы жазда болған ұсыныстарға қарамастан, "Қайратта" қалу туралы шешім қабылдадыңыз. Бұл керемет қадам болған сияқты.

- Шындығында, Батыстан ұсыныстар болды, бірақ мен осы клубқа келгеннен кейін титул Алматыға оралғанша кетпейтінімді айттым. Мен клуб басшыларымен сөйлесіп, коронавирустың салдарынан болып жатқан барлық жағдайларға қарамастан қалғым келетінін айттым. Олар менің қалғым келетінін білді. Мен керемет қадам жасадым, өйткені бұл шынымен сипаттауға келмейтін сезім. Мен "Тосномен" Ресей кубогын жеңіп алдым, бірақ бұл одан да керемет болды.

- Алдағы жоспарларыңыз қандай? Келесі маусымда Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығу үшін "Қайратта" қаласыз ба?

- Мен ешқайда асыққым келмейді. Маусымның аяқталуына үш тур қалды. Біз чемпиондық атақты жеңіп алдық, бірақ бұл бізге чемпионаттың соңына дейін жеңісті серияны жалғастыруға кедергі болмайды. Маусым аяқталғаннан кейін мен клубтағы адамдармен тағы да сөйлесіп, біз үшін қай нұсқа жақсы болатынын көреміз. Мен қалғым келеді, бірақ маған көп нәрсе байланысты емес.

Еске салайық, бұған дейін "Қайраттың" президенті Қайрат Боранбаев клуб команданың вице-капитаны Дугаличпен келісімшартты ұзартатынын айтқан болатын. "Қайрат" ҚПЛ-дің 17-турында "Ордабасыны" жеңгеннен кейін ел чемпионы атанды. Соңғы рет алматылық клуб бұл атақты 2004 жылы жеңіп алған еді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×